Сәкен салған сара жол

2024 жыл 16 қыркүйек күні Қарағандыда көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Қоғам және тұлға: Сәкен Сейфулиннің қайраткерлік болмысы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы шараға елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, баяндама оқыды. Игілікті бастаманың өтуіне Қарағанды қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы мұрындық болды.

Облыстық «Amanat» партиясының ғимаратында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов тізгіндеді.

Конференция барысында Сәкен Сейфуллиннің тұлғалық бейнесі, оның ел үшін жасаған елеулі еңбегі мен қиын-қыстау кезеңдері жайлы ғылыми баяндамалар оқылды. Мәселен, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Айгүл Ісмақова «Ахмет Байтұрсынұлының шәкірті, Алаштың ізбасары – Сәкен Сейфуллин» тақырыбында құнды дүниелерімен бөлісті.

– Совет әдебиеттануы әдеби мұраны зерттеуді өз қолына алып, 1933 жылы ұлттық мәдениет зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылады. Ел арасындағы ауыз әдебиет үлгілері жоспарлы және жүйелі жинала басталды. С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов, І.Кеңесбаев, Е.Ысмайылов бұл істердің басында болды. Совет әдебиеттануы біржақты болғанымен, осы кезде бірнеше кітап шықты

Отызыншы жылдары оқулық жазу – совет қазақ әдебиеттануының негізгі мәселесі болды. Осы жылдары қазақ университетінде әдебиеттен дәріс оқыған С.Сейфуллин оқулық қажет екенін ғылыми мәселе ретінде қойды (Қазақ әдебиеті, 1932). Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» оқулығының шығуы кеңес әдебиеттануына нақты үлес болды, – деді профессор.

Ал Сәкен мұражайының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсемет Сәкен Сейфуллинге қатысты тың ақпараттарды айтып, осы жолда мұрағат деректерін ақтарғанын алға тартты.

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Сәкеннің дүниетанымына үлкен әсері болғаны сөзсіз. Оның 50 жылдық мерейтойын өткізуге арнайы Қаулы шығарып, жауапты тұлғаның өзі болғанын растайтын құжат бар. Одан басқа Ақаңның алғашқы мерейтойына байланысты «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» деген тақырыппен «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 2 ақпан күнгі 64-санына «Шәміл Манап» деген бүркеншік атпен жазушы Сәкен Сейфуллиннің мақаласы жарық көреді. Ақаңның өмір жолының қысқаша шолуын «Халыққа өзінше қызмет қылған адам кәміл тоқтайтын кісілік жасына толғанда, сол кісінің бастан-аяқ халыққа істеген қызметтерінің қандай екенін баяндап өту – әр үлгілі халықтың әдеті» деп бастайды», – деп тың деректермен бөлісті.

– Сәкен басшылық еткен екі жылда нағыз Қазақ мемлекетінің қазығын нықтап, Қазақияның ұлы көшін жолға салып бергендей. Ол халық шаруашылығын ұйымдастырушы, халық ағарту саласындағы бастамалары, мәдениетті дамыту және баспа ісі, қорғаныс, сот жүйесі, кедендік қызметтің жүзеге асыруындағы көп еңбек етті. Орасан зор бастамалар мен жас Республиканың басты мәселелерін шешуде бір жағынан жоқшылық, бір жағынан ашаршылық қысқан қиын-қыстау заманда артына қарайлап тайсалмаған жігерлігі, оң шешіміне қол жеткізудегі іскерлігі бір төбе, – дейді Марат Әбсемет.

Өңірімізге ғана емес, елімізге белгілі ғалым, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова «ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары және ұлттық мүдде» атты баяндамада Сәкен Сейфуллиннің жасаған құжаттық монифестері қазіргі таңда өзектілігін жоғалтпағанын айтты.

– ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына қазақтың ұлттық мүддесін қорғаған осы жолда күрескен қазақтың оқыған зиялылары шықты. Оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: бірінші топқа Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов тағы басқалары. Екінші топқа Сәкен Сейфуллин, Тоқаш Бокин, Жанайдар Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов және басқалары. Олардың негізгі мақсаттары қазақтың тәуелсіз ел болуы, өз алдына тілі, мәдениетін сақтап қалу жөнінде еңбектер жазды. Осы мақсатқа жету үшін екі жол болды. Бірінші топ қазақты тапқа бөлмей тұтас ұлт ретінде азаттық жолында күреске ұмтылу, яғни бейбіт жолмен оқу-ағартумен жету болды. Ал, екінші топ большевиктердің идеологиясына сенген кедей топтарды жақсылыққа жеткізу арқылы тәуелсіздікке жетеміз деген идеяға сеніп осы жолда күресті, – деді Нұрсахан Бейсенбекова.

Конференция Алаш тұлғалары жайлы фильмнің анонсымен тәмамдалды.

Келесі күні ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, жазушылар, тіл жанашырлары ақынның кіндік қаны тамған жері – Қарашілікке барып, рухына тәу етіп қайтты.

Белгілі ел азаматтары Сәкеннің еліне, ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегін тебірене еске алды.

– Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, көрнекті қоғам қайраткері –  Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған апталықтың басты мақсаты – Сәкеннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректерді ортаға салу. Тұлғаның қазақ еліне жасаған айтулы істерін жастарға насихаттау, – дейді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Әсия ДАНИЯРҚЫЗЫ.

Айта кетейік, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған шара 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Сәкен әнін орындаушылардың фестивалі, ҚарЛаг музейіне экскурсия және қорытынды шарамен тәмамдалады.

Ерболат ҚУАТБЕК

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *