Еріктілер форумы қалай өтті?

С.Сәпиев атындағы Бокс орталығының алаңында Қарағандыда жыл сайын 5 желтоқсанда өтетін Халықаралық еріктілер күніне арналған волонтерлер форумына 500-ден астам қатысушы жиналды. Оны Облыстың жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Форумда грант байқауының жеңімпаздары марапатталды, спикерлердің баяндамалары және қатысушылардың өзара байланыс орнатуына мүмкіндік туды.

– Біздің шараның мақсаты – еріктілерді біріктіру, алдымызда тұрған міндеттерді талқылау және бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өту. Біз волонтерлердің, әсіресе Қарағанды облысындағы еріктілердің құндылығы мен ықпалын атап өтіп, оларға ортақ іске қосқан үлестері үшін шағын мереке ұйымдастырдық, – дейді Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Әкіжан Құтваров.

Биыл байқауға алты бағыт бойынша 29 өтінім берілді: Әлеуметтік сала, зоо- және этноволонтерлік, экология, мәдениет және зияткерлік. Арнайы комиссия әрқайсысы 500 мың теңгеден 10 шағын грантты мақұлдады. Жеңімпаздарға сертификаттарды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей табыстады. Ол еріктілерді мерекемен құттықтап, аймақтың дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты.

Грант иегерлерінің бірі Елена Величко «Рөлдік үстел ойындарын құру бойынша жасөспірімдер клубы» жобасын ұсынды. Ол жасөспірімдерге гаджеттерді кейінге қалдыруға және жүзбе-жүз қарым-қатынас орната отырып, уақыт өткізуге көмектесуді мақсат етеді.

– Бұл жобаға екі жыл болды. Ол М.Әуезов атындағы кітапхананың қолдауымен іске асырылды. 2023 жылдың аяғынан бастап клуб мүшелері ойындарға арналған сюжеттерді өздері жасай бастады. Қазір біз «Тәуелсіз Қазақстан» және «Тылсым Қарағанды» атты екі жаңа ойынмен жұмыс істеп жатырмыз. Алынған гранттың арқасында мен ойын материалдарын, миниатюралар мен кейіпкерлердің фигураларын жасау үшін түрлі-түсті және 3D принтерлерді сатып ала аламын. Бұл менің жобамды одан да жанды және қызықты етуге көмектеседі, – дейді Елена Величко.

Форумда белсенді еріктілер де аталып, оларға облыс әкімдігінің Алғысхаттары табысталды.

Қарағанды облысының еріктілер фронт-кеңсесінің басшысы Ардана Мырзанова атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді. Келесі жылы өңірдің шалғай аудандарындағы жобалар кеңейтіледі, оқу орындарымен өзара іс-қимылды күшейтеді және волонтерлік ұйымдарды үйлестіру үшін ақпараттық платформа құрады. Сондай-ақ, жастарға волонтерлік туралы бірқатар білім беру шарасын өткізу жоспарлануда.

Форум қатысушыларын табысты волонтерлік жобалармен таныстырды. TEDx форматында тәжірибелі спикерлер сөз сөйледі.

Олар волонтерлік тақырыптарды әлеуметтік өзгерістердің құралы, оның медицина мен ұлт денсаулығына қосқан үлесі, мансап пен жеке дамуға әсері ретінде қарастырды.

Форумның хедлайнері белгілі қазақстандық орындаушы Айдын Жұмахан болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *