Жол қателікті кешірмейді

Қарағанды облысында жол апаты азаяр емес. Жол мұраты – жету десек те, асыққан адамның сол мұратқа жете алмағаны өкінішті.  

Полиция қызметкерлерінің жүргізушілерге жол жүру ережелерін сақтау бойынша бірнеше рет ескертпелеріне қарамастан соңы адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғасы туралы екі күнде бір жылт еткен хабарға етіміз де үйреніп кеткендей.

Бір апта ішінде ереже сақтамаған жүргізушілердің кесірінен  екі бірдей қайғылы апат болды. 14 шілдеде «Алматы-Екатеринбург» тас жолында Ақшатау кентінен 30 шақырым жерде Қарағанды қаласына қарай бағытта автобуспен «Тойота Естима»  көлігі соқтығысты.

Салдарынан «Тойота Естима»  автокөлігінің 4 жолаушысы және автобустың бір жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға 11 адам жеткізілді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерден жол жүру ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауды сұрайды,  –дейді  Қарағанды  облыстың полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Араға үш күн салып 17 шілде күні дәл сол тас жолда  Ақсу-Аюлы кентінен 5 шақырым жерде «CHERY TIGGO»  жеңіл автокөлігімен «Красноярск-Шымкент» бағытындағы «VAN HOOL» маркалы автобусы қақтығысты. Салдарынан «CHERY TIGGO»  автокөлігінің жүргізушісі және оның екі жолаушысы қайтыс болды. Сондай-ақ, жеңіл автокөліктің үш жолаушысымен автобустың жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 51 адам болған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кету керек, жаз маусымында тек «Алматы-Екатеринбург» тас жолында күніне 33 мың автокөлік өтеді. Осыған орай әр 25 шақырымға полиция жасағы қойылып, оның саны 22 дейін көбейтілді. Жол-көлік оқиғасына қатысқан екі автокөлік оқиғаға дейін патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен тоқтатылып, жол жүру ережесін сақтау бойынша ескертілген болатын. Өкінішке орай, жүргізушілер полицияның ескертпелеріне құлақ аспады,    – дейді  Жасқайрат Қайыров.
.

«Жолдардағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты. Жол ережелерін сақтай отырып, әр жүргізуші  жалпы қауіпсіздікке үлес қосатынын еске саламыз дегенді» қосты Қарағанды  облыстың полиция департаменті бастығының орынбасары .

Бұл жерде көлік тізгіндеген жүргізуші қателігі болса да, жылдар бойына созылып кеткен күре жолдың да әсері бар.

Алдағы уақытта апат азаярына Қарағанды – Балқаш күре жолының алғашқы төрт жолағы ашылуы да себеп болары сөзсіз. Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты жол толығымен ашылды.  Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тосқауыл қоршауы орнатылды.

Негізі Қарағанды – Балқаш күре жолының жалпы ұзындығы 363 шақырым. Күре жол I санатқа ие және төрт жолақтан тұрады.

«Қайта құру жұмыстары аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін арналған 32 жол өтпесі, көлік айрығы және темір жол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы толық аяқталды. Бұл күре жол толығымен жаңа асфальтпен қамтылды» деп хабарлады   Көлік министрлігі.

Ал қаладағы тұрғындардың қаптап кеткен, самокат, мопед, скутерлер есін алуда.  Скутер жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде екі адамды: 61 жастағы әйел мен 21 жастағы қызды қағып кетті. Оқиға Магнитогорская көшесінде болған. Әйел алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.

Әйел мен қыз жолды реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде кесіп өтіп бара жатқан.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 21 жастағы жүргізуші Магнитогорская көшесімен келе жатып, №16 үйдің жанында жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Оқиға салдарынан 61 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды, 21 жастағы қыз мен скутердің жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді», — деп хабарлады Қарағанды ​​облыстық полиция департаментінен.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше 2023 жылы өңірдің трассалары мен жолдарында 392 жол көлік оқиғасынан 167 адам қаза тауып, 430 адам әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алған.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *