Netflix стримингтік платформасымен эксклюзивті келісімшарт бойынша ҚарЛаг туралы «Бітімгершілік» («La Tregua») атты қазақстандық-испандық фильмнің түсірілімі басталды. Жобаның бас режиссері ретінде испандық Мигель Анхель Вивас таңдалды. Ол бұған дейін «Қағаз үй» сериалы арқылы әлемге танылған еді.
Фильмде 1930-1950 жылдардағы ҚарЛаг жүйесіндегі адам тағдыры, қиындықтарға толы өмір мен адамның қадір-қасиетін сақтау туралы баяндалады. Басты рөлдерді испандық актерлер Мигель Эрран (Рио, «Қағаз үй») мен Арон Пипер (Андер, «Элита») сомдайды. Сондай-ақ жобаға қазақстандық актерлер Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов қатысуда.
Түсірілім Қазақстанда өтуі жоспарланған болатын, алайда нақты локация ретінде Испанияның Бильбао қаласы таңдалып, сонда ҚарЛагтың миниатюралық нұсқасы жасалды. Фильмнің қоюшы-суретшілер тобы мұрағаттық деректерді мұқият зерттеп, костюмдер, реквизиттер мен декорацияларды сол дәуірдің атмосферасын дәл бейнелеу үшін әзірледі.
– Біз барлық жағдайды, қазақ даласын дәл жаңғырту мүмкін емес екенін түсінеміз, бірақ барынша тырыстық. Біздің команда көптеген құжатты зерттеді, қоюшы-суретшілер тобы орасан зор жұмыс жасады. Қиын болды, бірақ біз Бильбаода Қазақстанның бір бөлігін қайта жасау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық, – дейді Plano a Plano кинокомпаниясының директоры Цезарь Бенитес.
Бұл Netflix үшін қазақстандық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба. Бас продюсер Аманат Қонақбаев фильмнің халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Бұл жоба – халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Біз оны жоғары стандарттар мен жаһандық әлеуетке баса назар аудара отырып, іске қосуға мұқият дайындадық. Қазіргі жағдайда, әлем сын-тегеуріндерге және ортақ тіл табуға тап болған кезде, мұндай жобалар өнердің біріктіруге қабілетті екенін көрсетеді, – деді ол.
Екі жарым айға созылатын түсірілім аяқталғаннан кейін, фильмнің әлемдік деңгейдегі фестивальдарға қатысуы жоспарланып отыр. «Бітімгершілік» жобасы – Қазақстанның мәдениеті мен тарихын әлемдік аудиторияға жеткізудің ерекше мүмкіндігі.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ