Алғашқы мұғалім

Құрметті оқырман! «Арқа ақшамы» газеті бетінде аймағымызға белгілі болған, ұмытылмас мұра қалдырған ақын, жазушылардың шығармаларын беріп, қалың оқырманмен таныстыруды жөн санадық. Ұмытылмас ұлы тұлғалардың еңбегі қолыңызда болса жариялауға жіберіңіз.

Редакциядан

 

Тұңғышбек Дәлмағанбетұлы (1895 – 1972) Қарқаралы уезі Мойынты болыстығының екінші ауылында дүниеге келген. Әкеден жастай қалып, жоқшылықтың зардабын татып өскен адам. Шет өңірінен шыққан алғашқы мұғалімдердің бірі. Партия, кеңес  органдарында басшы қызметтерде болған.

Өлең-жырлары мерзімдік басылымдарда жарық көрген. Бірқатар құнды дастандар жазған. Айтысқа да түскен.

 

БОЗШАКӨЛДЕ

 

Сарысудан ағылшындар зауыт салған,

Қазақтың кедейлерін жалдап алған.

Зауатты өртеп кетті жиырмасыншы жыл,

Жұмыскер жұмыс таппай қарап қалған.

 

Бос жатқан Бозшакөлге көшіп келіп,

Орнаған Ленин атты қоғам болып.

Оқыттым жұмыскердің балаларын,

Жиырма тоғызыншы жыл соған келіп.

 

Мұғалім келгеннен соң Бозшакөлге,

Қалмады оқымаған ешбір пенде.

Аңсаған оқу іздеп жұмыскерге,

Аянбай, адал еңбек еттім мен де.

 

Оқыттым үлкенді де, кішіні де,

Қайтармай іздеп келген кісіні де.

Дуылдап сауық құрып, өлең айтып,

Өзгерді Бозшакөлдің пішіні де.

 

Ол кезде бір болыста бір-ақ мектеп,

Арнаулы сектеп үйі салынған жоқ.

Шаруаның ауыз үй мен төргі үйінде,

Төрт класс екі мезет сабақ өтет.

 

Оқыды сол мектептен жас пен кәрі,

Бәрінің білім алу – ынтазары.

Оқыған сол мектептен бір талайлар,

Істеп жүр адал еңбек қазір бәрі.

 

Оқыған Бозшакөлде болып жатақ,

Алмаған содан бәрі жаман атақ.

Отанға адалдықпен ебек еткен,

Кетейін кейбірінің атын атап.

 

Серіков Әкім дағы зерек еді,

Иманбаев Әйешті ел біледі.

Қызкен, Мұқыжан мен Исатайлар,

Бәрі де Бозшакөлдің түлегі еді.

 

Алтыбай, Мақыжан мен Кешубайдар,

Сәулебек, Әдіхан, Жалау, Балғабайлар.

Бәрі де сол үйден ұшқан түлек еді,

Сағымбек, Көбжан, Шаян, Тұрабайлар.

 

Тағы да көп жылдар өткен еді,

Ойлаған мақсатына жеткен еді.

Кейбірі өле-өлгенше адал істеп,

Мезгілсіз арамыздан кеткен еді.

 

БҰҒЫЛЫ

 

Бұғылы асқақтаған басың биік,

Жаз шығып көк торғыннан шапан киіп.

Жан-жақтан ұшпалы бұлт күнде келіп,

Түнейді сағынғандай сипап сүйіп.

 

Мекені колхоз, совхоз Бұғылытау,

Жиналған әр саласы бақша мен бау.

Ауасы жанға жайлы, дертке шипа,

Болады араласаң бар денең сау.

 

Бір өзен Бұғылыдан аққан сала,

Бұраңдай күміс көбік суын қара.

Қабағы екі бірдей толған егіс,

Салынған жағалата қалың құрылыс.

Атайды бұл өзенді Шолақеспе,

Егіндік-шабындығы мол-ақ еспе.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *