9 млн тонна көмір өндірмек

Жақында Қарағанды облысына келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше өндірістік нысанға барған еді. Өңірдегі алып кәсіпорындардың бірі «Qarmet» компаниясының өндіріс алаңына да арнайы ат басын бұрды. Жұмысшылармен, компания басшылығымен кездескен Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма да берді. Айта кетейік, отандық инвестордың қолына өткелі кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Президент компанияға қарасты кәсіпорындарды аралап көрді. Сапар барысында өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Оларды жүзеге асыру мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударды.

«Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде.

Бүгінде «Qarmet» акционерлік қоғамында 34 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Металлургиялық комбинат жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге қауқарлы. Былтыр кәсіпорын 2,9 миллион тонна өнім шығарды. Өнімнің басым бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне 2,1 миллион тонна өнім экспортталды.

Қазіргі таңда өндірісті дамыту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды. Тағы да бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыдан Көмір департаментіне 500 миллион доллар және Темір рудасы департаментіне 978 миллион доллар қосымша инвестиция құю жоспары бар.

Компанияға қарасты ғимараттар мен нысандар ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 100-ден астам нысан жаңарады. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Сонымен қатар «Тазалық» бағдарламасы аясында 120 санитариялық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Техникалық-материалдық базаны жаңғыртумен қатар компания жылдар бойы қалыптасқан қарыздан құтылуға біртіндеп құтылуға кірісті. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-нан қалған қарыз сомасы 279,4 млн доллар болды. Қарыздың басым бөлігі тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілердің үлесінде. Компанияның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес төлемдер ішкі аудит нәтижелері бойынша төленеді. Аудит барысында мердігерлердің комбинат алдындағы міндеттемелері толық орындалғаны қаралады. Сонымен қатар 2023 жылдың 8 желтоқсанына дейін қызмет көрсеткен ұйымдардың сыбайлас жемқорлық факторларына қатысы болмауы ескеріледі. Бүгінге дейін комбинат жалпы қарызының 82 пайызынан құтылды. Яғни 227,9 млн доллар төледі.

Операциялық шығындардың маңызды бөліктері өндірісті жаңғыртуға, өндірістік қауіпсіздік жүйесін жақсартуға және ауқымды жөндеу шараларына жұмсалумен қатар, жалақы қоры, әлеуметтік төлемдер мен әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қаржыландыруға бөлініп отыр. Мысалы, биыл қызметкерлердің орташа жалақысы 14,8 пайызға өсті. Өндіріс бойынша инвестициялар «5-9-5» стратегиялық даму жоспарына сәйкес құйылып жатыр. Бағдарлама өндіріс қарқынын ұлғайтуды көздейді. Бұл орайда 2028 жылға қарай болат өндірісін 5 млн тоннаға, көмір өндірісін 9 млн тоннаға және темір кені концентратын 5 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Алайда қазір өндіріс ошағы сыртқы экономикалық жағдайларға қатысты жұмыс барысына өзгеріс енгізуге мәжбүр болып отыр. Мәселен комбинат өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін сақтау мақсатында металл құнын төмендету бойынша шаралар қабылданды. Сол себепті 9 айда 1 тонна слябтың бағасы 430 доллардан 364 долларға дейін төмендеді.

Жақында компания басшылығы биылғы жылдың сегіз айы және қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Кездесуде ұсынылған мәлімет бойынша 11 қыркүйекке дейін шойын өндірісінің көрсеткіші – 104,6 пайызды, болат – 103,6 пайызды, агломерат – 107,5 пайызды, сортопрокат 100 пайызды еңсерді. Ал кокс өндірісі бойынша көрсеткіштер 95,9 пайызды, №2 табақша илемдеу цехының көрсеткіштері 98,2 пайызды құрады.

«Қыркүйек айындағы негізгі міндеттер – тәулігіне 14 000 тонна агломерат өндіру, табақша илемдеу цехтарының өндіріс қарқынын және жүк жөнелтуді арттыру. Екінші ЛНГЦ желісін он күндік жөндеуге жіберу, сонымен қатар бояу желісін жөндеу кезінде оның жұмысының үзіліссіздігін қамтамасыз ету үшін металл қорын жинақтау жоспарланған. Негізгі жылдық жоспарлы міндет – 3,5 млн тонна болат және 3,2 млн тонна жөнелту. Бұл жоспарлар толығымен шынайы және қолжетімді», – деп атап өтті кездесуде болат департаментінің директоры Андрей Берг.

Бүгінде комбинаттағы жазғы жөндеу науқаны аяқталды. Науқан аясында өндірістің негізгі нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Конвертердің №1 және №2 корпустарын, аглоөндіріс нысандарын және домна пештерін жөндеуге ерекше назар аударылды. Яғни, мамыр айында конвертер №2 корпусын ауыстырғаннан кейін сәтті іске қосылды. Бұл шілде айына дейін үш агрегат режимінде жұмыс істеуге және жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Шілдеде осындай жұмыстарды жүргізу үшін конвертердің №1 корпусы жөндеуге жіберілді. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы 27 қазанға жоспарланып отыр. Шілде айының соңында №5 агломашина мен №4 домна пеші де жөндеуден өтті. Сондай-ақ 27 тамызда №2 домна пешінде үшінші дәрежелі жоспарлы жөндеу шаралары басталды.

«Домна пешін жөндеу кезінде аглоөндірістің конвейер жолдарын техникалық күйге келтіру үшін 1-ден 4 күнге дейінгі жұмыстар қатар жүргізілді. Қазір бұл жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталды, комбинат толық көлемде жұмыс істеп тұр, бірақ әзірше екі конвертер режимінде, себебі конвертер №1 тек қазанның соңында іске қосылады», – дейді Андрей Берг.

Комбинаттағы жөндеу жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қыркүйекте жылжымалы ыстық мырыштау желісінің екінші желісін он күндік жөндеу жоспарланған. Ал қазан айында ыстық прокаттау станы жөнделеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бес күн ішінде бояу желісін жөндеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар көмір департаментіне қарасты «Абай» шахтасында алдағы жылдың қаңтар айында жаңа лава қолданысқа беріледі. Оның арқасында энергетикалық көмір өндіру көлемі ұлғаяды. Қазіргі таңда лаваның жалпы қоры 600 мың тоннаны құрайтыны белгілі.

Қазіргі уақытта шахтада 4 үңгуші бригада жұмыс істеп жатыр. Олардың бірі ұзақ уақыт бойы өңделмеген К-13 қабатын ашу жұмыстарын жүргізу үстінде.

Жалпы, комбинаттағы барлау және жөндеу жұмыстары кезінде заманауи технологиялар қолданылып отыр. Жаңа технологияларды енгізу жұмыс өнімділігін арттырып қана қоймай, өндірісте сапаның жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні анық. Компанияның экономикалық саясаты нарықтағы отандық өнімдер үлесінің артуына елеулі ықпал етті. Яғни бүгінде өндірісте қазақстандық тауарларды пайдалануға күш салынып отыр.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *