КЕН УАТУ ФАБРИКАЛАРЫ ҮШІН ТАПТЫРМАС ӨНІМ

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын құрудағы негізгі мақсат белгілі. Билік жаңа кәсіпорындардың арқасында импортты алмастырып, жаңа экспорт бағыттарын ашуды көздейді. Мұндағы кәсіпорындарың басым көпшілігі біраз жылдан бері негізгі өндірістік қуатына шықты. Қазір осы жерде Қазақстанның өзге өңірінде жоқ өндіріс ошақтары бар қарқынымен жұмыс істеп тұр.

«Сарыарқа» АЭА құрылғанына он үш жылдан асты. Аймақта металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын дамытуға күш салынуда.

Арнайы аймақ ашылған сәтте инвестицияға қолайлы жағдай жасау, қазақстандық өндірісті жаһандық жүйеге интеграциялау, бәсекеге қабілетті өнеркәсіп құру жұмыстары жүргізілді. Экономикалық аймақтың жалпы ауданы – 940,5 гектар. 183,1 млрд. теңге қаржы құйылды. Өнім сомасы 207,2 млрд. теңгеге жетті. Сондай-ақ, 1250 адам еңбекпен қамтылды. Бюджетке 20,6 млрд. теңге салық түсті.

Қазіргі уақытта жиырмадан астам қатысушы тіркеліп үлгерді. 12 кәсіпорын жақын жылдары жұмысын бастамақ. Ал, 9 жоба жүзеге асты. Бүгінде «ТЭМПО-Казахстан», «КарЗТФ», KAZ AGRO MINERALIS, «ЖанаLAB», «Сэндвич-Строй», KamaTyresKZ, POLYMET SOLUTIONS CORPORATIONS, «КАЗАХСТАЛЬ», «Новые Технологии — Азия», Power Blast, Silumin of Qazaqstan, «Алтынарна Geosynthetics», Qaragandy Power Silicon, QaPlast, ARCUS ИНВЕСТ, «СП БЕРКУТ», STEEL MANUFACTURING, TAU-KEN Temir, «ТЕРМОФОРМ», RECYCLINGCOMPANY, SEVEN REFRACTORIES ASIA, ISOPLUS ЦЕНТРАЛЬНАЯ АЗИЯ және «БЕМЕР АРМАТУРА» компаниялары өнім шығаруды жолға қойды.

Өндірілетін тауарлар түрі сан алуан. Мәселен, аймақта орналасқан кәсіпорындардың бірі геомембрана өндіреді. Ал келесісі кен уату фабрикаларындағы диірмендерге арналған қаптамалар шығарады. Бұл қаптамаларды халық арасында қалыптасқан атауы – футеровка.

Бұрын кен уату фабрикалары шетелдік кәсіпорындарға тәуелді еді. Футеровканың өзі шет мемлекеттерден тасымалданып келді. Арнайы экономикалық аймақтағы зауыттың арқасында отандық фабрикалар бұл кіріптарлықтан құтылып отыр. Сапасы шетелдік өнімнен кем түспейтін тауарға қазақстандық тұтынушыдан сұраныс жоғары.

Футеровканы POLYMET SOLUTIONS CORPORATIONS ЖШС жасайды. Жұмысты бастау үшін компания резеңке-металл қаптамалар зауытын канадалық компаниядан сатып алды. Аталған компания Қазақстан, Ресей, Моңғолия нарығында жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеген. 2012 жылы серіктестік Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия, Қытай, Иран нарықтарына шықты.

2020 жылы серіктестік арнайы экономикалық аймақта резеңке-металл қаптамалар өндірісін жолға қойды. Алғашқыда 2,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Кейін 4,69 млрд теңге жетті. Зауытқа 13,5 гектар жер берілді. Қазір зауыт өндірістік қуатының 80 пайызына шықты.

Зауыт технологиясы Германия, Италия, АҚШ-тың үздік брендтерінің жабдықтарымен жасақталған. Өндірісте Солтүстік Америкадан әкелінген резеңке пайдаланылады.

Қаптамалар көлемі де әртүрлі. Диірмендердің диаметріне қарай 1,5 метрден бастап, 12,5 метрге дейінгі бұйымдарды әзірлейді. Бұл қаптамалар «НКМЗ» ЖАҚ, «ОралМаш» ЖАҚ, «ТяжМаш» АҚ, Outotec, METSO, Рolysiuc –THYSSEN KRUPP, FL SMITH сынды өндірушілердің диірмендерінде қолданылады.

Кәсіпорын қызметіне пайдалы қазбаға бай Қазақстанда сұ­раныс артып отыр. Компания қазіргі таңда «KAZ Minerals», «Қазақмыс», «Қазақалтын» сынды алпауыттармен келісімшартқа қол қойған. Бұдан бөлек, өзге де отандық, шетелдік байытушылармен келіссөздер жүргізілуде.

Жаңа өндірістік циклді іске қосу мақсатында қаржы құймақ. Зауыт үшін жер бөлу, телімді игеру мәселелері сәтімен реттелді. Ендігі кезекте жабдықтарды өндіруге кіріспек. Қырық адам жұмыспен қамтылады. Салаға қажетті кәсіби кадрлардың бір шоғыры осы аймақта дайындалады. Жаңа инвестицияның арқасында кен байытуға қажетті жабдықтарды шығаратын зауыттың екінші тынысы ашылуға тиіс.

– Кәсіпорын жылына 400 тоннадан резеңке-техникалық бұйымдар өндіреді. Бүгінде кәсіпорын кен байыту фабрикаларындағы диірмендерге, элеваторларға қажет қаптама – футеровка, басқа да сан түрлі резеңке, металл бұйымдарын жасайды. Кен байыту өндірісіне қажетті жабдықтар өндіру нарығында Қарағанды аймағы алдыңғы орында. Тәжірибеміз жеткілікті. Еуропалық технология ти­істі деңгейде жолға қойылған. Күр­делі жабдықтар істен шықса, бір­ден жөндеуге мамандарымыз­дың тәжірибесі жетеді. Біздің өнімдерімізді ірі тау-кен компания­лары сатып алады. Ішкі нарықты және сырттан келетін сұранысты қамтуға әзірміз. Алдағы екі жылда екінші желіні – болат қаптамалар желісін іске қосуды көздеп отырмыз, – дейді кәсіпорынның бас директоры Қуандық Қазанғапов.

«Polymet Solutions Corporation» бір күнде пайда болған жоқ. Ертеде Қарағандының Федоров қонысында болған «Еңбек – 2014» серіктестігінің мұрагері. Арнайы экономикалық аймаққа 6 жыл бұрын көшті. Арнайы аймақ – Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылы маңында. Қазіргі уақытта кәсіпорын лазер­лік және плазмалық металл кесу машиналарын кеңінен пайдаланады. Мамандардың айтуынша, экономикалық тұрғыда тиімді және өнімділігі де өте жоғары дең­гейде.

Соңғы кезде зауыттағы сапаны бақы­лау жүйесін жаңғыртуға күш салынып жатыр. Осылайша мамандар «Қазақстанда жасалған» футеровканың сапасында кемшілік болмауын қырағы назарға алып отыр.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *