Елдің тура ортасында жатқан Қарағанды облысының логистикалық тұрғыдан рөлі зор. Бұл әрине аймақта бизнес пен сауданы дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Осы мақсатта ауқымды жобалар қолға алынады. Мәселен, Қарағандыда электрондық саудаға арналған заманауи сауда-логистикалық қойма ашылады. Сондай-ақ облыстағы екі әуежай жаңғыртылады. Және облыстық, республикалық маңыздағы жолдар жөнделеді.
Аталған жобалар өңірдің логистикалық инфрақұрылымын жақсартатыны сөзсіз. Жол жақсарса, жүк тасымалының көлемі ұлғаяды. Облыс арқылы транзиттік жүк өткізуге ынта білдірушілер көбейеді. Яғни логистика өңірдің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.
Салада бұған дейін бірқатар жоба іске қосылды. Қыркүйек айында Қарағандыда Teez маркетплейсі жұмысын бастады. Қойма терминалдың ашылуы өңірдегі электронды сауданың дамуын жеделдетті. Платформа жылына 27 миллион тапсырысты орындай алады. Бұл шағын және орта кәсіпорындардың іскерлік белсенділігін арттыратыны анық.
Халықаралық логистиканы дамыту үшін жергілікті әуежайды жаңғырту қажеттігі белгілі. Қазір тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Келешекте әуе айлағы жылына 50 мың тонна жүк қабылдап, жөнелтетін жүк терминалына айналады. Бүгінде әуежай Эквадор, Нидерланды, Бельгия және Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін коммерциялық жүк рейстеріне қызмет көрсетеді. Болашақта Қытайдан Еуропаға ұшатын әуе кемелерінің техникалық қонуын ұлғайту көзделіп отыр.
Балқаш әуежайын қайта құру да маңызды жобалардың қатарында. Болашақта әуежайдың өткізу қабілеті 30 пайызға артып, басқа өңірлермен әуе қатынасы жақсарады.
Логистиканың дамыту үшін автомобиль жолдарының сапасы маңызды. Биыл Қарағанды облыста 1 032 шақырым жол жөнделді. Ірі жобалардың бірі – Қарағанды-Балқаш арасындағы автожол. Биыл бұл жолды толық пайдалануға беру жоспары бар.
Қарағанды-Қарқаралы автожолының 115 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылы 85 шақырымды қайта қалпына келтіру жұмысы жалғасады. Осылайша, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі 200 шақырым жол толық жаңарады. Ал келесі жылы Қарағанды-Жезқазған республикалық жолындағы жұмыстар басталмақ.
Манас АҚСАРЫ