Әке салған сара жол

Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарының жұмыс істеуі экономикалық тиімділікті арттырып, сонымен қатар азықтүлік нарығындағы үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға бейімделуі объективті қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан шаруа қожалықтары ауылдық аумақтарды дамытудың негізі болып қала береді. Олар агроөнеркәсіптік кешендегі өсу қарқынын жеделдетуде ғана емес, сондай-ақ ауылдың маңызды әлеуметтік міндеттерін шешуде де жетекші рөл атқарады: ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етеді; дәстүрлі өмір салтын сақтауға жәрдемдеседі; жергілікті бюджеттерді толықтыру көзі. Ауылда фермерліктің дамуымен жерді және өндірістің басқа да құралдарын тиімді пайдалануға жауапты толыққанды шаруашылық иесі қалыптасады. Сол себептен тұрақты жұмыс істейтін шаруа қожалықтары, ең алдымен ауылда жұмыс орындарын құру арқылы ауыл халқының  табысын ұлғайтудың маңызды көзі.

Ақадыр кентінің аумағында 67 шаруа қожалығы мен 2 ауылшаруашылық өндіріс кооперативі өз жұмысын жүргізіп келеді. Осылардың арасында өзіндік салмақты орны бар «Жанар» шаруа қожалығының орны бөлек. Бұл ауылшаруашылық құрылымы 1991 жылы бұрынғы «Ақадыр» кеңшарының (совхозының) Доңғал атты жерінен бастау алған. Бастапқы кезде қожалық жетекшісі болған Жұматаев Тілеубай – Детай (халық арасында осы есіммен танымал болған) Сағынбекұлы мемлекет иелігінен тек жер ғана алған екен. Жұбайы мен балаларының:

– Құр жерді не істейміз? Ел қатарлы тарап жатқан кеңшардан техника, мал алмаймыз ба? – деген сұрақтарына:

– Жер болмаса ертең көбейтіп алған малымызды қай жерде бағамыз?  Мал, техника аламыз деп елдің үлесін жинағанша қолымыздағы малмен шаруашылық құрып, кейін жылқы, ірі қара, қой-ешкі басын көбейтеміз. Техника да аламыз, тіршілігімізді жасаймыз, – деп отбасын жұбатқан екен.

Сонымен мемлекеттен алған жер телімі ғана болған шаруа қожалығы өздерінің жеке меншігіндегі 10 жылқы, 12 ірі қара, 70 бас қой-ешкімен еңбек жолын бастап кеткен. Әлбетте, әке қыз балаға мейірімін ерекше төгетіні белгілі, қожалықтың атауын ұлдарының ішіндегі жалғыз қызы Жанардың есімімен атайды.

Жылдан-жылға малдың басы көбейе бастайды. Ол үшін отбасы мүшелерінің шешімімен он жылға дейін малды оңды-солды жұмсауға тыйым салынады. Иеліктеріндегі малға  қысқы маусымға жем-шөп дайындау үшін  МТЗ-80 тракторын, шалғы, шөп тырнауыш сатып алып, жаз мезгілінде мал азығын дайындап отырады. 100 сиыр малына арналған қора (баз), малшыларға үш бөлмелі тұрғын үй салынады.

Он жыл өткен соң тағы да зауыттан енді ғана шыққан МТЗ-82 тракторы, пресс жабдығы, жаңа шалғы, шөпайырлағыш, тіркеме  техникаларын жаңалайды. Онымен қоса жедел жұмыстар жасау мақсатында ГАЗ-53, «Нива» автокөліктері қатарына Жапония елінде жасалған «Ландкрузер Тойота-200» көлігін қосып қойыңыздар.

Қазіргі кезде шаруа қожалығының иелігінде жылқы 250-ге, ірі қара 120-ға, қой-ешкі 400 басқа жетті. Осындай тынымсыз, қажырлы еңбектің арқасында кент қана емес, аудан көлемінде іргелі шаруашылықтың біріне айналғаны сөзсіз.

Өмір деген бір орында тұрмайды. Отбасының тірегі, қамқоршысы, өзінің артындағы ұрпағына үлгі-өнеге болған Тілеубай-Детай Сағынбекұлы мезгілсіз дүниеден озады. «Ақадыр» кеңшарының алғашқы кірпішін қалаушысы, іргетасын көтерушісі болған ол кеңшарда спорт нұсқаушысы, МТМ нормировщигі, кейіннен ветеринарлық дәрігер қызметтерін атқарған. Өмірінде тағы бір қырынан өзін көрсете білген, жастарды спортқа тәрбиелеген, аудан жұртшылығы арасында танымал футболшы болған. Марқұмның пешенесіне бұл фәниде 56 жыл өмір ғана бұйырыпты.

Шаруа қожалығының тізгіні енді бес баланың анасы, Тілекеңнің жұбайы Қарлыға Қойшыбайқызына ауысады. Кезінде Ақсарылы ауылының пошта меңгерушісі міндетін абыроймен атқарған ол балаларымен бірлесіп шаруашылықтың жұмысын дөңгелете білді. Осы санқилы міндетін үлкен жауапкершілікпен өткеріп, зейнеткерлікке шыққан соң жетекшілік тізгінін балаларының кенжесі Дамирге табыс етеді.

Дамир Тілеубайұлы – анасының, апа-ағаларының ақыл-кеңестерін тыңдап өсті. Жастайынан техниканың, мал өсірудің қыр-сырына қанық болды. Тіпті әкесінің жолын қуып, ветеринарлық дәрігер болсам деген арманы да жоқ емес еді. Бірақ, ол ойынан бас тартуға тура келеді. Өйткені, әкесі Қарқаралы қаласының зооветеринарлық училищесінде оқып жүргенде Иран деген жігітпен дос болады. Ол сол жақта орман шаруашылығының бастығы қызметіне келіп, досынан бір балаңды оқытып маған жібер, қол астымда егерьлікке кіргізіп, тәрбие беріп, қызметінде өсіремін деп қолқа салады. Әкенің айтқаны заң, көнбеске амал қандай! Досының тілегін орындауға бет алған әкесі оны Алматы қаласындағы Аграрлық университетінің «Орман шаруашылығы» факультетіне оқуға түсіреді.

Алайда, «Адамның айтқаны болмайды, Алланың бұйырғаны болады» демекші, Дамир оқу бітірген жылы әкесінің досы Иран кенеттен қайтыс болады. Бір жылдан соң әкесінің көзі де кетеді. Жас жігіт Алматы қаласында қалып, бірер жыл кәсіпкерлікпен айналысады. Анасына шаруашылықпен айналысу қиынға түсе бастаған соң, жанына көмекке келуге тура келеді. Міне, содан бері Дамир Тілеубайұлы анасының жанында, шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп келеді. Жасы ұлғайған анасына жан тыныштығын сыйлау мақсатында Ақадыр кентінің қақ ортасына бүкіл жағдайы қарастырылған ауласы да, іші де кең, сәулеті көз тартатын зәулім үй салды.

Дамир Тілеубайұлынан шаруа қожалығының жетістіктері жайлы қойған сауалыма:

– Мен Ақадыр (қазіргі Шет) ауданының Ақсарылы ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әке-анамның жақсы тәрбиесін алдым. Үйдің кенжесі болғандықтан ба, апа-ағаларым да білгендерін, ақыл-кеңестерін айтуды аямайтын. Сол ауылдың орта мектебінде оқыдым. Мектеп бітірген соң әкемнің қолпаштауымен Алматы қаласына барып жоғарғы оқу орнына түстім.

Университетті бітірген соң үш жылдан кейін ауылға қайттым. Келе сала анама шаруашылықты жүргізуге көмектестім. Жеріміз құнарлы, жусаны мен көдесі мол, мал өсіруге әбден ыңғайлы. Жылда өзіміздің күшімізбен жеткілікті етіп малдың қысқы азығын дайындаймыз. Шаруашылығымызды нығайтып, мал басын көбейтуге бар күш-жігерімізді салып келеміз, – деп сөзін түйіндеді.

Ал енді өміріндегі қызықты сәттерге тоқтала кетсеңіз деген сұрағыма:

– Ұмытпасам, 1986 жылы үшінші сыныпта оқып жүрген кезім. Аудан орталығынан 4 шақырым жердегі Тойтөбеде аудан басшылары ұйымдастырған сабантой өтті. Ол жерде спорттық ойындардан (қазақ күресі, қол күресі, кір көтеру, тай жарысы, құнан жарысы, аламан бәйге, т.б.) шаралар өтіп жатты. Мереке күні лотерея ойыны да ойнатылды. Әкем мен анам сол тойға үш билет алған екен. Кезек автокөлік ұтысына келгенде анам қарап тұрған бір билетінің сандық номерлері сәйкес келе қалғаны. Қарайды да, сенер-сенбесін білмей тұр. Ойын жүргізушілері билеттің сандарын қайта-қайта қайталаған соң мені қолымнан қатты қыса ұстап алып, сахнаға жүгіре жөнелді. Қыр басында отырған әкем де бізді байқап, ол да қуанышы қойнына симай екі қолын көтере жүгіріп келеді. Сол отбасымыздағы болған қуанышты мезет әлі күнге дейін көз алдымда. Осы күнді еске алғанымда, әкеге деген сағынышым ба, қайта қайтып келсе деп армандайтын күндерім де болады.

Сабантойдан үлкен қуанышқа кенеліп, отбасымызбен олжалы болып судай жаңа «Жигули» автокөлігімен ауылға бет алдық. Бірнеше күн бойы үйімізден құттықтап келген туған-туыс, көрші-қолаң, ауылдастар арылмады. Сол жолы ұтып алған «Жигули» автокөлігі әлі күнге дейін бар. Еш жері шірімеген, сол қалпы. Талай адамдар сатыңыз деп келсе де, әкеміздің көзі деп ешкімге қимаймыз.

Ал енді студенттік кезімдегі оқиғаларыма тоқталсам, бір жылдары күз айында біздерді Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай ауылына ауылшаруашылық жұмыстарға темекі өнімін жинауға жіберді. Әрбір студентке орындау межесі қойылатын. Әр адам 1 тонна темекі жапырағын жинап өткізулері қажет. Осы тапсырманы орындап шықса жұмыстардан алдын-ала босатылады. Бізді басқарып жүрген шаруашылық агрономы Ришат есімді ұйғыр жігіті болды. Жас отау иесі. Неге екенін білмедім, мені таразышы (весовщик) жұмысына тартты. Оған менің көрсете білген жауапкершілігім мен ұқыптылығым ұнаған болса керек. Отбасының мүшесіндей соның үйінде тұрып жаттым. Күнделікті тамағым да солардан. Таразышы міндетін атқарып жүргенімде ешкімге білдірмей жерлестеріме көп көмек бердім. Ол уақытта бұл жаққа жұмысқа Алматыдағы бүкіл жоғарғы және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттері келеді. Әрқайсынан қай облыстансың деп сұраймын. Жезқазған облысынанмын десе болды, әкелген өнімдерінің салмағын көбейтіп жазамын. Тапсырмаларын ерте орындап қалаға кете баратын. Сөйтіп, шалғайда жүрсем де, жерлестерімді қуанышқа бөлеп бақтым.

Агроном Ришатқа да қатты ұнадым. Жұмыстан қалаға қайтарда маған қиылып: «Оқуыңды бітірген соң осы жаққа кел, сені жақсы бір жұмысқа орналастырамын, бірге еңбек етеміз» – деп қимай-қимай әрең жібергені әлі есімде, – деді.

Шаруа қожалығының жасап жатқан еңбегі әрдайым бағаланып келеді. 2016 жылы Шет ауданы бойынша «Үздік шаруа қожалығы» аталымын жеңіп алған. Бірнеше рет аудан, кент әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарымен марапатталған. Бір жылдары қожалық жетекшісі болып жүргенде аналары Жұматаева Қарлыға Қойшыбайқызы республика көлемінде жеке кәсіпкерлерге, ауылшаруашылық саласының тұлғаларына, жалпы еңбек адамдарына берілетін «Ұлт мақтанышы» төсбелгісімен де наградталған.

Шыққан тегін ерекше құрметтеген Жұматаевтар отбасы тек қана еңбекте ғана емес, спортқа да бейімділігін көрсетуде. Әкелері Тілеубай-Детай Сағынбекұлының есімін ұлықтау мақсатында 2000 жылдан бастап, ширек ғасыр бойы футбол ойынынан марқұмды еске алу турнирін өткізуде. Бас кезінде бұл додаға Ақадыр өңірінің командалары ғана қатысса, кейіннен ауданның, облыстың, республиканың елді мекендерінің командалары қатысатын біріншілікке айналған. Турнир ресми спорттық бәсеке ретінде негізделіп, республика көлемінде өткізілетін мемлекеттік кестеге енгізілген. Жылдағы дәстүр бойынша жарыс жеңімпаздарына жүлделерді отбасы мүшелері тағайындайды.

Дамир Тілеубайұлының өмірлік жұбайы Жұлдыз Оразалықызының мамандығы мұғалім. Кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Жұлдыздың анасы Гүлшар Қадырқызы ХІХ ғасырда меценаттығымен танылған, мыңдаған жылқы, қой малын айдаған, Арқада ең алғашқы болып бидай, арпа егіп, егін орған, Успен руднигінен Петропавл қаласына дейін 40 керуенмен (2000 түйе – әрбір керуенде 50 түйеден) кен өнімін тасымалдаған Қарсыбек байдың немересі.

Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп өсіруде. Медина қыздарының жасы 18-де, Қарағанды қаласының «Лингва» университеті жанындағы колледжінде оқып жатыр. Әрі қарай жоғарғы оқу орнына түсіп, ағылшын тілінің маманы болмақшы. Арманы аудармашы болу.

Ұлдары Әбілқайыр 16 жаста. Қарағанды қаласының Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт-интернатында оқиды. Он жыл бойы дзюдо күресімен тұрақты түрде айналысады. Жетістіктері де жоқ емес, спорт шеберлігіне үміткер. Биылғы жылы Босаға ауылының 90 жылдығына орай өткізілген қазақ күресінен болған жарыста жүлделі орыннан көрініп, теледидар ұтып алды.

Кіші ұлдары Асанәлі мен Ержан мектеп жасындағы балалар, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушылары. Олар да күрес секциясына барады.

Соңғы жылдары ауылдағы ағайынның еңсесінің көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мал бағып, ет, сүт, қымыз өнімдерін молайтып, егін егіп, астық алып шаруаларының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады. Бастысы еңбек ету керек.

Бүгінгі әңгімемізде ауылымызда кәсібін өркендетіп отырған шаруа қожалықтарының бірінің жұмысымен барынша таныстырып шықтым. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Ендеше, әкелерінің салған сара жолымен аяқ басып, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Жанар» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық деп ойлаймын.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *