20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан металлургтері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бірақ, биыл алғаш рет отандық өнеркәсіптің ірі және жетекші салаларының бірі ретіндегі металлургия өнеркәсібінің өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Болат мінезді мамандық иелеріне мемлекет тарапынан дәл осындай ерекше назардың болуы – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңбек адамы – ел байлығы» деген сөзінің айқын көрінісі.
Еңбек адамы туралы сөз қозғағанда, ойға Qarmet металлургия комбинатының ардагері Александр Берг келеді. Еңбек жолын 1956 жылы Қазақ металлургия зауытының электроцехында электрослесарь болып бастаған ол, металлург мамандығының барлық сатыларынан өтті. Ал, зейнетке шығар алдында сұрыптау-илемдеу өндірісінің өндірістік бөлімін басқарды. Комбинаттағы жас мамандарға әрі ақылшы, әрі ұстаз бола білген ардагер бейнеті мен зейнеті қатар жүретін металлургия саласының талай үздік маманын да тәрбиелеп шығарды.
Әке ізін жалғаған ұлдары Алексей мен Андрей де жоғары техникалық оқу орнын «Қара металдар металлургиясы» мамандығы бойынша бітірді. Жас мамандар еш ойланбастан институттан кейін бірінші мартен цехына жұмысқа келіп, комбинатта еңбек жолдарын бастады.
Қазір Алексей Ыстық мырыштау және алюминдеу цехының бастығы болса, Андрей Болат департаментінің өндіріс жөніндегі директоры. Металлургтер әулетінің жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатынын ерекше атау керек.
Сондықтан, мемлекеттік наградаға лайық деп танылған «Qarmet» акционерлік қоғамы, «Kazakhmys Smelting», «Сары Қазына», «Коунрад» мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің 49 еңбеккері қатарында Александр Бергтің де болуы – заңды. Бұл – күш-жігермен қатар, мінездің қайраттылығын да қажет ететін металлург мамандығына деген ерекше құрметтің белгісі. Бұл – еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін ұғынған «еңбек адамына» деген лайқыты марапат екені сөзсіз.
Қиын да абыройлы мамандықтың абыройын асқақтатқан еңбеккерлердің сегізі «Құрмет» орденімен, 14 адам ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Ал жиырма металлург «Ерен еңбегі үшін» медалімен, жетеуі Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қарағанды облысы «болаттан бұлақ ағызған» металлургтерге кенде емес. Әсте, жалында жанылған жандардың еңбегін мойындап, Мемлекет басшысының Жарлығымен отандық металлургия саласындағы жемісті еңбегі, елдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін берілген мемлекеттік наградалар сол жандардың ерен еңбегін мойындау болмақ.
– Біздің аймақ Қазақстанның тау-кен металлургиялық астанасы болып саналады. Бұл сала қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбегі зор, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауда Мемлекет басшысының атынан наградаларды табыстау сәтінде.
«Құрмет» орденінің иегері Владимир Филиппов комбинатта жарты ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ол қазір жоспарлау және жедел басқару жөніндегі директор.
– Мектептен кейін әкем мені комбинатқа алып келді. Ал, үш жыл әскери борышымды өтегеннен кейін комбинатқа қайта оралдым. Әуелде, үздіксіз өңдеу қондырғыларын басқару постының операторы ретінде қабылдандым. Оқудан да қол үзбедім. Жұмыс жасай жүріп, университеттің кешкі бөлімінде оқыдым, – дейді Владимир Филиппов.
Өмірін металлургия саласымен байланыстырып, қиындықтан қашпаған, болаттай шыңдалған еңбек адамдарына қарап, Ермағанбет Қабдулаұлының «Теміртаудағы әр отбасы, әр тұрғын Қазақстан Магниткасының дамуына өз үлесін қосып келеді» деген сөзінің рас екеніне көзің жеткендей болады.
Қаланың «Теміртау» аталуының өзі дәл осы жерде Қазақстанның қара металлургиясының пайда болғаны жайлы тарихи фактіні растайды емес пе?!
Ресми мәліметтер металлургия өндірісінде 100 мыңға жуық адам еңбек ететінін көрсетеді. Осындай болат мінезді адамдардың арқасында металлургия еліміздің ірі әрі жетекші салаларының бірі.
Одан бөлек, Қазақстан тау-кен өнеркәсібі саласындағы жетекші 15 елдің қатарына кіреді. Бүгінде елімізде түстіметаллургияда өркендеп, қанатын кеңге жайып келеді. Бұл халықаралық нарыққа мыс, алюминий, мырыш, қорғасын сияқты түрлі металдарды экспорттауға мүмкіндік беріп отыр.
Манас АҚСАРЫ