Қазақ күресінен 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталады.
Жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық шарасының басталуына бір айдай ғана уақыт қалды.
Өзге ұлттық құрамалар сияқты қазақ күресінің балуандары да Көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде. Жыл басынан бері ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен 4 оқу-жаттығу жиыны өтті.
Атап айтқанда, балуандар Алматы қаласында екі мәрте, Грузия елінде және Қырғызстанда дайындықтарын жүргізді.
Кезекті ОЖЖ 1-14 тамыз аралығында Ақмола облысындағы Щучье қаласында өтеді. Бұл жиын барысында балуандарымыздың арасында қорытынды белдесулер өткізіліп, әр салмақтың үздігі анықталады.
Ал соңғы қорытынды ОЖЖ 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткізу жоспарланған.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресі бойынша жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 8-10 қыркүйек күндері өтеді.
Аударыспақтан іріктеу
Аударыспақтан ұлттық құрамамыз Алатау бөктерінде орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында дайындалуда.
29 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 11 тамызға дейін созылады. Еліміздің түкпір-түкпірінен, ең үздік деп танылған 12 аударыспақшы жоспар бойынша дайындалуда. Оның ішінен 6 іріктеліп алынып, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елімізді таныстырады.
Билет сатылымда
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына билеттер сатылымы басталды
6 тамыз күні 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарыстарына билеттер сатылымы басталды.
Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады.
Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін болады.
Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды.
Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында болады.
«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.
Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ.
Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін болады.
Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 6 00 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады.
Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.
Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады.
Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.
Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.
Айта кетерлігі, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.