Қарағандыда тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» облыстық турнирі өтті. Оған 20-дан астам депутат пен БАҚ өкілдері қатысты.
Жарыс мәслихаттың 30 жылдығына орай және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Қарағанды мәслихатының депутаты Марат Түсіпов алғаш рет осындай турнирге қатысып отыр. Ол тоғызқұмалақты жақында ғана игерген.
– Жарысқа аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Бұрын бұл ойынды өзім ойнаған емеспін, осы турнирге арнайы дайындалдым, – деп бөлісті Марат Түсіпов.
Тоғызқұмалақтан депутаттар арасында турнир жеңімпаздары:
— ерлер: Нұра аудандық мәслихатының депутаты Есенжол Егембаев,
— әйелдер: Сәуле Дүйсембаева, Қарағанды қаласы мәслихатының депутаты;
БАҚ өкілдері арасында:
— ерлер: Бұқар Жырау ауданының блогері Болат Дінмұхаммед,
— әйелдер: «Бірінші Қарағанды» телеарнасының есепшісі Зарина Мұқашева.
– Ұлттық спортқа деген құрмет-ұлтқа деген құрмет. Халық қалаулыларының ұлттық спортқа көңіл бөлетіні, сондай – ақ өздері де айналысатыны жақсы, – деп атап өтті Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Темірхан Аблаев.
Турнирдің ашылуында тоғызқұмалақтан Әлем Кубогының жеңімпазы, Қарағанды өңірінің V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының болашақ қатысушысы Аңсаған Қожанәсіп те құрметке ие болды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу екі кезеңнен тұрады: алдымен ҚР чемпионаты болды, оның қорытындысы бойынша төрт қатысушы жеке іріктеуден өтті. Төрт спортшының ішінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қарағанды және Ақтөбе облыстарының өкілдері Аңсаған Қожанәсіп пен Мөлдір Серікқызы іріктелді.
– Ойындардың өзі 7-12 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Мен екі спорт түріне қатысамын. Бұл тоғызқұмалақ және Батыс Африканың оваре ойыны. Тоғызқұмалақпен 14 жылдан бері айналысып келемін, бұл ойынға деген сүйіспеншілігімді бауырым оятты. Ол да мен сияқты халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Овареде әуесқой спортшымын. Шетелге шыққан кезде ойнағанмын. Бұл да зияткерлік ойын, бірақ тақта мен ережелер тоғызқұмалақтан өзгеше. Қазір қарқынды дайындалып, жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз, – дейді Аңсаған Қожанәсіп.