Тәуелсіздік алғаннан кейін ел басшысы Монғолия еліне сапарлап барғанда, 17 жастағы қаршадай қазақ қызы ұзақ арнау айтқан екен. Сөзі айшықты, дауысы ғаламат қыздың арнауында алыстағы ағайынның атажұртқа деген сағынышы, аңсауы, өксігі мен өкініші, болашаққа деген зор үміті айқын аңғарылса керек. Көзіне жас алмаған адам болмады дейді.
Арада талай уақыт өткеннен кейін Қазақстан президенті жаңағы қызды іздестіреді, атын ұмытып қалыпты. Сол қыз президенттің қалауымен елге келеді. Кеншілер Мәдениет сарайында өткен «Саған халқым» атты ән кешінің басты кейіпкері Меруеш Башай Монғолия елінен келген жас қыз болатын.
Елге келгенге дейін де көршілес елдің өнер мен мәдениетке байланысты атақтарын түгелдей дерлік еншілеген Меруеш Башай жай ғана әнші емес еді. Бірқатар шетел мемлекетінде бағын сынаған өнер майталманы болатын. Даусы ерек әншіні Қарағанды өнерпаздары жатсынбады, бауырына тартып, өнерінің өрістеуіне жол ашты. Осы қалада еңбек ете жүріп, қайраткерлікке бет бұрды. Жан-жақтан көшіп келіп жатқан қандастарға көмек қолын созды. 10 мыңнан астам адамның азаматтығын алуға ықпал жасады. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына сайланды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстағы филиал басшысы қызметін қоса атқарып жүрген жайы бар. Республикалық «Отандастар» қорының бас сарапшысы ретінде тағы танымал. Көпбалалы ана ретінде «Күміс алқа» орденімен марапатталғанын да айта кетсек артық емес. Осыншама жұмыстарды атқара жүріп, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды облыстық филармониясының әншісі болып еңбек етеді. Бәріне уақыт табады, бәрін орнына келтіреді. Мақтағанымыз емес, шын мәнінде табанды, қайсар жан. Заңгер, экономист мамандығы тағы бар. Қолөнерден де махрұм емес, көрмелерге қатысып, бас жүлдесін иеленетінін естіп жатамыз. Халықтың қажеті үшін қалтасындағы қаржысын да жұмсап жіберетіні бар. Мұны айтқан әріптестері. «Ол рас әңгіме», – дейді жан қосағы Ерлан Бақтыгерей. «Былтырғы жылы астымдағы көлігімді сатып, ағайынның қажетіне жаратып жіберген».
Осындай үлкен қадамдарға барып жүрген Меруеш Башай бүгінде ҚР Мәдениет қайраткері болса, Ерлан Бақтыгерей Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижеры. Қарағанды қаласында өткен облыстық мәслихаттың 30 жылдығына арналған шығармашылық кешті отбасылық кеш деп айтуға да болатындай.
Мәдени кеште халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Өзгеріс Шерікбайұлы, Дінасыл және Ерасыл Бақтыгерей қатысты. «Аққу» фольклорлы-хореографиялық ансамблі, «Арай» ансамблі өнер көрсетті. Нұрқуат Бақтыгерейдің шырқаған әніне қол соқпаған адам болмаған шығар. Ерлан Бақтыгерейдің ұлдары құлақ күйі квинта бұрауымен келтірілетін, ысқышпен тартылатын скрипка тектес 4 шекті аспапта шебер ойнады.
Халықаралық және республикалық вокалистер конкурстарының лауреаты Меруеш Башай Жапонияда, Кореяда, Ресейде, Қытайда, Түркияда, Германияда, Францияда, Монғолияда ән шырқаған өнер тарланы екенін айта кеткеніміздің артықшылығы болмас. «Ән – көңілдің кілті» деген рас, басты өнер көрсеткен Меруеш Башайқызының келісті өнері көпшілікті сүйсінтпей қоймады, қандай ән айтса да нақышына келтіріп, әсем даусы көпшілікті баурап алды. Һас өнерге сусаған халық біржарым сағаттық концертке мейірі қанбаған түр танытты. Кешті жүргізген ақпарат саласының үздігі Қымбат Досжанның шеберлігінде мін болған жоқ.
Кеш соңы әдеттегідей сый-сияпат тапсыру рәсіміне жалғасты. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ә.Ү.Әлденей, Облыстық мәслихаттың төрағасы Н.С.Қобжанов, Астанадан келген «Отандастар» қорының төрағасы Ж.Б.Леспеков, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Д.Р.Қадыров ізгі тілектерін айтып, құттықтау хаттары мен сыйлықтарын тапсырды.
Аңғар СМАҒҰЛ,
журналист