ИНВЕСТОРЛАРДЫ КӨПТЕП ТАРТУҒА КҮШ САЛЫНУДА

Ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Яғни, 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жеткізу міндеттеліп отыр. бұл тұрғыда Қарағанды облысында да ауқымды шаруа атқарылуға тиіс.

«2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жеткізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы Үкімет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болатынын, бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстар барын айтты.

Қазір Қарағанды облысына инвесторларды көптеп тарту мақсатында тиісті жұмыс жолға қойылды. Солардың бір мысалы – инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Яғни ыңғайлы болу үшін әр инвестициялық жобаға толық қолдау жасайтын арнайы маман белгіленеді.

Қазіргі таңда «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Орталық қызметкерлері құрылысқа қажет барлық рұқсаттарды алуға, визалық қолдау көрсетуге, сондай-ақ, инвестициялық келісімшарт жасасуды дайындауға көмек көрсетеді. Былтыр әлеуетті инвесторлармен 28 кездесу өткізілді. Оның қорытындысы бойынша 3 инвестор жобаларын жүзеге асыруға кірісті және 4 жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

«Шетелдік интернет-ресурстар мен іс-шараларда Қарағанды ​​облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Біз, сондай-ақ, ақпараттандыру басқармасымен бірлесіп, инвесторлардың сұрақтарына жылдам жауап беру мақсатында телеграмм-бот құрудамыз. Инвесторлар үшін нұсқаулық пен Қарағанды ​​облысының барлық өнімдерінің каталогын жасау жұмыстары жүргізілуде», – дейді облыстық өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.

Облыста өндіріс ошақтарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету де маңызды мәселе қатапрынан саналады. Бұл мақсатта өнеркәсіптік кәсіпорындар және жоғары оқу орындары, колледждер арасында меморандумдар мен көпсалалы келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламалары бекітіліп, дуалды оқыту жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жергілікті тауар өндірушілерге арналған каталог пен веб-сайт жасау жұмыстары жүргізілуде.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *