Қарағанды облысында жасанды интеллект денсаулық сақтау, білім беру, көлік және жолдарда қолданылады. Өңірдегі ЖИ дамуы туралы аппараттық кеңесте ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий баяндады.
– Жасанды интеллект технологиясы Қарағанды облысында 2019 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында қолданылады. 49 медициналық ұйымда медициналық рентген кескіні оқу үшін жасанды интеллектті қосу арқылы зерттеулерді түсіндіру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін PACS жүйесі енгізілді. Осы цифрлық жоба жұмыс істеп тұрған бес жылда 2 млн 765 мыңнан астам радиологиялық зерттеулер жүргізілді, – деп атап өтті спикер.
1 шілдеден бастап Қарағанды мен Теміртауда 22 жаңа «Жаяу жүргінші» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. Кешен жаяу жүргіншілер өткелінің аймағын бекітеді, аймақтарға бөледі. Осы аймақта жаяу жүргінші мен автокөлік пайда болған кезде оқиға карточкасы қалыптастырылады. Осылайша, жүргізушіге келетін айыппұлға бұзушылықтың бейнесі де қоса беріледі.
Компьютерлік көрудің ұқсас технологиясы қалалық жол жамылғысын бақылау жүйесінде де қолданылады. Бақылау камералары арқылы жолдардағы шұңқырлар анықталады. Бейне деректер ағыны патрульдік қызметтерден, жедел жәрдем көліктерінен келеді. Әрі қарай, ақпарат коммуналдық қызметтерге нақты уақыт режимінде жолдарды бақылауға мүмкіндік беретін картаға шығарылады. Жоба пилоттық режимде іске қосылды.
Биылғы жылы қалалық әкімдік жолдардағы кептелістермен күресу үшін «Ақылды бағдаршамдар» жобасын іске асыруды бастайды. Жаңа жүйе көлік ағынының қарқындылығын ескере отырып, қиылыстардағы қозғалысты реттейді. Мұндай тәжірибе Алматыда қолданылуда.
1 қыркүйектен бастап облыс мектептерінде жеке басын биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарлануда. Адамның алақаны идентификатор ретінде қолданылады. Бұл жүйенің көмегімен оқушылар мектепке кіре алады, асханадағы түскі асқа ақы төлей алады және электронды кітапхананы пайдалана алады. Ата-аналар мобильді қосымшаны қолдана отырып, баласының мектеп ғимаратына кіруі және шығуы туралы хабарлама алады, сонымен қатар асханадағы тамақтануды реттей алады.
2024 жылы жобамен 132 мектепті, ал 2025 жылы тағы 268 мектепті қамтып, жобаның орындалуын 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлады Константин Ильницкий.
«Террикон алқабы» ІТ-хабы жасанды интеллект бойынша мамандар даярлайды. Оқыту хаб ғимаратында да, облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде де өтеді. Сонымен қатар, «Жасанды интеллект технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау Қарағанды индустриалды университетінде жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселеде қауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуді тапсырды.
– Облыста жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып бірнеше жоба жүзеге асырылды. Алғашқы нәтижелер бар. Бірақ болашақта жасанды интеллекттің дамуы жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Азаматтарымыздың құпия деректері ашылып кетпеуі үшін барлық тәуекелдерді ескеру қажет. Мұны жүзеге асырып жатқан компаниялармен жасалған шарттарда барлығы нақты көрсетілуі тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.