Қарағанды облысында жыл соңына дейін 1000 адам қысқа мерзімді курстарда білім ала алады. Қазірдің өзінде 200-ден астам адам өтінім тапсырған.
Олар газ маманы, токарь, электрик, кондитер, сайт жасаушы, бейнемонтажер, мобилограф, тігінші, аспаз, шаштараз және СММ мамандықтарын меңгереді.
Облыс тұрғындарын жұмысқа орналастыру бойынша жаңа жобалар жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова айтып берді.
– 25 маусымнан бастап Jumys Tap пилоттық жобасы іске қосылды. Ол ресми тіркелген және тіркелмеген жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды, студенттерді, зейнеткерлерді, қосымша кәсіп игеруге немесе жұмыс орнын ауыстыруға ниет білдірген азаматтарды жұмысқа орналастыруға және оқытуға бағытталған, – дейді Әсем Жүніспекова. – Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға 247 адам жазылды. Жыл соңына дейін біз мың адамды оқытуды жоспарлап отырмыз.
Оқыту колледждер мен комьюнити-орталықтарда өтеді. Курстарға сауда орталықтары мен базарларда орналасқан консультациялық пункттерге хабарласу арқылы жазыла аласыз. Олардың үшеуі Қарағандыда («Таир», «Умай» СО, «Ёжик» супермаркеті (Пришахтинск) және біреуі Теміртауда (н 6-шы ш.а. базар) орналасқан. Қысқа консультациялар үшін 60-50-50 нөмірі бойынша байланыс орталығы іске қосылды. Консультациялық пункттер мен кол-орталық 10:00-ден 19:00-ге дейін, түскі үзіліссіз жұмыс істейді. Демалыс күндері- жексенбі және дүйсенбі. Ақпараттық қолдау үшін бос жұмыс орындар мен мамандықтар тізімі бар Telegram арна іске қосылды. Қаладағы кәсіпорындар, сондай-ақ шағын және орта бизнес ұйымдары өзіне керек мамандарға сұраныс бере алады.
– Мансаптық орталықтарда ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға ғана әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ал Jumys Tap жобасы аясында мәртебесіне, жасына және тіркеудің бар-жоғына қарамастан, оқытып, жұмысқа орналасуға жәрдемдесе аламыз, – деп атап өтті спикер. – Бұдан басқа, облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен оларға күтім жасаушы адамдар үшін «Террикон алқабы» (Алалыкин көшесі, 12) базасында IT саласындағы мамандықтарды оқыту бойынша жаңа жоба іске асырылуда.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 2000-нан астам бос жұмыс орны бар. Олармен Еnbek.kz электрондық платформасында танысуға болады, Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес жыл соңына дейін 51 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.