Қызығың тарқамасын, Қарқаралы!

Қазақ тарихының алтын арқауы шығар, Қарқаралы туралы аңыз көп. Бұған дейін де, бұдан кейін де туа береді. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп қазір бүкіл ел айтады. Ұлы топырақ ертеден қазақтың автопартреті еді. Қазір де солай. Болашақта да соған жазсын деп тілеген ерлер тарихтың алтын тамырын үзген жоқ. Қарқаралы қаласының күнін жоғары деңгейде ұйымдастырып, көпке үлгі таратып, елдіктің тойын жасап жатқаны – кеше дүркіреп өткен фестивалден көрінді.

Әлемде бір күн Қарқаралыға арналса кемдігі жоқ. Қазақ үшін мәңгі мызғымас мекеннің бірі осы емес пе? Демек, көкірегі ояу ел азаматтары үшін Қарқаралы күнін өткеру алтын борыш. Мұны тереңірек сезінген азаматтардың арқасында қала күні айтарлықтай той болды. Елдің ғана емес, жердің тойын «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» фестивалі көтеріп кетті. Оның бастамашысы және демеушісі – Заң ғылымдарының докторы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Қарағанды қаласының және Қарқаралы ауданының құрметті азаматы», «Досжан» жарнамалық агенттігінің директоры, «Бөтей Шор» қорының төрағасы Жүнісов Бақтыбай Жолжақсыұлы екен. Өзі де осы топырақтың тумасы. Елі де разы азаматына. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген қазақ. Қала күнін осы фестивалдің ән байқауының жеңімпазы әнге бөледі.

Иә, Қарқаралының мерейі жыл сайын артып келеді. Жергілікті билік пен осындай ел азаматтарының арқасында. Еңсесі биіктеп, көркейген сайын көркейе берсін қазақ қалалары. Шаһар шырайын кіргізуде мұндағы әр тұрғынның қолтаңбасы да жоқ емес. Жақында ғана қалада Плотина туристік кешені ашылыпты.

Сонымен қатар қалалықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да белсене қатысқан. Республикалық акция аясында тұрғындарға тазалық мәдениетін сіңіру, қонысына сүйіспеншілікпен ұқыпты қарау мақсатында қалалық байқауды әкімдік ерте баста жарияласа керек. Осы байқаудың «Үлгілі аула», «Ең әдемі дәліз», «Әсем ғимарат», «Ең үлгілі үй» номинациялары бойынша  жеңімпаздар да марапатталмай қалмады. Оларды Қарқаралы қаласының әкімі арнайы атап, жұртшылықты мерекелік шараның өтуімен құттықтады.

Бұдан кейін «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» фестивалінің жеңімпазы Марат Ердан бастап, осы топырақтан түлеген бір топ өнерпаз қауым ән шырқады.

Қарағандылық өнерпаздар мен әнші Айқын Төлепбергеннің Қарқаралы қаласына тартуы да халықтың қошеметіне бөленді.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *