Кәсіби мереке аясында қарағандылық мұғалімдерге Кеншілер мәдениет сарайында құрмет көрсетілді. Бұл күні ұстаздарға жылы лебіз, құттықтаулар, гүлдер, марапаттар, музыкалық шашу және тосынсыйлар болды.
Салтанатты рәсімде 40 жылдық тәжірибесі бар тәрбиеші Жәмилә Ахмадиева мен жас дене шынықтыру мұғалімі, балалар үйінде тәрбиеленген Владимир Бородастовқа екі бөлмелі пәтер кілтін тапсыру – күтпеген сыйлық болды. Пәтерді жергілікті кәсіпкер сатып алуға көмектесті.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы комиссия құрылып, кезекте тұрғандардың барлық тізімін мұқият талдағанын айтты. Іріктеуде негізінен әділеттілік басты қағида болды.
Жәмилә Ахмадиева «Бақыт» балабақшасында жұмыс істейді. Бірақ заң бойынша зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол 20 жылға жуық тұрған тұрғын үй кезегінен шығарылған екен.
– Ұлым екеуміз әрдайым жалдамалы пәтерлерде тұрдық. Қазір менің төрт немерем бар. Зейнетке шықтым, бірақ жұмысымды жалғастырамын. Бұл оқиға шынымен де менімен болып жатқанына әлі сенбеймін. Эмоцияларым шексіз. Менің арманымды жүзеге асырғандардың барлығына рақмет. Енді өз баспанам бар, – дейді тәрбиеші Жәмилә Ахмадиева.
Владимир Бородастов 10 жыл бұрын, балалар үйінен шыққаннан кейін бірден тұрғын үйге кезекке тұрған.
– Мен өте бақыттымын! Әйелім де мұғалім. Біз бір ұл тәрбиелеп отырмыз, тағы бір балалы боламыз деп күтіп отырмыз. Біз жалға берілетін пәтерге үміттенген едік. Алайда күтпеген жерден осындай сыйлыққа ие болып отырмыз, – деп бөлісті ол.
Ермағанбет Бөлекпаев бес педагогқа «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогтары» төсбелгілерін табыс етті. Облыстық ерекшелік белгісі бірнеше жыл бұрын мұғалімдер еңбегінің беделін арттыру үшін құрылған. Оған 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы қоса беріледі.
– Біз сіздерді, құрметті ұстаздарды жылдар бойы қалыптасқан тамаша дәстүр бойынша кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Жыл сайын білім беру жүйесіне 600-ге жуық жас педагог келеді, олардың арасында облыстық бюджет есебінен білім алатын түлектер бар. Биыл облыс бюджетінен педагогикалық мамандықтарға 20 грант бөлінді, 50-ден астам адам жоғары оқу орындарын бітіріп, білім мекемелерінің ұжымдарын толықтырды. Барлық мұғалімге денсаулық, күш-қуат, шабыт, жақсы оқушылар және сіздердің асыл миссияларыңызға жаңа табыстар тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Төсбелгі иегерлерінің бірі – Шет ауданы Өспен ауылындағы Сәкен атындағы мектептің математика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Қошқарбаева. 40 жылдан астам өмірін ол осы мамандыққа арнаған, оның оқушылары – аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.
– Бес жасымнан бастап шахматпен айналыстым және әрқашан математиканы жақсы көрдім. Сәкен атындағы мектепте оқыдым және осында сабақ беремін. Мен үшін әрдайым жүрегі кең, әрі білімі терең тәтем үлгі болды, тәрбиешім болды. Мен балаларды жақсы көремін, сондықтан мен мұғалім жолын таңдадым. Жылдар бойы оқушылар мені күлімсіреп қарсы алған кезде қатты қуанамын. Мен жас мұғалімдерге айтқым келетіні: сіздер бұл мамандықты таңдағанда, оны шын жүректен жақсы көрулеріңіз керек. Бізге өмірге жолдама берген ардагерлерге үлкен рахмет. Барлық әріптестерді мерекемен құттықтаймын, денсаулық пен амандық тілеймін, – дейді Гүлбаршын Қошқарбаева.
Педагогтарға басқа да марапаттар табысталды: «Ы.Алтынсарин», «Еңбек ардагері» және «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгілері табыс етілді.
Өңірде барлығы 420 мектеп жұмыс істейді. 25 мыңға жуық педагог өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосуда.
Мұғалімдерге ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары және алғысхаттар табыс етіледі.