2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу керек. Үкіметтің ақпанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ осылай деді. Ал былтыр экономика 5,1 пайызға өсті. Бұл өсімді сақтап, арттыруға елде толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ Қарағанды облысы да экономикаға елеулі үлес қосып отыр.
«Өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды. Себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ, макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өтемаңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек», – деді Президент.
Ел экономикасын еселеуде Қарағанды облысының да үлесі қомақты. Мәселен, өткен жылы облыстың өнеркәсіп саласында 3,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Облыстық өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайырдың айтуынша, былтыр облыста соны стратегиялар мен тиімді технологиялық шешімдерді іске асыруға ерекше назар аударылып, соның нәтижесінде облыс республика өңірлері арасында алдыңғы орынға шықты.
Қазір облыстағы өнеркәсіп секторында 1200-ге жуық кәсіпорын бар. Олардың 38-і – ірі, 65-і – орта және мыңнан астамы шағын кәсіпкерлік субъектілері қатарына жатады. Аталған кәсіпорындар былтыр 3,5 трлн теңгенің өнімін шығарды. Бұл облыста өндірілген өнімнің жартысынан асады. Ал өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 75 пайызға жетті. Әсіресе, экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жұмыстар жемісін берді. Яғни, машина жасау – 43 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 24 пайызға, фармацевтика – 9 пайызға, құрылыс – 8 пайызға және қара металлургия 2 пайызға ұлғайды.
Биыл да саладағы өсімді қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, өнеркәсіптік өндірісті 2,1 пайызға арттырып, 3,7 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығару жоспарланып отыр. Оның ішінде, өңдеу секторындағы өсім, 2,5 пайызды құрап, 2,8 трлн теңге болады деп күтіледі. Сонымен қатар инвестиция тартуға да айрықша көңіл бөлінді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 12,2 пайыз өсіммен 854,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестициялар көлемі 734 млрд теңгеден артты. Жаңа өндірісті іске қосуға келетін болсақ, 2023 жылы 138 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жобалар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында, РТБ өнеркәсіптік алаңында, Балқаш және Саран қалаларында Абай, Нұра, Осакаров және Қарқаралы аудандарында іске қосылды. Ауқымды жобаларға тоқталып кетсек, Осакаров ауданында жоғары сапалы әк шығаратын зауыт іске қосылды. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрдтеңгені құрап, 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Жаңа зауыт қара және түсті металлургия мен шыны өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындардың сұранысын өтейтін болады. Сондай-ақ, зауыт өнімдерін жылу электр станцияларының түтін газдарын тазарту үшін пайдалану жоспарлануда. Бұл ауа мен қоршаған ортаның ластану мәселелерін оңтайлы шешеді, – дейді облыстық өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.
Өңірдегі тағы ерекше серпінді жобалардың бірі – Нұра ауданындағы арнайы кокс өндіретін зауыт. Бұл зауыт жылына 400 мың тонна кокс көмірін шығарады. Сонымен қатар бір жылда Шұбаркөл көмірінен 70 мың тоннадан астам шайыры мен мұнай алынады.
Жаңа кәсіпорын өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық үрдістер қолданылады. Яғни пайдаланылатын барлық су ресурстары мен ластанған ағынды сулар тазартылып, қайта қолданылады.
Ал Балқашта селен өндіретін цех ашылды. Селен сирек металдар қатарына жатады. Мемлекет басшысы сирек металдарды «жаңа мұнай» деп бағалап, бұл саланы дамытуды тапсырғаны белгілі. Аталған жобаның маңайдағы елдерде баламасы жоқ. Кәсіпорын жылына 75 тоннаға дейін таза селен алады.
Өңірде тоқтап қалған өндіріс ошақтарын қайта қолға алынып жатыр. Мәселен, Сарандағы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының базасында тұрғызылған кәсіпорындар атағы алыс-жақын шетелдерге тарап отыр. Бұрынғы зауыт орнында өнеркәсіптік алаңдар кешені құрылып жатыр. Солардың бірі – «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауытының құрылысы. Былтыр қараша айында тұрмыстық техника шығаратын 7 өндірістік желі іске қосылды. Соның арқасында 1200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Зауыт жылына 1 млн-нан астам өнім шығарады. Өнімдер қатарында теледидар, шаңсорғыш, микротолқынды пеш, ас үйге арналған сорғыш, су жылытқыш және кір жуғыш машина сынды бұйымдар бар.
Биыл жалпы құны 247 млрд теңгеден асатын 10 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Жаңа өндіріс ошақтарында 3,5 мың жұмыс орны құрылады. Катодты мыс, ферросиликоалюминий, жел электр мұнаралары, жүк көліктері, түзу тігісті болат құбырлар, темірбетон бұйымдары, мырышталған металдан жасалған бұйымдар өндірісі жолға қойылады.
Аймақта арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Бұл аймақтарда индустриалды-инновациялық инфрақұрылым элементтерінің бірі «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында қазіргі күні 20 кәсіпорын тіркелген. Мұнда инвесторларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында 11 жоба іске қосылды. 160 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал өндірілген өнім көлемі 183,3 млрд теңгені еңсерді. Жаңадан 1114 жұмыс орны ашылды.
Былтыр жалпы құны 10,5 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 150 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылу үстінде. Оның ішінде 2 жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бұлар – «Қарағанды Power Silicon» алюминий ферросилиций өндірісі және «Power Blast» жарылғыш заттарды өндіру зауыты.
«Саран» индустриялық аймағына 333,4 млрд теңге инвестиция құйылды. Кәсіпорындар 183 млрд теңге өнім өндірді. 4 600 жаңа жұмыс орны құрылды. Индустриялық алаңда барлығы 7 жоба жұмыс істейді. Оның ішінде 3 жоба іске асырылды, 4 жоба құрылыс сатысында. Биыл тағы 3 жоба іске қосылады. Бұлар – «ТЕМПО Қазақстан» түзу тігісті болат құбырлар өндірісі, «SaranTrucks» жүк көліктерін шығару кәсіпорны және металл бұйымдарды ыстық мырыштау зауытының құрылысы, – дейді Дарын Бұлқайыр.
Биыл да инвестиция тартуға баса назар аударылуда. Басқарма басшысының айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,5 пайызға өсіп, 910 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар.
Манас АҚСАРЫ