Тағылымды жыр кеші

Жақында Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №6 кітапхана филиалында «Тыңда жырын, Қарқаралы қызының» тақырыбымен Жұлдыз Райымбекқызы Тойбекпен кездесу кеші болып өтті.  Кітапхана меңгерушісі Бибігүл Оспанқұлова аталған кешті тамаша жүргізіп отырды.

– Шара мақсаты – оқырмандарды Жұлдыз Райымбекқызы Тойбектің шығармашылығымен таныстырып, поэзиясын насихаттау және дамыту патриотизм үлгісі рухында тәрбиелеу, – дейді бізбен сұқбатында Бибігүл Оспанқұлова.

Бұл кешке Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері мен кураторы Мақпал Жақсыбаева және кешке кезінде өзге ұлты басым көмірлі қаланы қазақша сөйлетуде, білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан Тілеуғалы Әміртайұлы, Ғазиза Смағұлова, Кабира Райымбекқызы, жақсылықтың жаршысы Ркен Зейтінқызы, Рымбала Смайылова және ауылдасы Амантай Хамитов басқа да көзкөрген аға-апалар келіп, жылы лебіздерін білдірді.

Белсенді өмір сүру орталығы жанынан құрылған «Сәулем-ай» хор ұжымының бір топ мүшелері де осы тағылымды кештің куәсі болды.

Тағылымды шара автордың «Кеудеме көкала үйрек келіп қонса» деп аталған өлеңімен бастау алып, оны кітапханашы Камила Тумаева көркемдеп оқып берді.

Жұлдыз Райымбекқызы 1967 жылы 19 ақпанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нығмет Нұрмақов атындағы ауылда дүниеге келген. 1984 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, сол кездегі солақай саясаттың салдарынан бірден өзі қалаған оқу орнына бара алмай ел балаларымен 1 жыл қой бағуына тура келеді. Бос уақытын текке өткізбей дайындалып, замандастары жайында «Қазақстан пионері», «Жас алаш» республикалық газеттеріне мақалалар жазып отырды.

Жұлдыз – Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. Ширек ғасыр Қарағанды облыстық  «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі және Халықаралық «Қазақстан-Заман» қоғамдық саяси газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы журналистика және саясаттану факультетінде аға оқытушы қызметін атқарды. Өлеңдері республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді. Ақындар айтысының жүлдегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы «Ақпарат саласының үздігі», Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, «Алтын сұнқар» және «Тіл жанашыры сыйлықтарының иегері». Бес кітаптың авторы.

Модератор сөз кезегін автордың өзіне беріп, шығармашылығы туралы өнер саласына, ақындық жолға қалай келгені туралы сұрақтар қойды. «Туып өскен жеріңіз Қаратау ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Қаратау энциклопедиясы» кітабын жаздыңыз? Осы кітапты жазуыңызға не себеп болды? Сонымен бірге сіз шығармашылықпен қоса қоғамдық өмірде белсендісіз? Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды қорғауда жалпы полигонға қатысты мәселелерді шешуде белсенді атсалысасыз? Осы төңіректе әңгіме қозғасаңыз? Студент кезінде Желтоқсан оқиғасына да қатысып, куәгері болдыңыз? Қазіргі күні осы оқиғаның маңызы туралы не айтар едіңіз?» деген сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарылды. Ақынның өлеңдерін сүйіп оқитын оқырмандары өлеңдерін жатқа оқыды.

Жұлдыздың    «Руханият» атты кітабында елдің рухани дамуы мен кемелдеуіне шығармашылық тұрғыдан ерекше үлес қосқан қайраткерлердің ұшан-теңіз еңбегі арқау болған екен. Автор оқырмандар мен конақтарға өлеңдерінен үзінділер оқып беріп отырды.

«Ақындарды аңсау» атты өлеңіңде ақындар Кәрім Сауғабаев пен Тұрсын Жұмаш ағаларын сағына еске алып:

Күйбеңі әсте бітер ме бұл жалғанның,

Жолым түсіп Балқантауға барғанмын.

Қарсы алдымнан Кәрім, Жұмаш шықпады,

Жетімсіреп, құлазып мен қалғанмын.

 

Іздеп ақын Кәрімі мен Тұрсынды,

Балқантауым үнсіз маған күрсінді.

Ақындарын сағыныпты туған жер,

Қақ жаратын мынау түнек тылсымды.

 

Жүретұғын өлеңіне табынып,

Кеттім ақын ағаларды сағынып.

Шықпаған соң ақындардың дауысы,

Күлдей болып қалды тауым шағылып.

 

Күйбеңінен қу тірліктің шаршадым,

Ақындардың өткір жырын аңсадым.

Ақын деген ардақты ұғым ағайын,

Сүйіктісі болып кетер баршаның.

Кеш оқырмандары ортаға шығып Жұлдыз ақын туралы жақсы пікірлерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

–  Бүгінгі тамаша кешіміздің қонағы Жұлдыз Райымбекқызының азаматтық, тұлғалық болмысын жан-жақты ашуға тырыстық. Біздің кейіпкерлеріміз жан-жақты адам  екенін аңғардық, яғни біздің байқағанымыз Жұлдыз ханым ғылым мен білімге құштар, өмірдің мәнін тани білген тұлға болып, өз халқын алға дамытуға ұмтылған жан, – деп кеш соңын Бибігүл Оспанқұлова қорытындылады.

«Қонақтардың атынан және орталық кітапхана ұжымының атынан алғыс білдіреміз», –  деп сыйлық  ретінде кітаптар табыс етілді.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *