Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер

Адамның барлығы дені сау, аурудан аулақ болғысы келгенімен, бәрі бірдей ден мен тәннің саулығы ең алдымен тұтынатын тағамға тәуелді екенін біле бермейді.

Әрине, физикалық белсенділік, теріге жасалған күтімдер, эмоционалдық көңіл-күй – мұның бәрі адамның сыртқы келбетінде көрініс табады. Бірақ бет пен тәннің сұлулығы қалай болғанда да жейтін асқа байланысты.

Осы орайда өз денсаулығына бей-жай қарамайтын әрбір адам жылдам тамақтанудың орнына пайдалы асқа мән беруі керек. Көкөніс пен жеміс-жидек ешқандай зияны жоқ өнім саналады. Оның үстіне, олар адам ағзасының, әсіресе, терінің ұзақ уақыт жас күйде сақталуына кепілдік бола алады. Сол себепті рационда жаңа піскен көкөністер болуы керек. Олар – адамға өте қажет витаминдер мен минералдардың құнды көзі.

Бүгінгі біздің әңгімеміздің кейіпкерлері екі бірдей кәсіпкер, ерлі-зайыпты Есжанов Нұрлан Жұматайұлы мен Омарова Жанат Елтайқызы туралы болмақ. Өйткені олар кәсіпкерлік жолында тура осы көкөніс пен жеміс-жидекті халықтың тұтынуына жол ашып, тауарларының түр-түрін ұсынып, елдің игілігіне қызмет етуде. Ең алдымен екеуінің шыққан тегіне назар аударайық. Екеуі де үлкен отбасынан, қарапайым шаруа адамдарының ұяларынан шыққан.

Нұрлан Жұматайұлы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасай ауылында (кезінде ол жерде «Алмалы» кеңшары болған) дүниеге келеді. Әкесі Жұматай Әкімбекұлы анасы Айша Әлиләқызымен бірге шопан таяғын ұстаған, 30 жылдан астам кеңшардың қойын баққан. Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырған.

Қарасай орта мектебін тәмамдаған соң, Алматы қаласына барып №15 кәсіптік-техникалық училищесіне (қазіргі уақытта колледжге айналған) оқуға түсіп, газ және электр дәнекерлеушісі мамандығын алып шығады. Қолына диплом алған бетте, оны Өзбекстан елінің Ташкент қаласына жолдамамен жұмысқа жібереді. Ол уақытта бәріміз біртұтас – КСРО мемлекетінің республикаларына жатқанымыз бәрімізге белгілі. Жас маманға бірден жатақханадан бөлме беріп, барлық жағдайды жасайды. Жұмысқа қабылдаған мекемесі ірі кәсіпорындарында арнайы тапсырыспен дәнекерлеу шараларын жүргізген. Осы жерде ол мамандығы бойынша жұмысқа төселіп, тәжірибе жинай бастайды.

Алайда, еліміздің Ата Заңы – Конституция бойынша әрбір азамат әскер қатарына аттанып, Отан алдындағы борышын өтеу керек. Нұрлан Жұматайұлы да ол міндетінен тыс қалмайды. Екі жыл бойы одақтас Украина елінің, Закарпатье өлкесінің Мукачево қаласындағы құрылыс ротасында әскери қызметін жалғастырады. Кіші командалық құрамын дайындайтын алты айлық мектебінде оқып, сержант шеніне ие болады. Мектептегі оқуын аяқтаған соң, взвод командирінің орынбасары қызметін абыроймен атқарады.

Әскерден келген жас жігіт қайтадан еліміздің астанасы – Алматы қаласына келеді. Ол уақытта Кеңес Одағы ыдырап, елдің мазасы кете бастайды. Көптеген мемлекеттік мекеме жұмысын тоқтатып, жабылуға дейін барады. Жұмыс орындары күрт азаяды. Аяқ-қолы бүтін, денсаулығы мықты адамдар жұмыс таба алмай, бала-шағасын асырауға қиналған кездер туады. «Екі қолға – бір күрек» дегендей Нұрлан Жұматайұлы ештеңеге арланбай, кез келген жұмысқа кірісе береді. Жүк түсіруші де, әртүрлі қара жұмыс атқаратын жұмысшы да болады. Ерінбей еңбектенгеннің арқасында табыссыз болмайды.

Сөйтіп жүргенде, Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында Арқадан ел астанасына келген Жанат есімді сұлу бойжеткенмен танысады. Оған сол кездері барлық жерде ұйымдастырылатын жастар дискотекасы себеп болады…

Жанат Елтайқызы да 9 баладан тұратын үлкен отбасынан шыққан. Әкесі Елтай Елмақалұлы (осыдан екі-үш ай бұрын ғана бақилық болды) ауылшаруашылығында мал да баққан, механизатор, тракторшы болып та жұмыс істеген, теміржол саласындағы НГЧ-6 мекемесінің слесарлық жұмысынан зейнеткерлікке өткен. Анасы Майра болса балаларын өсірумен, тәрбиелеумен айналысқан.

Жанат Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы мектепке оқуға барады. Білім алуда зерек болып, жақсы оқиды. Орта мектепті аяқтаған бетте Алматы қаласына барып, Одаққа белгілі ХБК (Хлопчато-Бумажный комбинат) зауытына жұмысқа тұрады. КСРО құлдыраған соң, тігін фабрикасында еңбек жолын жалғастырады.

Қош, сонымен жастар кешінде танысқан қыз бен жігіттің көңілдері жарасып, ара-қатынасын үзбей бір жыл бойы кездесіп тұрады. Бірін-бірі жете таныған соң, отбасы құрамыз деген шешімге келеді.

1991 жылы Орталық Қазақстанның бойжеткені, ақадырлық Жанат Елтайқызы еліміздің Оңтүстік өңірі, Жамбыл облысының келіні болып шыға келеді. Үйлену тойлары өткен соң жас жұбайлар Қарасай ауылында қалуға ниеттенеді. Мақсаттары әке-анасына қой бағуда қолғабыс беру. Сол ниеттерін абыроймен орындап жүреді. Ауылда жүргенде екі ұлдары дүниеге келеді.

Арада үш жыл өткен соң, ауылшаруашылық нысандары, оның ішінде өздері еңбектеніп жүрген кеңшары да жекешелендіруге жатады. Шаруашылықтың малы, дүние-мүлкі елдің жеке меншігіне өте бастайды. Осы жерде жастар қалың ойға кетіп, тоз-тозы шығып жатқан ауылдан кетуге бел буады. Ыдырап жатқан елдің адамдарының көбісі сауда-саттықпен айналысып жатқан кез болатын. Бізде сол бағытта бағымызды сынап көрейік деген ойға тоқтайды.

Сонымен, 1994 жылдан бастап Нұрлан мен Жанаттың кәсіпкерлікпен айналысқан жаңа өмірі бастау алады. Кәсіптерін біздің елде емес, жүрексінбей, тәуекелге барып Ресей елі, Красноярск өлкесінің Канск қаласында бастайды. Саудалары ерлер мен әйелдердің киім-кешегі. Тауарларды Мәскеу, Маньчжур, Харбин, Байкал көлінің маңайындағы қалалардан әкеліп жүреді. Сол кездегі сауда-саттықпен айналысқан күндерін Нұрлан Жұматайұлы былайша еске алады:

– Жан-жақтан әкелген тауарларымызды саудаға шығарып отырамыз. Халық келіп бағасын, қай жақтан келген тауар деп сұрай бастайды. Біз келіншегім екеуміз орыс тілінде таза жауап беріп жатамыз. Онымен қоймай сатылымға түскен заттарымызды да жарнамалауды ұмытпаймыз. Олар бізге таңырқаса қарап, «Қытайдың қай провинциясынансыздар? – деп сұрайды. Өйткені жан-жағымыздағы саудагерлердің бәрі қытайлықтар. Олар орысшаға жоқ, тұтынушыларымен тілдерін майыстырып, әзер дегенде түсінісіп жатады. Біз болсақ: «Қазақстаннанбыз, қазақ деген ұлтынанбыз» – деп жауап береміз. Сөйтсек олар, Қазақстан деген елдің, қазақ деген ұлттың бар екенін мүлдем білмейді екен. Бастарын шайқап, бізден көзін алмайды. Тіпті, бір-бірінен осындай адамдар бар екенімізді біліп, алдымызға көріп қайтуға қаланың халқы көптеп келе бастады. Бізді тура бір зообақтағы аңдардың бір түрі секілді көріп, олар бізге, біз оларға қарап тұратын кездеріміз көп болды.

Оқушы кезімізден бастап, біздің елдің адамдары Кеңес одағының құрамында 15 республика бар екенін, халық саны қанша, астаналарының атауларын, ол жерлерде қандай халық тұратынына шейін білетінбіз. Онымен қоймай, қай республикаларда автономды елдері бар екеніне дейін хабардар едік. Ал олар болса ештеңе білмейді, сонда оларға біздің елдің, біздің ұлттың әлемде бар екенін ешбір адамның айтпағаны ғой?

Ал енді Өзбекстанда тұрғанымда ол жердің халқына, өздерінің тіліне, діліне, дініне деген құрметіне қатты риза болатынмын. Сауда жасап тұрған ер адамдар болсын, әйел адамдар болсын басқа тілде, әсіресе орыс тілінде сұраған адамдарға тек өзбек тілінде ғана жауап қатады. Тіпті, саудалары жүрмей қалса да өз тілдерінен айнымайды. Амалы таусылған басқа ұлттың тұтынушылары тілдері келмей жатса да, өзбекше саудаласуға тырысуға мәжбүр болатын, – деп өз ойын ортаға салды.

Ресей елінде тоғыз жылын өткізіп, 2003 жылы ерлі-зайыптылар Ақадырға көшіп келеді. Ол кезде Жанаттың бауырлары кәсіпкерлікті таңдап, әжептәуір жетістіктерге қол жеткізген. Апасы Раушан, сіңлісі Алмаш, інісі Қанат жұмыстарын қызу жүргізіп, сауда-саттықтың бел ортасында жүрген кезі. Ақадырда да кәсіпкерлікпен айналысуға болатынына көздері жеткендей болады.

Қос кәсіпкер саудадағы алғаш жолдарында елдің шаруашылығында қажет ететін ұсақ-түйек заттарын сатумен айналыса бастайды. Ол үшін бір дүкеннің алдында әбден қирап, шашылуға дайын тұрған, 6 шаршы метрді құрайтын дүңгіршекті сатып алады. Астына шана тәрізді келістіріп темірден табан жасап, сол бетінде көшемен сүйретіп әкеліп, бажасы Мұрат пен балдызы Алмаштың дүкендерінің алдына қояды. Жақсылап өңдеу, бейімдеу жұмыстарын жүргізген соң дүңгіршектің келбеті жайнап шыға келеді.

Дегенмен саудалары алға басқанымен, кішкене дүңгіршек тарлық етеді. Ендігі кезекте олар 21 шаршы метрді құрайтын ескі вагонды сатып алады. Мұның да жөндеу жұмыстарына біраз шығындары мен уақыттары кетеді.

Сауда орындары кеңейген соң, күйеуі мен әйелі кәсіпкерліктің басқа түрімен айналысуға ойлана бастайды. Ақыры аяғы, екеуара келісіп көкөніс пен жеміс-жидекті сатуға кіріседі. Бас кезінде қиын болса да, кейін бұл сауда түріне де төселеді. Тапжылмай атқарған еңбектің арқасында кәсіптері қарқынды жүре бастайды. Осы вагонның ішіндегі саудалары 11 жылға созылады.

2010 жылдардан бастап кенттегі кәсіпкерлер көбінесе Абай даңғылы бойындағы пәтерлерді сатып алып, оларды дүкен, кафе, асханаларға бейімдей бастады.

Ендігі кезде жас жұбайлар да пәтер алсақ деп ойланады. Ол ойлары 2014 жылы іске асып, елдімекеннің ықшамауданынан екі бөлмелі пәтерді сатып алады. Тұрғындар тұрған пәтерге жөндеу шаралары жүргізіліп, сауда-саттық дүкеніне бейімделеді. Ақылдаса келе дүкеннің атауын «Нұрбол» деп қояды. Бір жағынан өздерінің ұлдарының құрметіне болса, екінші жағынан саудалары жақсы жүріп, нұры тасысын деген ниеттері де жоқ емес еді. Сол атаған атаулары затына сай келгені анық. Қайта өңделген сауда нүктесі осы күнге дейін жұмысын абыроймен атқаруда.

Сауда шараларының басы-қасында жүрген Жанат Елтайқызы өздерінің кәсібі туралы әңгімесінде:

– Көкөніс пен жеміс-жидекті халыққа сатумен айналысқанымызға биыл 21 жыл болды. Аталған мерзім ішінде кәсіптің осы түріне әбден үйренісіп кеттік десем, артық айтқандығым емес. Тауарды Қарағанды қаласының Шығыс базарындағы көтерме сауда орындарынан аламыз. Ол жерге барғанның өзінде көкөніс пен жеміс-жидекті таңдау оңайға соқпайды. 230 шақырым жерден бүлдірмей әкелу, келген бетте сол қалпында сақтау, тұтынушыларға сапалы тауарды ұсыну жай шаруа емес. Қыстың аязды күндерінде немесе жаздың аптап ыстығында әкелетін күндеріміз де болады. Ондай кездерде жолшыбай келе жатқанымызда, дүкенімізге әкеліп, жемістерімізді түсіріп жатқанның өзінде суыққа үсіріп, ыстыққа босатып алуға болады. Сырт көзбен қараған адамға оңай сияқты болып көрінгенімен, біз үшін қиындықтары мен машақаты көп кәсіп.

Сауда сөрелерімізде әрдайым алманың 4 түрі, жаңғақтың 14 түрі, мандариннің 3 түрі,  жүзімнің 3 түрі, алмұрт, апельсин, памела, анар, банан, грейпфрут, кептірілген жемістер, ащы және тәтті бұрыш, қырыққабат, қияр, қызанақ, сәбіз, пияз, асқабақ, картоп, қызылша, сарымсақ, консервіленген жеміс түрлері, дәмдеуіштердің алуан түрі, тағы басқа жеміс-жидектің бәрі бар. Бір сөзбен айтқанда, дастарқан басына қойылатын жемістің барлық түрі мен түрленген салаттар жасайтын дәмдеуіштері жеткілікті.

Өзіме осындай сауда түрі қатты ұнайды. Кент тұрғындарының дәрумені көп жеміс-жидекті күнделікті тұтынғаны денсаулықтарына зор пайдасын тигізеді. Онымен қоса, халық көкөніс пен жеміс-жидекті тойларына, туған күндеріне, шілдеханаларына, басқа да қуанышты шараларына алады. Ал енді сатылған заттарың елдің қуанышты дастарқанына баратын болса, одан артық бақыт бар ма? – деп сөзін аяқтады.

Жанат Елтайқызының еңбегі елеусіз қалмай, бағаланып келеді. Кәсібіндегі жетістіктері үшін аудан, кент әкімдерінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарымен марапатталған.

Күнделікті жұмысында қайырымдылықпен айналысуды да ұмытпайды. Жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына қол ұшын созып отырады. Кенттегі өткізілетін мәдени және спорттық шараларға демеушілік көмек береді.

Жұбайы Нұрлан Жұматайұлы соңғы 10 жыл ішінде ПЧМ-Ақадыр мекемесінде қарапайым жұмыскер болып, биыл жеңілдетілген зейнеткерлікке (льготная пенсия) шықты.

Нұрлан Жұматайұлы мен Жанат Елтайқызы екі ұл тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлдары Сұлтан Нұрланұлы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Академиясын бітірген. Біраз жылдар бойы қаланың Михайловка ішкі істер бөлімінде тергеуші болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде сол Қарағанды қаласында «NOVA Цинк Безопасность» күзет фирмасының бастығының орынбасары қызметінде. Үйленген, зайыбы Зарина екеуі Арыстан, Аруна есімді бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр.

Кіші ұлдары Нұрбол Нұрланұлы политехникалық университетті тәмамдап, программист мамандығын алып шыққан. Одан кейін үш жыл бойы ағылшын тілін терең оқып, соның арқасында бүгінгі таңда Алматы қаласындағы шетелдің сақтандыру компаниясында (страховая компания) қызмет етеді. Аталмыш фирма дүниежүзінің елдерімен қоян-қолтық жұмыс жасайды.

Міне, сіздердің назарларыңызға ерлі-зайыпты Нұрлан Жұматайұлы мен Жанат Елтайқызының өмір жолын, кәсіпкерліктегі бірлесіп істеген ерен еңбектерін баяндап бердім. Өмірдің шатқалында кез келген жұмысты атқарып, өзіміздің елімізде ғана емес, Өзбекстан, Ресей елдерінің қалаларында іздерін қалдырған, бөтен елде жүріп тәжірибе жинаған қос жұбайдың жүріп өткен жолы осындай! Бүгіндері еңбектерінің рахатын көріп, балаларын өсіріп, немерелерін сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Ендеше оларға алдағы уақытта да сәттілік тілеп, отбасыларына амандық, баянды ғұмыр, кәсіптеріне береке тілейік!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *