Жеңімпазды қарсы алды

Кеше ғана Астана қаласында Ұлы Дала дүбіріне айналған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәресіне жеткеніне баршамыз куә болған едік. Осы әлемдік додаға ақадырлық Қожанәсіп Аңсаған Азаматқызы қатысып, төрт бірдей жүлдеге қол жеткізді. Аңсағанның қанжығасы осы жолы бір алтын, екі күміс, бір қола медальмен толықты.

Тоғызқұмалақ ойынынан командалық есепте бірінші орында болса, жекелей есепте екінші орынға тұрақтады. Ал енді африкалық овари ойынында еліміздің командасы екінші орынды иеленсе, жекелей біріншілікте үшінші орынды жеңіп алды.

Жас спортшымыз тоғызқұмалақ ойынынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогінің иегері, Азияның екі дүркін чемпионы, республикамыздың бірнеше дүркін жеңімпазы. Кентіміздегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ ойынының жаттықтырушысы.

Ақадырлықтар жеңімпаз жерлесін теміржол вокзалынан тосып алды. Перронда өткен салтанатты кездесуде Шет ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Ахметов А.Ж, кент әкімінің орынбасары Айқынбаев М.А, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Сейітов Н.А, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанасылов Б.С. жеңімпазымызға құттықтау сөздерін арнап, ақшалай сертификаттарын табыс етті. Қарсы алу шарасы Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының көркемөнерпаздарының әсем әнімен жалғасты.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *