Жер-судың аты – тарихтың хаты

Қарағанды облысында қала, аудан, ауылдарға тарихи атаулары қайтарылып жатқанымен, әлі күнге дейін мәңгілікке кеткен Кеңес Одағы уақытында берілген Осакаровка, Приозерск, Красная поляна, Южный атаулары сол қалпында тұр. Ал бұдан екі жыл бұрын Осакаровка ауданының атауы Сарыбел деп өзгеріп, Астанаға бекітуге жіберілген болатын. Әзір ол жақтан хабар жоқ.

– Бәрін бір күнде өзгертіп тастау мүмкін емес. Жұмыс жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда ономастика саласын тәртіпке келтіру керек деді. Сол тапсырма негізінде арнайы Жол картасы әзірленді. Ономастика құжаттарына біршама өзгерістер енгізілді.

Тарихи тұлғалар тізімін толықтыру, елдімекендерге, көшелерге ат беру мәселесінде атқарылатын шаруа әлі де көп,  – дейді Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова.

Айта кету керек, «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасына сәйкес Қарағанды облысында  2022 жылы: 2 әкімшілік-аумақтық бірлік, 64 көше атауы, 2023 жылы 8 әкімшілік-аумақтық бірлік, 97 көше атауы өзгертілген.

– Биыл  қайта өзектендірілген «Қарағанды облысының ономастика саласы бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасына» сәйкес 8 елдімекен мен 98 құрамдас бөлік атауын қайта атау жоспарланып отыр. Қайта атау жоспарланып отырған елдімекендер Нұра, Бұқар жырау, Осакаров, Абай аудандарына тиесілі.  Ал жоспарланған 98 құрамдас бөліктің 50-і  Қарағанды қаласында болса, қалған 48 облыс аумағындағы аудан, қалалардың көшелері.

Әлі де болса идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар көптеп кездесетін Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалалары мен Бұқар жырау, Осакаров аудандарындағы қайта атау мәселесі кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асатын болады.  Бұл жерлерде кез-келген атау өзгерту жұмыстарын тұрғындар қолдай бермейді.

Сол себепті тұрғындар арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізгеннен кейін ғана нақты шаралар іске асырылатын болады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта атауларды ауыстырар кезде арнайы Республикалық ономастикалық комиссия бекітетін өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері,  өзгерістер мен толықтырулар енгізілген ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын Әдістемелік ұсынымдар басшылыққа алынады, – дейді Салтанат Мірәсілқызы.

Бір уақыттарда көше атауларына ауыл әкімінің әкесінің атаулары да беріліген күндер болған еді. Ол енді қайталанбайды.

– Қазір елді-мекендерге кісі есімін беру тоқтады. Көшелерге берілуі мүмкін, Оның өзінде де тарихи тұлғалар тізімінде  болуы шарт. Әр үш жыл сайын тарихи тұлғалар тізімі жаңартылып отырады. Жалпы алғанда, бүгінгі күндегі  тізімде 697 тұлға есімі бар. Оның 463-і республикалық деңгейде, 234-і өңірлік деңгейде ұлықталатын тұлғалар.

Көше атауларына  осы тұлғалардың есімін ғана бере аламыз. Мысалы, білім басқармасынан мектепке атау беру керек деген ұсыныс түссе, біз оны «тарихи тұлғалар тізімінде бар ма?» деп қараймыз. Егер тізімде болса ұсынылған адамның атын беруге болады. Біз соны қабылдап, республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс жібереміз.

Ал егер тарихи тұлғалар тізімінде болмаса, 2027 жылға дейін тосады. Сол уақытта тізімге енсе, атау беріледі, –  деп толықтырды Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының  қызметкері Гаухар Несіпханқызы.

Қазақ жері ұлы тұлғаларға бай болғандықтан кезек-кезегімен тізім құрылып отырады. Қай тарихи тұлғаға есімі көп берілгендігі туралы  анализ жасалады. «Біз оны қайталап бере бере бермейміз ғой. Мысалы, ұлы Абайдың есімі біздің облыста ғана кітапхана, көше, даңғыл, мектепке 98 рет берілген екен.

Сол сияқты Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев  аты да кезінде көп дәріптелді. Тәттімбет, Қазыбек би аттары 5-10 рет қана берілген. Сондықтан осы жағында реттеп отырмыз», –  дейді басқарма басшысы.

Әрине, ауыл атауы тектен-тек беріле салмайды. Оған зерделеу, мұқият тарихты шолып шығу керек.

– Тарихи топонимдерге ерекше көңіл аудару бүгінгі күнгі еліміздегі ономастикалық ізденістерге деген сұраныстан туындап отыр.Топонимикалық атаулардың пайда болу тарихын анықтау бір жағынан Отандық тарихымызды танып-білуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан өлке тарихын да жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туғызады. Географиялық атаулардың жиынтығын топонимия деп атайды. Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары – топонимдері арқылы көрініс табады.

Жер-судың аты – тарихтың  хаты. Топонимикалық атаулар тарихын зерттеп, олардың нақты кеңiстiктегi орындарын анықтау ғылыми тұрғыдан алғанда жаңа тың дерек көздерiн ашып, олармен жұмыс iстеудiң әдiстерiн жетiлдiрiп, тарихтың ақтаңдағын азайтуға тiкелей септiгi тиедi. Бұл мәселенiң маңыздылығы – топонимикалық зерттеу, – дейді  тарихшы,  Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Темірғали Аршабеков.

Кезінде өз туыстарының атын беру белең алып кеткен болатын. Мәселе де осы кезде туындады. Әркім өз туғанына көше атын бергенін қалай бастады. Ол үрдіс аяқталды ма?

–  Өйткені ол уақытта ономастика комиссиясы әр ауданда болды. Қазір аудандық ономастика комиссиясы жоқ. Қазір аудандарға қарасты ауылдардың, ауылдағы көшелердің атауын өзгерту облыстық комиссияда  қаралады. Ал үлкен қалалар мен аудан атауы біз республикалық комиссиямен келісе отырып солардың шешімімен жүзеге асырамыз, – дейді Гаухар Несіпханқызы .

Ал басқарма басшысының айтуынша бүгінгі күні облыстық ономастика комиссиясының кейбір функцияларын республикалық ономастика комиссиясының құзырына беру туралы жұмыстар жүргізілген. Алдағы уақытта ауылдар мен елдімекендерге, көшелерге атау беру республикалық комиссия келісімімен жүзеге асырылатын болады. Жұмыс тобы мүшелері еліміздің белгілі институттарының ғалымдарымен бірлесіп, сондай-ақ, орталық мемлекеттік архив мекемесімен қолданыстағы тарихи тұлғалардың тізімін, жер-су атауларын жаңадан пысықтайды. Жұмыс тобы мүшелерінің тарапынан қолданыстағы тарихи тұлғалар тізімін өзектендіру барысында кеңес дәуірі кезіндегі тарихи есімдер қайта қаралған.

Қарағанды облысында соңғы 10 жылда 28 елді мекен мен олардың құрамына кіретін 800-ден астам бөлімдер мен көшелердің, 76 мекеменің аты ауыстырылған.
Дегенмен Қарағанды облысында атауы әлі өзгермеген аудан мен көшелер жеткілікті. Мысалы,  1940 жылы құрылған, аумағы 11,2 мың шаршы шақырымды алып жатқан, 31 мыңнан астам тұрғыны бар Осакаров ауданы. Бұдан екі жыл бұрын Осакаровка ауданының атауы Сарыбел деп өзгеріп, Астанаға бекітуге жіберілген болатын. Әзір ол жақтан хабар жоқ.

Орталығы да Осакаровка деп аталады.  Қарағанды қаласына қарасты Әлихан Бө­кей­хан ауданындағы Пришахтинск, Балқаш жақтағы Приозерск қаласы да осы қатарда.

Шет ауданына қарасты Красная Поляна ауылының да атауы екіұшты болып тұр. Өйткені, ауылдың байырғы тұрғындары атаудың өзгергеніне қарсы.

«Айта кету керек, қазір Шет ауданы әкіміне, облыс әкіміне, бізге, яғни тілдерді дамыту басқармасына ауыл тұрғындарынан хаттар келуде. Біреулері қарсы, енді бірі Деріпсалы батыр аты берілсе десе, үшіншісі  Жәңгір төре ауылы дегенді құптайды. Қазір қаралып жатыр. Комиссия мүшелері жұмыс істеуде. Тарихшылар, өлкетанушылар да бұл атаулардың қайсы дұрыс екендігін анықтауда», – дейді Гаухар Несіпханқызы.

Жақында редакцияға оқырманымыз хабарласты. «Біздің кент қазір «Южный» аталады. Абай ауданына қарайды. Дегенмен біз елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа байланысты, өз пікірімізді білдіргіміз келеді. Көрші ауылдардың көбі тарихи атауына ие болды. Бізде кент атауы «Кәмен би» атымен аталғанын қалаймыз», – дейді «Южный» кентінің тұрғыны Сәрсенбек Мәжікенұлы.

Осы сауалды Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қызметкері Гаухар Несіпханқызына тапсырған едік. Берілген жауапты да қоса кетттік. «Әрине, ауылдың атауы бірден қойыла салмайды. Ол кісі кім?

Кәмен бидің ол ауылға қандай қатысы бар? Осыны зерттеп, тарихи құжаттармен нақтылап, ауыл тұрғындары хат жазып, аудан әкіміне өтініш тастауы керек. Әзірге бұл кент атауы өзгереді деп айта алмаймын. Өйткені,

«Қарағанды облысының ономастика саласы бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасына» енбеген».

Иә, 2014 жылдан бері облыс аумағында 28 елдімекен, 851 құрамдас бөліктің 76 мекенінің аты ауыстырылды. Жылдар бойы мызғымай тұрған Октябрь ауданына саяси көшбасшымыз Әлихан Бөкейханның есімі, Лениннің көшесіне Абайдың, Кривогуз көшесіне Қасымның есімі берілді. Қалған атаулар алдағы уақыт еншісінде.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *