Таудағы жаңғырық
(Мәдидің монологы)
Арбасқан жылан айналаң,
Адаспай қалды қай балаң?!
Қынаптан шыққан қылышпын
Қаскөй Қандасым қайраған.
Арғымақ етіп арманды,
Алашқа бердім алғанды.
Жалтақтай қоймас жан едім,
Жақтырмай барам жалғанды.
Көлденең тұрса көк бестім,
Көк дауыл-ғұмыр көп кештім.
Көп иттен көріп қорлықты,
Көксерек-тағдыр от кештім.
Туғаным-жауым қасымда,
Туладым жалын жасымда.
Қара баланың қазығы,
Қарқаралының басында.
Барымтам болса есепте,
Қарымтам Қаракесекке.
Ақыры адуын жанымды,
Қалдырдың жала, өсекке.
Сонардан соңғы таңғы ізбін,
Талқаның шығар жар-құзбын.
Қалың елімнің ішінде,
Ағайыны көп, жалғызбын.
Сорлатып едің «зорларын»,
Қараөткел болды қорғаным.
Қалғып кеткенде ояттым,
Қарқаралының орманын.
Қиялдай жүріп, түсіндім,
Қияңнан бүркіт ұшырдым.
Қарқаралының басынан,
Қаралы бұлтын ысырдым.
Болыстың міндім қылаңын,
Орыстың көрдім ылаңын.
Түн қатып жүріп жазғанмын,
Қарқаралының ұранын.
Ту ұстағанды бөлмедім,
Туыстан қасты көрмедім.
Туралап келген ажал жоқ,
Туралап аттың, өлмедім.
Бес қаруымды сайладым,
Бес Бошанымды жайладым.
Имедім итке басымды,
Ит жеккенге де айдадың.
Суынан іштім Қайнардың,
Қайнаған кекке айналдың.
Мені туған жер киелі,
Атыңнан сенің айналдым!
Мезет
Есіңде бар ма жас күнің…
Абай
Тағдырын айтам алдайтын,
Өскенмен гүлдер жаңарып.
Таң нұры қайталанбайтын
Бақытым едің, балалық.
Бүлдіршін кезім бір жүрсін,
Дегенмен бала көңілі.
Жетіге жетіп үлгерсін,
Өз заңын айтып өмірі.
Жақсы мен жабының жарысы,
Шығармады оны шеткері.
Қанша адам болса танысы,
Соншама болды мектебі.
Өмірдің шығар наласы,
Маса ойлар алып мазаны.
Жетінші кластың баласы,
Жетім шумақтар жазады.
Жұмбақ, жыр жұлдыз туралы,
Ай аппақ, неге аспан көк?!
Шулы ойдан туған шумағы,
Оқылар өзіне дастан боп.
Армандап келеді, асыға,
Қиялы теңіз телегей.
«Түйетастың» шығып басына,
«Тянь-Шанды» тұрды елемей.
Сегізінші кластың «серісі».
Селт етіп сезім, шаш қойды.
Тарс жұмып көзді, ер ісі,
Ғашықтық, отқа бас қойды.
Талайлар барған ауыл ғой,
Ол да бір көрді өртеніп.
Беймезгіл соққан дауыл ғой,
Кетпепті әйтеуір ерте өліп.
Қиялдан тауып дерегін,
Жүргенде баптап пырағын.
Комсомолға өту керегін,
Ұмытып кетіпті «ұларың».
Ұстапты жүріп уыстап,
Ақыры «тоғызда» өткенді.
Өлең жазатын дұрыстап,
Жоғалтты сол жыл көктемді.
Жігіттік бәлкім, жеткеннен,
Мектебің қалды тәмәм боп.
Оқумен он жыл өткенмен,
Шықпады бірақ маман боп.
Қаракөздерге босқа әуре,
Бозбала міне, бұйығы.
Әскерге кетті жас кеуде,
Биіктей келе иығы.
…Оралды елге алыстан,
Артында қалды көп елес.
Алысқан жауын жанышқан,
Алпамысыңнан кем емес.
Тәңірім берсе жарасым,
Борышым болсын өтеген.
Жиырма мен Отыз арасын,
Қайтадан сүріп өтер ем!
Қара адам
Ақшасы арын тонаған,
Аяғы ала, жолы арам,
Қабағы қату қабаған,
Қаптап кетті ғой Қара Адам.
Салық қып тиын санаған,
Ұлысын ұрысы қанаған,
Құлдары ұлдарын сабаған.
Жақсы артын жантығы жалаған,
Қаптап кетті ғой Қара Адам.
Айырылған елі тобадан,
Данасы далаға қараған.
Сабазы жұрдай санадан,
Саусағын ғана санаған.
Даттап кетті ғой Қара Адам.
Ақшасы арын тонаған,
Жолама оған, жоламан,
Қабағы қату қабаған,
Не болып кетті заманам,
Қаптап кетті ғой Қара Адам.
Ашылып кеткен араны,
«Бастықпын» дейді жаманы.
Тойында асы – арағы,
Қойнында қару-жарағы.
Қара адам маған қарады,
Қатерлі екен жанары,
Жеккөрем осы «Қараны»,
Осы ма ақыр заманы?!
Адамдықтары алыс қап,
Достардың ойы жарыспақ,
Дүние билеп санасын,
Ағайын кетті алыстап.
Қиялы кеткен ғарыштап,
Қияли пенде жүр әне,
Бірін-бірі жаныштап,
Не үшін бұлар алыспақ?!
Ақымаққа арам бал ашып,
Ағайын жүр-ау санасып,
«Адамдық» деген ұғымнан,
Адамзат қалды-ау адасып,
Айуандық та пендеге,
Жүреді екен ғой жарасып.
Ел болдық, – дейді егемен,
Екінші ауыл елеген,
Бағытын айтар баланың,
Қария қайда көреген?
Ақылдысымақ көп бізде,
Айғайлап тұрған сөреден.
Күннің артынан күн еред,
Қара аспан қалай түнеред?!
Ұлыңда қамшы, жүген ед,
Қолында бүгін шүберек.
Болашағыңды болбырлар,
Немене етіп жіберед?!
Жақсыға жантық жабыстық,
Жолаушы көңіл, таныстық,
Барады бізді алыс қып.
Жабы мен жайсаң жарыстық,
Тағы мен тарпаң табыстық,
Көмейі бүлкіл көк бозбен,
Көп жерде тостақан қағыстық,
Көрсетіп тонап жатса да,
Көршілерім әлі ыстық.
Сәні бұзылды даланың,
Өзендер қасып табанын,
Қаратау түйіп қабағын,
Жақтырмай ісін қаланың,
Қатулана қарадың,
Талқаны шықса табиғат,
Қай жаққа енді барамын,
Не болып кетер заманым?!
Айырылдық жолдас-жорадан,
Айырылды тобыр тобадан,
Қарайды әне Қара Адам,
Қабағы қату қабаған,
Ұнамайды маған сол адам,
Арын ақшасы тонаған,
Қаптап кетті-ау, Қара Адам!
Туған жер
Бабадан кеше қалған жер,
Балаға бүгін арман жер.
Алланың нұры тамған жер,
Талайдың шөлі қанған жер.
Кеншоқының Нұрасы,
Жықпылы-жыр, ән-жырасы.
Амандығын ауылымның,
Тәңірден елім сұрашы.
Керегетасым – кербезім,
Қоралас-құдірет жерде өзің.
Түйетас – түйген тарихым,
Елімді жырла енді өзің.
Нұраның бойы нұр тұнған,
Нұрлан жомарттай ұл туған.
Қызыл шоқы қыздай қылықты,
Қабақтуғанда жыр туған.
Жамырай қаштық қалаға,
Шал-шауқан ғана далада.
Шежіресі қалды Нұраның,
Ауылға жақын молада…