Әдебиетте «Ақсұңқарұлының абадандары» деген тіркес қалыптасқан. Сол абадандардың көшін меніңше, арқалы ақын Руслан Нұрбай бастайды. Жаңа ғасырда поэзия көгіне жарқырап шыққан ол бір кітабы шықпай жатып, Жазушылар одағына қабылданды. Орда бұзар жасқа толмай, шығармашыл жастардың «Шабыт» халықаралық фестиваліне қатысып, І орынды иеленді. Осыдан 10 жыл бұрын Алматыда «Жетпіс төрттің жеті ақыны» атты жыр кеші өтіп, «Жеті бояу» аталатын өлеңдер жинағы жарық көрді. Сол жеті ақынның, яғни бояудың бірі – Руслан Нұрбай. Және реңі қанық қандай бояу десеңіздерші!
«Qazaqstan» ұлттық телеарнасында бір кездері «Сіз не дейсіз?» бағдарламасы болды. Бұл бағдарламаны бірнеше адам жүргізді. Арасында жазушы-публицист жерлесіміз Дидар Амантай да бар. Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы қонақ болып қатысқан бағдарламаның бірінде жастар əдебиеті мəселесі қозғалды. Сонда Дидар ағамыз Руслан Нұрбайды айтқанда, жарықтық Несіпбек аға «Ондай ақынды танымаймын» деп жауап беріп, жүргізушіні қатты таңғалдырған.
Сол сияқты қазір Руслан Нұрбайды танымаймын дейтін адамдар табылса, біз таңғаламыз.
«Əріп пен ұғым», «Fe – темір» сияқты өлеңдері кезінде хит болды. Оның өлеңдерінде өмір бар, қозғалыс, динамика бар. Кемінде бір өлеңін елдің аузында жүрсе, ақынның бақыты сол емес пе, бұл жағынан алғанда аты аталған «Әріп пен ұғым» атты өлеңді тудырған Руслан – бақытты ақын.
Русланды менімен тамаша лирик ақын, құрдасым Рахат Әбдірахманов осыдан 15 жылдай бұрын таныстырып, Русекеңмен түні бойы əңгіме шерткеніміз бар. Содан бері ол маған аға-дос болып келе жатыр. Бірге талай қызықтарды да кешкенбіз. Əсіресе, 2012 жылдың 7 қаңтарында өлең десе ішкен асын жерге қоятын нағашым Азамат Шохшиннің шаңырағында болған əсерлі басқосу ешқашан ұмытылмайды. Сол кезде «Жетпіс төрттің тағы бір бояуы», белгілі ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәурен Берікқажыұлы Қарағандыға келіп, отырысымыз «поэзия кешіне» айналып кетті. Қарағандыда өткен «Қасымның əндер-ай!» концертінен кейінгі «кеш те» – бір хикая.
Русекең жиенім Нариманның тойын басқарды. Апа-жездем Жанат пен Зейнегүл əлі бұған риза. Өзімнің үйлену тойымда да асаба болды. Сонда «Жаңаарқа» атты толғауын беташарға қосып айтты. Қазір Алтын бесігімде той өтетін болса, кей асабалар осы толғауды пайдаланады. Бұл Русланның өлеңдері елдің аузында екенінің тағы бір дәлелі. Руслан Арайлым қарындасымның ұзату тойына келіп, өлең оқып, жиналған қауымды тағы риза қылғаны бар. Əулетіміздің осындай қызық-қуаныштарына ортақтасқан Русекеңе шын ризамын.
Иә, Руслан өзім деген адамға өзегін жұлып береді. Адамдығына келсем, дүние дегенге бас қатырмайды, қашанда қарапайым қалпынан таңбай, бұйырған несібені жеп жүре береді. Аңғалдығытағы бар. Осы қалпымен жарты ғасырлық мерейтойына жетіп отыр.
Руслан – «Арқаның мойнындағы алқа» (Абзал Бөкен) Ақтоғайға және қасиетті Қарқаралыға ортақ ұл. Ыстыбұлақ ауылында туып, кенді Қарағайлыда өсті. Тұңғыш жыр жинағына да ауылының атын берді. Одан кейінгі кітабы «Ар-рух» аталады.
Ақтоғайдан талай тамаша ақын шықты. Соның бірі де, бірегейі де – өмірден ерте өткен көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәуітәлі Стамбеков. Руслан бір перзентіне Дәуітәлі атын берді. Дәуітәлі ақын белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереевтің досы еді. Екеуі «Таңғы тілек» атты тамаша ән тудырған. Бұл туындыны алғашында Нұрлан Өнербаев, кейін Гүлнұр Оразымбетова шырқады. Қазір Қайнар Қатбай мен Қанат және Света Айтбаевтар айтып жүр. «Fe – темір» өлеңі бар Русланға Дәутәліден кейін туған ұлды Темірәлі деп қой дегенбіз, Нығмет болды. Бірақ біз үшін бұл – Темірәлі.
Шамасы бір аптадан кейін (18 желтоқсан) Қарағандыда Русланның «Үтірсіз уақыт» атты шығармашылық кеші өтеді. Осы атаумен жаңа жинағы да жарық көрмек. Кешін өткізіп, кітабын шығарып жатқан Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Ақышевқа рақмет айтамыз! Ал Русланға, жеткен белесін құтты болсын дейміз! Бастысы, басың аман, бауырың бүтін, төңірегін түгел болсын! Жырлай бер! Шығармашылық табыстарын көп болсын! Ләззат жеңгеймен балалардың қызығын көріп, Жаратқан Жамбылдың жасынан асуына жазсын! Шығармашылық кешінде жолыққанша асықпын!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ