Отбасылық соттар туралы бірер сөз

Қашан да адам құқығы мен бостандығының кепілі – сот әділдігі. Айыпкер кінәлі ме, кінәсіз бе, соңғы сөзін айтып, нүкте қоятын, шағымданушының арызын тергеу елегінен өткізіп, кесім шығаратын сот екенін қоғам ұғынғандай. Мен бұл жерде бір-ақ мәселеге – сотты мамандандыру мәселесіне тоқталғым кеп отыр.

Елімізде сот жүйесінің жұмысына жасалған талдау нәтижесі (соңғы 5 жылда) соттарды мамандандыру мәселесін практикаға енгізу бағытының қажеттігін көрсетті. Сот жүйесін мамандандырмай, судьялардан терең біліктілікті талап ету жөнсіз-ақ. Соттарды мамандандыру – әділ шешім шығарудың кепілі. Осыдан алғанда, кәсіби шеберлігін шыңдаған, белгілі бір салаға маманданған судьяның билік айту деңгейі де, мәртебесі де өзгелерден биік болары сөзсіз.

Бір анығы мамандандырылған соттардың қызметі – істерді әділ шешуге, жергілікті соттардың жұмысын жеңілдетуге және азаматтардың сот қызметіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүкіл мемлекеттілікті қалыптастыруда сот билігін дамытудың рөлі дау жоқ, орасан зор. Сондықтан, заң ғылымының кезек күттірмес мәселелерінің бірі – сот құрылымы, сотта іс жүргізу, әділ сот ісінің тәжірибелік өзекті мәселелерін зерттеу десек, артық кетпейміз. Осы орайда біз сотты мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде оның құқық бұзушылық істерді қарайтын мамандандырылған отбасылық соттардың мәнін ашып қаузауды жөн көреміз.

Жоғарғы Сотының Төрағасы боп тұрған кезде Жақып Асанов азаматтық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарды отбасылық соттарға айналдыруды ұсынып: «Қазақстанның 51 сотында 107 судья «Отбасын сақтап қалуға және құқықтық мәселелерді шешуге көмектесетін барлық жағдайды жасайтын» жобаға қатысады. Біз бұл мәселені жақын айларда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге қарастыратын шығармыз. Бұл нұсқа осы мамандандырылған жергілікті соттарды отбасылық сотқа айналдыру үшін қарастырылуда», – дегені белгілі.

Біз де қазіргі сот жүйесіндегі айрықша жаңа құбылыс – мамандандырылған отбасылық соттарды заман талабы, уақыт нақышна сай қалыптастырудың өзекті тұстарын етене сөз еткіміз келеді. (Ескертерлігі, бүгінде отбасылық емес, кәмелетке толмағандар соттары аталады, бірақ біз әуелгісіндей «отбасылық сот» деген тіркесті әдейі қолданып отырмыз).Ол үшін Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі отбасылық соттардың орны мен рөлін, оларды құрудың қажеттілігі кезек күттірмейтін іс екендігін анықтау болып отыр. Атап айтсақ, азаматтық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері бойынша соттар негізінде отбасылық соттарды дамытудың келелі жолдарын айқындау. Отбасылық соттар өндірісін әділ соттылықтың дербес нысаны ретінде тану маңызды процессуалдық институтты реттейтін заңнамаларды тудырып, дамытудың қажет екендігін білдіреді. Отбасылық сот өндірісін қаралатын істерді құқықтық нормаларға негіздей отырып қарау деп түсінген ләзім. Отбасылық соттардың заңдық құзырына мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін кез-келген әрекеттерін (әрекетсіздігін) дау айтылған жағдайда қарау жатады. Бақылаушы органдардың көптеген тексерістері, азаматтар мен заңды тұлғалардың, заңды өкілдердің мүдделерін және құқықтарын, кәмелетке толмағандардың құқықтар мен бостандықтарын қозғайтын мәселелер сот талқылауының негізгі арқауы мен мәні болуға тиіс. Анығы, заңдармен қамтамасыз етілген отбасылық соттардың құрылуы мен оның қалыпты жұмыс істеуі қарастырылар істердің жедел, сапалы қаралуын және сот шешімдерінің әділдігін қамтамасыз етуді үстей түседі.

Басты мәселе – отбасылық  соттарды жүйелі түрде немесе кезең-кезеңімен енгізу. Мамандандырылған құрамдар құру, олардың жұмыс тәжірибесін зерттеп ерекшеліктерін анықтау алдағы міндеттерді құрайды. Соттың дербес бір түрі ретіндегі отбасылық сотқа мамандындырылған құрамдарды енгізу қажеттілігі, соған сәйкес заң жобасын жасау күн тәртібіндегі келелі мәселеге айналып отыр.

Алдымен отбасылық сот мәселелерін қазіргі отбасы дағдарыстарын сөз ету арқылы психологтар, мұғалімдер, ювенальдық соттың судьялары және отбасылық қатынастар және гендерлік саясат саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдері талқыдан өткізуі тиіс. Бұл мәслелердің өзектілігін Қазақстандағы отбасылардың жағдайы туралы статистика айқын көрсетіп отыр: елдегі әрбір үшінші неке бұзылады екен. Мәселен,«Келешек» психологиялық орталығының директоры,Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Наталья Семененко ажырасудың орын алуы себептерін — объективті және субъективті деп екі топқа бөледі. Ол, алдымен, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді атап өтеді: урбанизация және әйелдердің эмманипациясы. Ажырасудың субъективті себептері: неке адалдығын бұзу, маскүнемдік,нашақорлық және ерлі-зайыптылардың біреуіне тәуелділіктің басқа түрлері, отбасындағы билік үшін күрес. Сонымен қатар ата-аналардың жас отбасы өміріне араласуы, зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың некеге тұруға психологиялық тұрғыдан келмеуі, немесе ерлі-зайыптылар үшін некеге отырғанда психологдардың алдын көрмеуі, қаржылық және тұрғын үй мәселелері, некеге мәжбүрлеу, т.б.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттың судьясы Динара Макарина: «Қазіргі уақытта Алматы аудандық сотының базасында отбасылық сот құру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Болашақта барлық отбасылық соттар ювеналды соттардың негізінде құрылады деп жоспарлануда. Біздің сот балалардың құқығын қорғайды, ал отбасылық сот жалпы отбасын қорғайды. Әрқайсымыз әрқашан есте сақтауымыз керек, бұл ең маңызды құндылық – отбасы. Біздің балаларымызда біз өмірге, отбасы мен жақын адамдарымызға деген дұрыс көзқарас қалыптастыруымыз керек », — дейді.

Қоғамның қазіргі даму тұжырымдары сот жүйесімен ұштасуын талап етеді. Отбасылық мәселелердің бірегейлігі, міндеттілігі және жалпыға ортақтығы сот жүйесінің қағидатын жаңаша қалыптастыруды керек етеді. Кәмелетке толмағандардың, әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын  қорғау қоғидаттары оның алғышарттарымен күресуге, оның дамуына икемделуі керек. Кедергісіз дамуға бағытталған отбасы құқығын қорғау мүдделері арасындағы қайшылықтарды отбасының үйлесім-гормониясының пайдасына шешілуі тиіс. Отбасы мәселелері әр адамның өзінің тағдырымен етенедей қарайтын көзқарас қалыптастыру – өзекті. Ендеше бұл талаптарды қанағаттандыру ісі үлкен қажырлықпен соттық жүйеге енгізуді талап етеді.

Отбасылық сот өндірісін әділ соттылықтың дербес нысаны ретінде Конституциялық тұрғыдан бөлу осындай маңызды процессуалдық институтты реттейтін заңнамаларды дамытудың қажет екендігін айғақтайды. Мұны отбасылық сот өндірісін отбасылық істерді құқық нормаларына негіздей отырып қарау деп түсінген дұрыс.

Осындай орайда алдымен мынадай бірқатар мәселелердің басын ашып алғанды жөн санаймыз. Біріншісі, отбасылық сот өндірісін ізгілендіруге келіп саяды. Екіншісі – отбасылық соттарды құру процесіне қатысушылардың әдістемелік-теориялық негізін қалыптастыру. Бұлар кең ауқымды түсініктер тереңнен талдауды қажет етеді.

Мұндай басымдық беріп отырған бірінші бағыт бойынша айтарымыз, отбасылық сот өндірісін ізгілендіруде азаматтардың, әйелдердің, кәмелетке толмағадардың құқықтары мен міндеттерін (мүдделерін) қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қылмыстық құқық гуманизмі туралы мәселе жалпы гуманизм мәселесінің бір бөлігі болып табылатындығы. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көптеген гуманистік институттар бекітілген. Мәселен, қылмыстық жауаптылыққа тартпайтын жағдай ретінде жекелеген азаматтардың қылмыстық әрекеттеріне қарсы күрес және қорғаныс нысаны ретіндегі қажетті қорғану институты; қол сұғушылық жасаған тұлғаны ұстау кезінде зиян келтіру; аса қажеттілік; орынды тәуекел; өзі үшін міндетті болып келетін бұйрықты орындау және тағы басқалар жатқызылады. Осы қатардың да кеңейтілуі көзделуі тиіс.

Басымдық бағыттың екінші қатарында – отбасылық сот өндірісінде процессуалдық құқықтары және міндеттері бар тұлғаларды анықтау тұр. Бірақ Қазақстаннның құқықтық-сот тәжірибесі мемлекетіміздегі заңды және теориялық негіздердің қажетінше дамымауы салдарынан шешімін таппай жүрген көптеген мәселелердің кездесіп қалатыны жасырын емес. Сондықтан да адамдардың құқықтары мен бостандықтарының әдістемелік-теориялық негізін қалыптастыру дербес және қажетті ғылыми мәселе ретінде қамтылуы тиіс. Бұл мәселенің дұрыс шешілуі еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделін айқындаумен қатар, Қазақстанды халықаралық құқықтың тең құқылы субъектісі ретінде танылуына ықпал етеді. Сонымен бірге азаматтық құқықтар мен бостандықтарды жалғыз саяси және құқықтық тұрғыдан емес, қазіргі кезге қажет әлеуметтік мәселе ретінде де қарастырылмай келеді. Тәуелсіз мемлекеттің әйелдер мен кәмелетке толмағандардың мүдделерін сотпен қорғау қазіргі кездегі қажетті әрі маңызды мәслелердің бірі дейтініміз сондықтан.

Үшінші бір толғақты мәселе отбасылық соттағы кәмелетке толмағандардың істерін қараудан байқалады. Еуропаның көпшілік мемлекеттерінде кәмелеттік жас 18 жастан басталады, Австралияда – 19 жас, Швейцарияда – 20 жас. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 56-тарауы қолданылатын кәмелетке толмағандар ретінде қылмыс жасаған кезінде жасы 18 жасқа толмаған (Қазақстан Республикасының ҚК 80-бап – кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы), бірақ 14 жасқа толған тұлғалар танылады, осы арқылы кімелетке толмағандар мен кәмелетке толғандар арасындағы заңдық шекті заңды түрде бекітеді. Кәмелетке толмағандардың құқығын жоғары деңгейде қорғау қажеттілігі оның психофизиологиялық және әлеуметтік ерекшелігімен түсіндірілуі тиіс. Осы кезеңде жасөспірімнің организмінің (ағзасының) дамуы қарқынды деңгейінде болады, бұл уақытта оның тек қана тұлғалық дене бітімі ғана қалыптасып қана қоймайды, сонымен қатар оның қоршаған ортасына деген әлеуметтік көзқарасы қалыптасады. Кәмелетке жасы толмағандарды дауларға ұрындыратын әлеуметтік факторлардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: жасөспірімнің еңбек нарығында білімінің жеткіліксіздігі, тұрақты кәсібі, кәсіптік қызметте тәжірибесінің аздығы. Кәмелетке толмағандардың тұлғалық дамуындағы кемшіліктер, оның өмір сүретін микро- және макро ортасының үйлесімсізділігі, оны қылмыс жасауға итермелейтін немесе өзі сол қылмыстың құрбаны болатын қиын жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.

Осылайша кәмелетке толмағандардың жас ерекшелігіне орай қоғамның сұраныстарына қажетті дәрежеде бейімделе алмауы сот процесі кезінде мүддесін қорғау арқылы көмек көрсетуді қажет етеді. Сондықтан Қазақстан Республикасы ҚПК-не сәйкес кәмелетке толмағандардың қылмыстық ісі бойынша жүргізілу ерекшелігіне жататындар деп мынаны көрсетеміз:

  1. Отбасылық сот қарауында кәмелетке жасы толмағандарға қатысты қылмыстық іс бойынша дәлелдеуді қажет ететін барлық жағдайлар міндетті түрде анықталуы керек, соның ішінде:

– қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке жасы толмағандардың анық жасын (туған күні, айы, жылы) айқындау. Осы арада тұлғалар тура сол туған күні емес, келесі тәуліктен бастап белгілі бір жасқа келген деп есептеледі. Жас мөлшерін анықтайтын құжаты болмаған жағдайда немесе оның нақты құжат екенінен күмән туған жағдайда Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 271-бабының 4-тармағына сәйкес (есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық процесте өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өзі қорғау қабiлетi күмән туғызғанда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiне) сараптама тағайындалады. Мұндай жағдайда сарапшылар белгілеген соңғы күн туған күні болып саналады. Сарапшылардың кәмелетке жасы толмағандардың жасын минималды және максималды (мысалы, 14-тен 15 жасқа дейін) анықтау кезінде, сарапшылар ұсынған ең төменгі жасты белгілеу керек;

– оның тұрмысы мен тәрбиелену ахуалын анықтау. Бұл үшін қылмыстық іс материалдарында төмендегілерге қатысты мәліметтер жинақталуы керек:

а) ата-анасы немесе оларды алмастырушының – кәсібі, жұмыс орны, білімі; моральдық болмысы; олардың бір-біріне және балаларға деген көзқарасы; балаларды және басқаларды тәрбиелеудегі міндеттемелерін орындауы,

ә) отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы, кәмелетке жасы толмағандардың мүлкі, еңбекақысы, оның көлемі;

б) кәмелетке жасы толмағанның оқу орны немесе жұмыс орны – қайда оқиды, оның үлгерімі, қайда және қандай жұмыс атқарады, оқуға және еңбекке деген қатынасы;

в) мектептің немесе басқа да оқу орнының оның тәрбиесіне, отбасымен қарым қатынас жасап тұруына  көңіл бөлуі;

г) ата-анасының немесе оларды алмастырушылардың ата-аналық міндетін өрескел бұзғанын куәлендіретін жағдайлар; осы отбасындағы баланың өміріне және денсаулығына қатер төнген жағдайлар туралы.

Аталған мәліметтерді толығырақ анықтау үшін еңбек ұжымының заңды өкілдерін, оның жұмыс, оқу, тұрғылықты орнындағы көпшілікті, кәмелетке жасы толмағандар жөніндегі комиссия немесе топтарды тарту қажеттігі, солар туралы мәліметтер жинақталуы керек;

– зияткерлік (интеллектуалдық), ішкі сезім және психологиялық дамуының сатысын, мінез-құлқының ерекшелігін, қажеттілігін және қызығушылығын анықтау. Сонымен қатар өзін-өзі сендіру, қозбалығы, біреуге тәуелділігі, атақ құмарлық, көшбасшылыққа құмарлық, фантазиялауға жақындығы секілді кәмелетке жасы толмағандардың жеке-тұлғалық қасиеттерін анықтап алу қажеттігі. Осы мақсатта тәрбиесінде кәмелетке жасы толмаған баласы бар тұлғалардан және басқа да тұлғалардан жауап алу, оның денсаулығына және интеллектуалдық дамуына қатысты құжаттарды талап ету, сонымен қатар оған тиесілі жеке құжаттарды да зерттеу қажеттігі бар (күнделік, хаттар, аудиотаспалар және т.б.).

– кәмелетке жасы толмаған балаланың ақыл есінің кемістігін негіздейтін мәліметтер болған жағдайда, міндетті түрде оның психологиялық даму деңгейін анықтайтын психолого-психиатриялық сараптама жасалуы қажет. Онда жасөспірімнің денсаулығының жалпы жағдайы мен дамуы анықталады. Кәмелетке жасы толмаған баланың мінезінің негізгі белгілері, әдеттері, психикасында жас ерекшелігінің көріну сатысы анықталуы керек. Оның ауыр науқас екенін анықтауға, оның бойында қандай да бір физиологиялық немесе психикалық жетіспеушіліктің бар-жоғын анықтауға ерекше көңіл аударған жөн.

Кәмелетке толмағандардың зияткерлік (интеллектуалдық), ішкі сезім және психологиялық дамуын, мінез-құлқының ерекшелігін анықтау үшін кәмелетке жасы толмағандардың тәртібі, олардың ата-анасына, үлкендерге, достарына деген қарым-қатынасы, ұжым өміріне атсалысуы, байланыстары, уақыт өткізуі, және қызығушылық ортасы зерттеледі. Аталған мәселелерді анықтау үшін кәмелетке толмаған балалының бойына қоғамға қарсы көзқарасты қалыптастырған ортаны, олардың бойында қылмыстық ойдың қалыптасуына ықпал еткен немесе қылмыс жасауға қолайлы жағдай жасап отырған ортаны анықтауға көңіл аударылуы мүмкін. Оған үлкендердің немесе басқа да кәмелетке толмағандардың әсер ету мүмкіндігін анықтау жөнінде сөз етсек, үлкендер тарапынан кәмелетке толмағандарды өзіне өзі қол жұмсауға арандату туралы немесе кәмелетке толмағандарды қылмыстық әрекетке қатыстырғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайда кәмелетке жасы толмағандардың қылмысты жасау барысындағы нақты рөлін анықтау өте маңызды. Осы мақсатта кәмелетке жасы толмағандарға физиологиялық және психологиялық жағынан әсер еткенін анықтау маңызды (бұл қорқыту, сендіру, алдау, сатып алу, спирттік ішімдіктер ішкізу, есірткі заттарды қолдану т.б болуы мүмкін).

  1. Отбасылық сот ісінде заңды өкілдері және қорғаушысының міндетті түрде болуы.

Қорғаушы құқықтық көмек көрсетеді, ал заңды өкілдері кәмелетке жасы толмаған күдіктіге, айыпталушыға психологиялық және эмоционалдық көмек көрсетеді. Кәмелетке жасы толмағандардың заңды өкілі ретінде Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 75-бабында көрсетілген тұлғалар ғана бола алады. Егер кәмелетке жасы толмаған баланың ата-анасы болмаса, ол жалғыз немесе оны қамтамасыз етіп  отырған, бірақ ол заңды түрде асыраушы немесе қамқоршысы ретінде тіркелмеген болса, онда Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 537 бабының 1-бөлігіне сәйкес іске қатысуға міндетті түрде асыраушылық және қамқорлық органдарының өкілдері қатысуы керек. Туысқандық, асыраушылық және қамқорлықты жүзеге асыру, асырауында болу фактілері заңда көрсетілген тәртіп бойынша бекітілуі керек. Заңды өкілдің іске қатысуы қылмыстық процесті жүргізуші органды іске қорғаушыны тарту міндетінен босатпайды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 70-бабының 2-тармағының 1-бөлігіне, 536-бабының 2-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың қылмыстық ісі бойынша, күдікті немесе айыпталушы ретінде ең алғаш жауап алған күннен бастап сот ісінің барлық кезеңіне қорғаушының қатысуы міндетті. Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 70-бабына сәйкес қорғаушы күдіктіден барлық айыпты алып тастау немесе оның айыбын жеңілдететін жағдайларды анықтау мақсатында барлық заңды әдіс-тәсілдерді пайдалануға міндетті және оларға қажетті заңдық сұрақтар бойынша көмек көрсетуі керек;

  1. Кәмелетке толмаған күдіктіні жауапқа шақырудың ерекше тәртібі. Егер кәмелетке жасы толмағандар қамауға алынбаған немесе оған қатысты қамауға алыну туралы шешім шығарылмаған жағдайда, ол тергеушіге немесе сотқа шақыру қағазы арқылы келеді, ол шақыру қағазы оның ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне жолданады, егер ондайлар болмаған жағдайда – асыраушылық-қамқорлық органдары өкілдеріне. Осы шақыру қағазы арқылы заңды өкілде шақыртыла алады. Егер кәмелетке жасы толмаған айыпталушыны заңды өкілі арқылы шақырту шындықты білуге кедергі келтіретіндей жағдай болса, сонымен қатар кәмелетке жасы толмаған күдіктіні, айыпталушыны тез арада шақырту қажет болса, оның заңды өкілі жіберілген адам немесе телефонаграмма арқылы шақыртылуы мүмкін;
  2. Кәмелетке толмаған күдікті немесе айыпталушы қатысқан процессуалдық іс жүргізілу кезінде педагог және психологтың қатысуы. Бұл ҚПК-тің 538-бабында қарастырылған. Он алты жасқа толмаған күдікті, айыпталушыға қатысты қылмыстық іс жүргізу кезінде педагогтың, психологтың қатысуы олардың ерекшелігіне байланысты. Бұл жағдайда педгогтың, психологтың басты міндеттері мынада: 1) қылмыстық процесті жүргізуші органдарға кәмелетке жасы толмаған күдікті, айыпталушымен психологиялық қарым-қатынасқа түсуіне жәрдемдеседі, 2) қылмыстық процесті жүргізуші орган тарапынан кәмелетке жасы толмағандарға психологиялық әсер ету мүмкіндігін болдырмау. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, өз қалауы бойынша, сонымен қатар кәмелетке жасы толмағанның заңды өкілінің сұранысы бойынша жасы 16-дан асқан кәмелетке жасы толмағаннан жауап алу кезінде педагог, психологтың қатысуына мүмкіндік береді. Бұл, қаралып отырған істе психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бар кезде ғана емес, сонымен қатар кәмелетке жасы толмағанның ақыл есінің кемістігі туралы басқа да мәліметтердің бар кезінде де қажетті.
  3. Кешендік психологиялық-психатриялық, психологиялық міндетті сараптама жүргізу.

Кешендік психолого-психатриялық сараптама психиатр мен психологтардың бірлескен құзырына байланысты мәселелерді шешу кезінде тағайындалады. Соттық психолого-психатриялық сараптама тұлғаның психологиялық ауытқуын; психикалық ерекшелігін; тұлғаның психикалық ахуалын; психикалық патологиясының табиғатын, түрін және типін, оның ауырлығын; психопатологиялық және қалыпты психологиялық психиканың ара қатынасын; компенсацияның көрсетілуіндегі жетіспеушілікті, жағдайдың талап етуіне қалыпты немесе патологиялық психикалық бейімделу процесіндегі қорғанысты; кейбір тұрақты псхологиялық өзіне тән ахуалды, жеке тұлғалық ерекшелікті және психиканың динамикалық ахуалын (бірінші кезекте — психикасында «шекаралық» бұзылушылығы бар тұлға); нақты бір кезеңде ахуалдық эмоционалдық реакциясының түрі мен тереңдігін анықтау мақсатына байланысты бекітіледі. Соттық психологиялық сараптаманың нысаны: күдікті немесе айыпталушы тұлғасының жеке-психологиялық ерекшелігін және олардың қылмыстық істі жүзеге асыру барысында оның іс әрекетіне әсерін; психологиялық ауытқушылықпен байланысы жоқ психологиялық дамуында кешеуілдеушілігі бар кәмелетке жасы толмаған күдікті немесе айыпталушының мүмкіндігін анықтауға байланысты қылмыстық істің жағдайы болып табылады.

Ендігі әлі шешімін табуды қажет ететін мәселе, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ (соның ішінде Билердің) отбасылық соттарға заңды тұрғыда араласа алу мәселесі. Соның бірі – билер институты.Бүгіндері өңір-өңірде билер сайлау науқаны жүріп жатыр. Билер институты қазіргі заң кеңістігінде өз орнын белгілей алмай, заңмен үйлесім таппай отыр. Бұрынғы жылдары бір-ақ заң кодексінің бір ғана бабында мұндайға мүмкіндік берілген еді. Қазақстан Республикасының азаматтық кодексiнің «Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары аталатын 3-бабының 4-тармағында бұл былайша айқындалған болатын: «Азаматтық қатынастар, егер ӘДЕТТЕГI ҚҰҚЫҚТАР (мұны бұрынғы әдет заңдары деп түсінейік – автор), соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн» (орысшасы «гражданские отношения могут регулироваться ОБЫЧАЯМИ, в том числе обычаями делового оборота, если они не противоречат гражданскому законодательству, действующему на территории Республики Казахстан»). Қазіргі нұсқасында бұл жоқ. Алынып тасталған. Бүгін қоғамның әрбір мүшесіне қажетті жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттелетін болды. Басқаша айтқанда, қазіргі күні билердің қай салада болмасын мүмкіндігі шектеулі. Десек те, Билер кеңесінің заң ахуалында мүмкіндіктері бар ғой деп білем. Бұрын үкім айтатын қазақ соты көбіне бітімділікке ұмтылған. Алайда төрелік айтылар дау талқысы мен дәлелдерді (айғақтарды) қарастыру алдында би әдеттегі дәстүрге сай: а) «бітім» мен «береке» ұсынуы; ә) кешіру мүмкіндігін, іске салауат білдіру, сол арқылы істі дауды көптің алдында талқыға салмай бейбіт шешуге шақыруға міндетті еді. Ал бұл қазіргі Қылмыстық кодексте де өз өрнегін тапқан. «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деген уәж бар (68-бап: 1. Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады). Бітімділік бар, ал билер заңда жоқ, қарастырылмаған.

Кезінде Жоғарғы Соттың Төрағасы болған Жақып Асанов соттағы кейбір отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы таласты даулардың шешілу мүмкіндіктері туралы ой қозғап, сотқа дейінгі, соттағы татуласу деп бөлген еді: Сөзінен үзінділер келтірейік. «Біріншісі, сотқа дейінгі татуласу жайын сөз етсек, Республикалық Кәсіподақтар федерациясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірлерде Сотсыз татуласу орталықтары құрылуда. Онда кәсіби медиаторлар және басқа да мамандар жұмыс істейді. Олардың міндеті — келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, көңілге қонымды шешім іздеу және ұсыну. Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіреді. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келеді. Медиаторды әрбір адам өзі таңдаған соң жемқорлыққа да жол берілмейді.

Екіншісі, соттағы татуласу жөні. Мұнда екі жақ та қаласа, сот татуласу процесін бастау үшін істің қаралуын кез-келген сатыда тоқтата алады. Аталған мәселеге қатысты мәселелерді жергілікті соттар түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті. Татуласу — дауды шешудің ең тиімді әдісі».

Міне, осы «Сотсыз татуласу орталықтарында» Билер кеңісінің өкілдері де жұмыс істеуі керек деп білеміз. Біртіндеп, ел мен биліктің сенімінен шықса, билер институтының болашағы зор. Бірақ кез келген би сот үдерісіне қатыса алмайды. Бастапқы мамандығы заңгер немесе бұрын заң қызметінде істеген мамандар болуы қажет. Медияция оқуларынан өтіп, сертификат алғандардың ғана мүмкіндіктері бар.

Жоғарыда көрсетілген мәселелердің барлығы да отбасылық сот (қазір кәмелетке толмағандар соты) өндірісі кеңістігінде қаперге алынуы керекті құқықтық құбылыстар екенін еске салғымыз келеді.

Елеужан Серімов,

заң ғылымдарының кандидаты

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *