Алаяқтар айылын жияр емес

Алаяқтықтан жапа шеккендер саны артпаса, азаяр емес. Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті 24 қаржылық пирамиданың жолын кескен. Жалпы алданғандар саны 3 мың адамнан асқан.

Атышулы ресейлік әйгілі алаяқ Сергей Мавродидің «МММ» компаниясы тоқырау уақыты 90 жылдары құрылған қаржы пирамидасына 15 миллион адам ақша салыпты. Олардың арасында қарапайым жұмыскермен қатар жоғары шенді мемлекеттік қызметкер, қылмыс әлемінің серкелері де болған екен. Тіпті, «МММ»-ның акциялары рубльмен қатар айналымға түсіп, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндірген де кездер болған.

Кейін әлгі алаяқ ұсталып, ұзақ жылға түрмеге қамалды. Жазасын өтеп шыққан соң «МММ-2», «МММ-3» компанияларын құрады, салымшы жинады.

Дегенмен, қазақта «ауызы күйген үрлеп ішеді» деген болушы еді. Алайда Мавродий кеткенімен ізбасарлары жолын жалғастырып, әлі күнге дейін халықты сан соқтыруда.

Маңдай терімен тапқанын алаяқтың қолына санап берудің салдарынан бір ғана Қарағанды облысында бірнеше қаржылық пирамида өз әрекетін жасауы айғақ болса керек.

Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ернар Махаев:

– Қаржы пирамидасын құру және оның қызметіне басшылық ету – бұл халықтың мүддесі мен құқықтарына, сондай-ақ, мемлекеттік биліктің беделіне әсер ететін ең күрделі қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірі. Қаржы пирамидасы – тиімді инвестицияларды имитациялайтын алаяқтық жоба. Қаражат ақша салып қана қоймай, өзімен бірге басқа адамдарды да тартатындардың есебінен түсіп тұрады. Бұл ретте пирамиданың жоғарғы жағындағылар шынымен табыс таба алады. Ал, соңынан келгендер аңғалдықпен ақшаларын салып, алданып қала береді, – дейді.

Бүгінгі күні қаржы пирамидаларын құру мен басқаруға қатысты 12 іс сотқа жолданған. Сондай-ақ интернет кеңістігінің мониторингі көмегімен қаржылық пирамида белгілері бар бір жарым мыңнан астам сілтеме анықталып, оның 1 187-і қазірдің өзінде бұғатталған.

Жоғарыда облыстың экономикалық тергеу департаменті 24 қаржы пирамидасын бейтараптандырды деп айтқан болатынбыз. Олардың қатарында «QI Trade Kazakhstan», «Лидер Капитал 168» МҚҰ ЖШС, «Finiko», Sincere Systems Group, «Business Game» интернет жобалары, «Не работа», «Котел» жобалары, «Тендер», Bay Life, «Millioner777», Life is Good, «Луч света», The Great Tower, «Рассвет и Миллионеры», «Люкс», «Өзіміз ғой, Арай», «Faberlic», «Доверие», «Amanat Home», «Елім-ай 2019», «GAP», «Табыс» сияқты ұйымдар бар.

Жақында соты болған Life is Good қаржылық инвестициялық пирамиданың ұйымдастырушысы 30 салымшының 108 млн. 780 мың теңгесін қалтасына басқан.

«Лидер Капитал 168» МҚҰ ЖШС филиалдарын ашып, осы қаржы пирамидасын басқарған И.Яковлева өзінің қылмыстық әрекеттерімен жәбірленушілерге 180 млн. теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

Ернар Махаевтың айтуынша, дәл осы алаяқ ұйымдарға алданған салымшылар саны үш мыңнан асса, оның бір мыңнан астамы – облыс тұрғындары.

– Биыл қаржы пирамидаларын құрған алаяқтарға қатысты төрт үкім шықты. Атап айтқанда, «Лидер Капитал» пирамидасын құрған адам 9 жылға, «Тендер» пирамидасы бойынша – бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ал WhatsApp желісі және Telegram арналары арқылы халықтың ақшасын жинаған екі адамға 3,5 жыл мерзімге бас бос­тандығын шектеуге үкім шығарылды, – дейді Ернар Махаев.

Ескертуді ескергеннің ұпайы түгел Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті жүргізіліп жатқан жедел шаралармен қатар, профилактикалық жұмыстармен де айналысады. Атап айтқанда, интернет кеңістікке мониторинг жүргізеді. Мәселен, биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 1 312 сілтеме анықталған. Оның 1 097-сі – бұғатталса, 137 сілтемемен жұмыс жүргізілуде.

Одан бөлек, департамент бұқаралық ақпарат құралдарында да тұрғындарды қаржы пирамидаларына тарту фактілерінің алдын алу бойынша жұмыстар ұйымдас­тырған.

Айта кету керек, қаржы пирамидасында лицензия болмайды. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Наталья Кирсанова заманауи қаржы пирамидалары өздерін табысты ұйым ретінде көрсетіп, өздерін микроқаржы ұйымы, букмекерлік кеңсе, инвестициялық қор, тұтынушы кооперативтеріміз деп жарнамалауы мүмкіндігін айтады.

– Бүгінде қаржы пирамидалары жұмыстарын әлеуметтік желіде белсенді жүргізуде. Танымал мессенджерлерде чаттар құрып, түрлі ұтыс ойынымен қызықтырады. Жылдам ақша табумен қызықтыратын алаяқтар қажетті соманы жинап алғаннан соң өз қызметтерін тоқтатып, тұтынушылармен кері байланысты мүлдем үзеді, – дейді Наталья Кирсанова.

Алаяқтықтың тұзағына түспес үшін халыққа айтылып та жатыр, жазылуда. Бірақ, жарнамасы жер жарғандардың арбауына түскендер азаймауда.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі ұйымдарда қаржылық пирамида белгілері мен алаяқтықты тексеруге бағытталған «Байқа, пирамида!» телеграммалық ботын да енгізді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *