Парасатты отбасы

«Ауыл деген – мамыражай тыныштық, ауылдардан алыстамас ырыс-құт» демекші, әр отбасының осындай шырағы, шамшырағы ата-аналар туралы жылы лебіз білдіргеніміз артық айтқандық болмас. Ана, асыл жар – ердің сәулеті, жақсы жұбай, ер азамат – жарым бақыт демекші, отбасына көрік беріп, туған-туыс, көрші ағайындармен жақсы араласып жүрген жүрегі кең, тәрбиелі адамдарды көргенде бір жасап қаламыз. Ауылда тұратын адамдардың бітпейтін күнделікті тіршілік  өмірлері керемет. Есіктері де жабылмайтын, дастарқандары берекелі, өмірлері көңілді. Асқар таудай әкең айбының болғанда, ана айдының олар барда болмайды-ау қайғы-мұңың  демекші, балаларына қамқорлықпен айтылатын  жылы  сөздері  мәңгі бақи ұмытылмайды.

Отбасындағы ата-ананың татулық пен өзара сыйластығы, бауырмалдық, сабырлы мінездері балаларына үлкен әсер береді.   Қазақи бауырмалдылық, сыйласымдылық үлкен өмір мектебі. «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін», дегендей,  ержетіп немере сүйсек те ата-анамыздың мейіріммен айтылған жанашыр жақсы, жылы сөздерін есімізге алып, сағынамыз.

«Әдебі дұрыстың – сәлемі дұрыс» дегендей, М.Мамыраев ауылында отбасының шырайын келтіріп, көрші-қолаңға сыйлы ана, жылы жүзді Рақимаш Әжібекқызы деп аталатын, жаны жайсаң мейірімді әже бар. Жиырма тоғыз жыл табан аудармай осы ауылдағы «Балдырған» деп аталатын балабақшаның меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ол кезде бұл ауыл «1 май» деп аталған. Совхоз директоры Сағаткәрім Смақов деген жақсы адам болыпты. Ауыл кеңсесінде Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова қызмет атқарған.

Рақимаш апаның өмірлік жары Рымбек Жұмаділов еңбекқор, адамгершілігі мол азамат. Осы туған ауылында 36 жыл токарь болып еңбек етіпті. Еңбегі жақсы бағаланып, «Еңбек ардагері» деген медальмен марапатталып, ауылдық, аудандық кеңеске депутат болып сайланған.  Бұл күндері екеуі де зейнеткер Аллаға ризашылығын білдіріп отырған жайы бар. «Ислам дінінің негізі – адамгершілік»  дегендей, елін, туған жерін жанындағы бірге жүрген адамдарды бағалау, әр адамның асыл қасиеті деп жастарға үлгі көрсетуде.

Жүрек жылуын маздата жандырып жүрген, Рақимаш әже мен Рымбек ата бес бала сүйіп ержеткізді. Тек, жүректерін ауыртып, өнерлі қыз баласы Маржангүлі өмірден бақилыққа аттанып кетті…

Ақан деген нағашы атасы күйші, композитор болған екен, сол атасына тартып 4 жасынан бастап ән айтып сахнадан көрінеді. Мектептен кейін Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер училищесіне түсіп музыкалық білім алады. Алғашқы еңбек жолын «Ақжол» ауылындағы мектепте ән-күй сабағынан беретін мұғалім болып бастайды. Мектеп оқушыларын ән айтуға, сахна мәдениетіне, актерлік шеберлікке тәрбиелейді. Талантты шәкірттері дәстүрлі ән өнерінде бағы жанып, аудандық, облыстық тіпті республикалық конкурстарға қатысып, лауреат атағын жеңіп алады. Бұл күндері Айтолқын Шәймерденова мен Перизат Қасенова сияқты өнерлі, талантты шәкірттері ұстаз жолын қуып, өздері де өнер жолында ұстаздық қызмет атқаруда.

Маржангүл Жұмаділова училищеден кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша, 2015-2018 жылдар аралығында Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқуды да бітіреді. Көктас ауылында ұстаздық қызметін жалғастырады. Ботақара ауылының «Руханият» музыкалық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін де абыройлы атқарады. Қарқаралы қаласындағы «Салтанат» ән-би ансамбілінің құрамында әнші болып, 2000 жылы Болгария  еліне өнер көрсетіп қайтады. Сонымен бірге, Жүсіпбек Елебеков атындағы халық композиторлары әндерін орындаушылардың және дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы әндерді орындаушылардың лауреаты атағын жеңіп алады. Қаншама Құрмет грамоталары мен қоса Алғысхаттармен де марапатталады. «Учитель – это призвание» атты республикалық жинақ кітабына да есімі құрметпен жазылады.

Танымал айтыскер ақын Дидар Қамиев, өнер жолында бірге жүрген дәстүрлі әнші Маржангүл Рымбекқызын еске алу кешінде тебірене жырға қосты.

Жарқ етті де жұлдыздай ағып түсті,

Ажал осы сұрмерген қағып түсті.

Сен кетті деп өмірден естігенде,

Қып-қызыл шоқ жүректі қарып түсті.

 

Парасатың, адами арың қалды,

Жарасатын сұлулық сәнің калды.

Өлген жоқсың, өлмейтін, өлтірмейтін,

Жүректерде мәңгілік әнің қалды.

 

Өмір осы толқынды теңіз дейді,

Қуаныш пен қайғысы егіз дейді.

Артыңдағы шәкірттерің әніңді айтып,

Маржан ұстаз қайда деп сені іздейді.

 

Сен бізді сағындырдың, сағындырдың,

Ішінде жүрсің бе, әлде сағым қырдың?

Артыңнан дұға қылды жақындарың,

Ішінде бол, жәннаттық лағыл нұрдың!..

«Дүние, тіршілік ата-аналармен көрікті  ғой» демекші, өмірде елеулі үлгісі мен көргені мол осындай иманжүзді ана-аталармен өміріміз сәнді де көрікті болмақ.

Жандары шуақты, бауырмал, көпшіл әдемі өмір кешіп  жатқан  парасатты отбасына  сәттілік  пен  тәтті  ғұмыр тіледік.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ

Қазақстан  Журналистер

одағының мүшесі

 

Қарқаралы ауданы,

М.Мамыраев ауылы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *