Бәйтерек

Елім деп соққан жүрегі…

Ескі көздер бара жатыр азайып

(Олар жайлы ойламаудың өзі айып)

Ей, тірілер!

Соларды бір еске алып,

Тебіренейік, толғанайық, жазайық…

М. Мақатаев

 

Әр жердің өз төбесі, әр елдің өз ағасы, әр үйдің өз төрі бар. Әрбір әулеттің қиналғанда сүйенетін, таяныш болатын тау тұлғасы, көл сияқты терең, дала сияқты дархан арқа тірегі болады. Ондай адамды сол әулеттің бәйтерегі деп атайды. Ол бәйтеректің саясы тек өзінің отбасына ғана емес, ағайын-туғанына, көршісіне, ауылдасына, жора жолдастарына да ортақ. Өйткені, ондай адамдар кісілік пен кішілікті, парасат пен шапағатты басқаларға үлгі етеді.

Сондай абзал азаматтардың бірі Шет ауылының тумасы Қабылдаұлы Совет ағамыз еді. Бойындағы қажыр-қайратын, білімі мен білігін өзі еңбек етіп, шаруашылықтардың дамуына, гүлденуіне жұмсады.

Совет ағамыздың жүріп өткен жолына үңілетін болсақ, Қарқаралы қаласының №1 қазақ орта мектебін 1966 жылы тәмәмдап 1972 жылы Қарағанды политехникалық институтын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Қарқаралы автокөлік мекемесінде техникалық қызмет көрсету инженері болып бастаған. Кейін осы мекеменің директоры болып 10 жыл табысты еңбек етті. Ол кезде Қарқаралы автокөлік мекемесі (Автобазасы) аудандағы ең ірі мекемелердің бірі болып саналатын. Автокөлік мекемесіндегі машиналары аудандағы жүк тасмалымен тікелей айналысатын. Егін орып, мекемелердегі көліктер жол жөндеуге қажетті материалдарды тағы басқа жүктерді дер кезінде тасымалдап алдыңғы қатардан көрініп жүретін.

Сәкен мекеменің әлеуметтік саласында назардан тыс қалдырған емес. Автокөлік жүргізушілеріне арнап тұрғын-үй салуды қолға алып, жұмыскерлеріне қолайлы тұрғын-үйлермен қамтамасыз етті. Сол кезде тұтас бір көшедегі үйлер автобаза үйлері деп аталатын.

Жүргізушілер арасынан бірнеше бригада құрап сол кезде үрдіс бойынша Социалисттік жарыстар ұйымдастырып еңбек нарқын қыздыра түскен. Сыздықов Майдан, Қожасов Байса, Агиманов Орынбай, Усабаев Шәкеннің т.б азаматтардың бригадалары алдыңғы қатардан көрініп, ауданның партия комитетінің бюросының мақұлдауымен жергілікті газет беттеріне жарияланып отырды.

Кеңестің дәуірінде еңбек азаматтардың еңбегін үкіметтің наградаларымен марапатталып отыратын. Жоғарыдағы аттары аталған азаматтарды Ленин орденімен, көпшілікті Еңбек Қызылту, Құрмет ордендерімен, медальдармен марапаттады.

Осы кезді мақтап айтпасқа болмайды. Совет аға мекемеге берілген орден, медальдарды өзіне қарай бұрған емес. Марапатқа ие болмаса да, ұрпақтары, «Жан Әке» деп еміренеді, әріптестері, еңбек азаматтары «Ақиық азаматымыз» деп қадірлейді. Қатарластарға қалқа, ағайынға арқа, туыстарға тірегі, дос-жаранға адал тірек болды.

Совет араласатын азаматтарын лауазымына қарап таңдамайтын. Хатшымен де, еңбек азаматтарымен де бір деңгейде сөйлесе білген азамат.

Сәкеннің үйі автобазаға жақын болғандықтан мекемедегі жүргізуші достары Сәкеңмен бірге келіп ауқаттанып жүретініне куәміз.

Озық ойлы, жұмысты жедел ұйымдастыратын, басшылар ауданының партия комитетінің ылғи назарында болатын. Басшы болған Совет ағамызды 1987 жылы Қарқаралы ауданының атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына жоғарлатты. Бұл қызметте партия, кеңестер төрағасын атқарды.

1991 жылы әкімшілік жүйе ауысты да ол аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ауданның жол, құрылыс, электр жүйесі, жылу, сумен қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті. Күрделі қиын мәселерді шешуде, облыстық басшылар алдына дер кезінде мәселе қойып, ой желегімізге қабылдауға ықпал ете білді.

1995-2010 жылдары «ҚарағандыЭнерго» бірлестігінің Қарқаралы аудандық жоғарғы кернулі электр жүйелері мекемесінің басшысы болып қызмет етіп, осы мекемеден зейнеткерлікке шықты.

Қай салада еңбек етсе де, Совет ауданның экономикасының жаңаша дамуына, әлеуметтік мәселелердегі оңтайлы шешілуіне бір кісідей еңбек сіңіргенің ешкім жоққа шығара алмайды. Совет басшылық қызметтерде жүргенде өзінің кісілік келбетіне қылау түсірмеген үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болды. Жұмыс бабында талап қоюды дөрекілікпен ауыстырмаған басшы бола білді.

Отбасының тірегі – отағасы, ал ошағының жылуы отанасы екені белгілі. Ұлдарының ардақты анасы, немерелерінің қамқор әжесі, аяулы жан Өркен жеңгемізбен Совет ағамыз 50 жылдан артық бірге ғұмыр кешіп үлгілі азаматты дүниеге әкеліп, тиісті мамандықтарын алуына ықпал етіп бір-бір отау құрдырып, немерелерін сүйіп, бақытқа бөленді. Өркен жеңгеміз көп жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен атқарған.

Үлкен ұлы Қуан дәрігер. Қарағанды облысы бойынша қолы шипалы уролог. Жақсылық пен Жандос жоғарғы білімді инженер құрылысшылар. Астанамыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар.

Инабатты келіндерінің орындары бір бөлек.

Мен өз басым Совет ағаммен сол мектепте оқып жүрген кезден таныспын. Совет кіші жүзден болғандықтан ылғи Совет Әке деп жүрдім. Ол кісі мені Әкемай-ка деп еркелей атайтын. Студенттік кезде де араласып тұрдық. Қызметте болған кезде де қоян-қолтық араласып шаруашылық мәселерін ақылдасып жүретінбіз. Кісіліктілігі, парасаттылығы, адамгершілігі кімге болса да үлгі болатын Совет ағам бүгін ортамызда жоқ. Өкінішті…

Аллаға шүкіршілік ететін жәй Советтің артында жары Өркен, өмірінің жалғасы балалары, ғұмырының жалғасы немерелері бар. Алла осыларға ұзақ ғұмыр беріп, Советтің көрмеген қызықтарын осылар көрсін.

Тілек САДУАҚАСОВ,

Қазақстан Республикасының

еңбегі сіңген қайраткері,

Қарқаралы ауданының құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *