Еуропалық түрдегі ұлттық мемлекет құра аламыз ба?

Қазақстанның біржола тәуелсіздік алуы көз алдымызда өтіп жатыр. Әйтсе де әділін айту керек, отыз жылдан астам уақыт бойы біз ұлттық мемлекет құруда өте шабан қимылдап жүрміз. Төмен деңгейге түскен жоқпыз десек те, ауыз толтырып айтарлықтай қол жеткізген нәтижелерміз де қуанарлық емес. Қазақстандықтардың титулдық ұлттың айналасына топтасуын әлі күнге дейін аяқтай алмай келеміз емес-ау, оны тіпті бастаған да жоқпыз.

«Туған жер» түсінігі көптеген қазақстандықтың саяси және идеологиялық бағытына айналмады. Оның бірнеше себептері бар. Соның бірі – мемлекеттік  органдардың моноұлт құру саласындағы процестерге әсер ету қабілетінің шектеулі болуы. Мемлекеттің бұл бағытты іске асыратын ұзақ мерзімді іс-қимыл бағдарламасы жоқ. Билік өздерінің оппонеттеріне аракідік болса да боп тұратын этникалық қақтығыстарды олардың өздерінің саяси мүдделеріне пайдалануға мүмкіндік беріп әлжуаздық танытатыны бар. Қабылданып жатқан қысқа және орта мерзімді жоспарлардың бәрі дерлік сыртқы саясат пен экономикалық саясатты қалыптастыру мақсатын ғана көздеп отыр. Ал ішкі саясатта тәуекелді тұстардың көп екенін білмейтіндей сыңай танытады. Мемлекеттік ұйымдар интеграциялық бастамалардың бәрін – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру, шетелдік инвестицияларды тарту, қазақстандық активтерді шетелдік иелерге беруде ұлттық мүдделерді қорғауда халық ұстанымын бұғаттау үшін жұмыс істейтіндей. Осыдан келіп, ұлттық идеологияны қалыптастыруда – моноұлттық  мемлекет құруға бағытталған бағыт бізде тым әлсіз дейтініміз сондықтан. Қазақтардың орыстілді бөлігі арасында эмиграцияланудың өсуі байқалады. Ұлттық патриоттар арасында мемлекеттің ұстанған курсын қолдауы некен-саяқ. Кезінде экс-президент Н.Ә.Назарбаев құруға ұмтылғын ұлттық мемлекет моделі (Егемендік туралы деклорацияда) – бұл кәдуілгі еуропа моделі еді. Оған мына белгілер тән: титулды бір халық; бір мемлекеттік тіл; мемлекеттік-этникалық символика; мемлекеттік тілді азғантай халық біледі, азшылық позиция тұрғысынан өз тума тілі болса да жалпы мемлекеттік патриотизмді қолдайды-мыс.

Бүгінгі еуропадағы ұлттар – өздері бекіткен бір ғана тілде сөйлейтін сауатты ұлттар. Ондағы ұлттар субэтникалық топтан жоғары саналады. «Біз немістер – бірінші орындамыз», «ал біз, баварлықтар, – екінші орындамыз». Немесе «біз француздар» – алдыңғы орындамыз, «біз провансальдылар, элзастықтар, креолдар – кейінгі орындамыз» дейтін түсінік берік қалыптасқан. Қазақстанда бұндай түсінік жоқ. Ұлттың қалыптасу процесі кезінде Патшалық Ресейдің шеткі аймақтарында, одан соң СССР республикасында өтті. Мұның өзі күшті русификациялану процесі құрсауында болды да, тәуелсіз мемелкеттің құрылу сәтінде толыққанды моноұлт құра алмай отыр. Ұлттық қалыптасу процесі әлі жүріп жатыр. Бірақ өте-мөте қиын жағдайда жүріп жатыр. Қазақстан уақыттың «құрсауында» қалды. Егер еуропалық елдерде бұл процесс біртіндеп жүзеге асса, Қазақстанда қысылтаяң кезде ұлттық әрі демократиялық құрылымды қатар құру міндетін шешу арқылы жүруде. Еуропада жергілікті ұлттар өздерінің ұлттық мемлекеттерін демократиядан көп бұрын құрып алған еді. Көптеген еуропалық мемлекет бір титулдық этностың негізінде, сол этностың мемлекеттік тілі негізінде құрылды. Осы тұрғыдан алғанда, Германия мен Франция таза этнократиялық елдер қатарына жатады. Әлбетте, ұлттық мемлекет әуелден болғаннан соң, енді демократия, ұлттық азшылықтың либералды құқықтары, бір ұлттан жоғары тұратын жалпы еуропалық біртұтастық туралы ойлануға болады. Алайда бұл жерде мультимәдениеттіліктің азаматтық ұлт қалыптасып болған кезде ғана жүзеге асатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан бүгінде этнократиялық мемлекетті құру бұл архаикаға бару, өркениеттің жолын жабатын құбылыс ретінде қарастыралатын болды.

Қазақстанда этнократиялық мемлекет құруға ұмтылу 1990 жылдардың басынан басталады. Осы кезде ұлттық құрылым құру процесі этнократиялық коннатация алған бірқатар заңнамалық құжат қабылданды. Қазақ ССР-і Егемендігі туралы деклорацияда (1990 жыл) қазақтар мемлекетті құрушы ұлт болып саналды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» (1991 жыл) конституциялық заң қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын заңдастырды. 1993 жылғы Конституцияда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі қазақ ұлтының мемлекеттілігі ретінде анықталды.

Алайда бұлайша этнократиялық өлшем тұрғысынан келу, орыстілділердің үдере көшуіне түрткі болып, 1995 жылғы Конституцияда саяси-аумақтық (территориялды) болып өзгертілді. Мұнда Республиканың субъектісі ретінде қазақстандық ұлт үстемдік алды. Мұндай географиялық байлам ұлтшылдықтың либералды моделін жүзеге асыруға жол ашты. Бірақ қазіргі Германия немесе Франция сықылды ұлттық мемлекет құру туралы Қазақстанның идеясын жүзеге асырудың ауылы алыста әлі. Мұндай идеяны толыққанды іске асырудың өзі бұлыңғыр болып отыр. Осыдан келіп біздің ұлттық бірегейліктің ішкі мазмұнында – этникалық па, әлде азаматтық бірегейлік маңызды ма деген мәселе өзектілігін жомай тұр.

Орыстілді жастардан алынған сауалнама «қазақ идеясы» азаматтық бірегейлік құрылымның негізін құрамайтынын көрсетті. Әр жылдардағы титулдық ұлттың айналасында этникааралық бірігу идеясын қолдаушылардың саны ең төмен нәтиже беруде. Қазақтардың этникалықбірігуі ретінде түсінілуге тиісті жастардың бірігуінің қиындығының астарында қазақтілді жастардың арасында алынған сауалнама олардың «шалақазақ», «нағызқазақ», «асфальттықазақ», «ауылқазақ», т.б. деп бөлінетіндігі жатқанын аңдадық.

Ұлттық бірегейліктің қалыптасуы – бүгінде Қазақстан үшін тағдыршешті мәселе. Алайда, республикада бұл сала бойынша жүргізілген ғылыми ізденістер жоқтың қасы. Ғылыми-білім беру қауымдастығы тарапынан (жоғары, орта, жалпы) ұлттық бірігу, бірегейлік жолдарын қарастыруға қатысты ешқандай ұсыныстар болған емес. Қазақстанда бұл тақырып аясында ешқандай пікірталас жүргізілмей келеді. Осындай орайдан алғанда, ұлттық бірегейлікте Қазақстанның орналасқан географиялық жағдайы онша қолайлы болмай тұр, егер Қазақстанды Жапониямен салыстырар болсақ, онда ұлттық бірігу, бірлік мәселесінде еш қауіп жоқ. Ал Қазақстан үшін, ұлт егемендігін қорғауды айтпағанның өзінде, азаматтық ұлт құру – ұлттық бірігумен тең қарастырылатын мәселе. Ұлттық бірігуді талап ету – қазақстандықтардың бойында өздерін қандай ұлттық мемлекетке жататыны жөнінде еш күмән туындамауы тиіс дегенді білдіреді.

Ұлттық бірегейлік құру процесі идеологиялық, әдіснамалық, институционалдық мәселелерді жүйелі түрде зерттеуді, Қазақстан Республикасының ұлттық идеясы тұжырымдамасын әзірлеуді және іске асыруды талап етеді. Соңғысында ұлттық мемлекет құру саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары тұжырымдалуы керек. Ұлттық идея мемлекет, қоғам және жеке тұлға дамуының мақсаттары мен міндеттерін анықтауда, ұлттық саясаттың әдістері мен құралдарын таңдауда, ұлттық ұғымдар мен образдардың қалыптасуында құнды бағытқа айналуы керек. Оның қабылдануы екі мәселені шешу қажеттілігімен байланысты: мемлекеттілікті нығайту және модернизация негізінде жаһандық бәсекеге қатысу. Бұл міндеттер Қазақстан халқының, ең алдымен оның жастар сегментінің, күшті ішкі мобилизациялануын талап етеді.

Ұлттық бірейлік түсінігіне негізделген ұлттық идеяны дамыту мен іске асырудың перспективалары этнодемографиялық процестермен, оның ішінде халықтың табиғи өсу динамикасы мен көші-қон процестерінің динамикасымен қатар анықталады. Бұл процестердің негізгі бағыты бекерге урбанизациялану – қалаларға ауыл тұрғындарының, қалалық ортаға бейімделуіне мүмкіндік бермейтін көп көлемде үдере көшуі. Ал осы мигранттар қаланың өмір салтына ауылдың дәстүрлі өмір салтын алып келеді. Мұның өзі маргиналдардың кең тобының қалыптасуына әкеліп соғып, ұлттың бірігу принципіне нұсқан келтіреді. Бүгінгі таңда қазақ қоғамының идеологиялық негізде топтасу деңгейі өте төмен.

Шартты түрде ұлттық идея ретінде мынадай тұжырым жасауға болады: Қазақстанның мемлекет ретінде сақталуы және оның болашағын азаматтық ұлтшылдық және тұрақты даму арқылы қамтамасыз ету («Жаңа уақыт, жаңа бағыт. Жаңа Қазақстан»).

Ұлттық идеяның негізгі қағидаттары (принциптері):

– Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі маңызы мен құндылығын баса көрсететін азаматтық ұлтшылдық. Ұлтқа жатудың негізгі өлшемі – Қазақстан Республикасының азаматтығы. Сонымен бірге бұл жерде қазақ этносы анықтаған рәміздер де қатар сақталады.

– Қалалық (урбанизацияланған) қазақтар референттік топ ретінде. Қазақтар – азаматтық ұлт қалыптастыруда жүйе құрайтын тірек этнос, оның бірігуінің негізі және осылайша өзінің тарихи миссиясын орындайды. Бірақ бірікпегендіктен, ұлттық идеяның негізіне жаңғыруға бағыт алған Қазақстанның мүддесіне жауап беретін референттік топтың ұстанымын негізге алынуы керек.

– Этникалық ұлтқа қарамастан, барлық қазақстандықтың өзара теңдігі. Конституцияда көзделгендей, республиканың кез-келген азаматына өзін-өзі жүзеге асыру үшін қажетті құқықтар мен бостандықтар арқылы тең мүмкіндіктер берілген.

– Модернизациялануға қажетті мақсаттар мен құндылықтар. Өмірдің негізгі мақсаттары мен құндылықтары ретінде қалалық мәдениеттің мына параметрлері ұсынылады: урбанизация, индустриялизация, модернизация, білімділік, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, зияткерлік (интеллект). Модернизацияланудың талаптары, әлемдік еңбек бөлінісі және бәсекелестік қабілеттілік – білім мен интеллектуалды дамуға деген қатынасты анықтайды: Қазақстандықтар – білімді (интеллектуалды) және бәсекеге қабілетті ұлт.

Ұлттық идеяның модернистік көзқарасы қос демографиялық мәселені шешуге бағытталуы керек: халықтың өсуін адам әлеуетінің сапасын күрт өсірумен қамтамасыз ету.

Қазақстан халқының құрылымындағы арақатынас өзгерістерінің ауылдық пен маргиналдықтың пайдасына шешілуі модернизациялану жобасына қауіп төндіреді. Бұл тенденцияны елдегі қол жетімді адами әлеуетті, модернистік көзқарастарға сәйкес қорғаусыз өзгерту мүмкін емес. Қорытынды тезис: Қазақстанның болашағы адам әлеуетінің сапасына байланысты.

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты,

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы

Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты

ІІО тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *