Асқар ОРАЗБЕКОВ: «Еңбектенемін, нан табамын, кәсіп қыламын деген әр азаматқа лайықты қолдау бар»

Адамның ең асыл қасиеті – жақсылық. Басқаға қамқор болып, қолынан келгенше көмек қолын созып, дүниеге жария салмай-ақ, жастарға жанашыр болып жүрген Асқар Бегалыұлы осы жақсылықтын жаршысы десек те болғандай. Қарағанды облысы мәслихатының депутаты, «AMANAT»  партиясы Қарағанды облысы филиалының Жастар кеңесінің төрағасы, меценат Асқар Оразбековпен аз-кем сұқбаттасқан едік.

– Жақында «AMANAT»  партиясының жергілікті бөлімшесінің ұйымдастырумынен өткен Жастар слетінде сөз сөйледіңіз. Өз пікіріңізді айттыңыз. Жалпы, қазір жастарға не қажет деп ойлайсыз?

– Негізінде бұл слет жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту негізінде өткізілді. Сонымен қатар,  Президентіміз келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Өндірісте шыңдалған азамат үлкен еңбек мектебінен өтеді. Шыныққан құрыштай болсаң ғана адал еңбектің наны тәтті болмақ.

Менің айтарым, жастар – мемлекетіміздің болашағы, олар қоғамның қозғаушы күші.  Еңбекші жастар, ұлт мүддесі жолында білімі мен біліктілігін жүзеге асыратын азаматтар – еліміздің дамуының кепілі. Бүгінгідей ақпараттық заманда, технологияның сәт санап дамыған уақытында өркениет көшіне ілесеміз десек, жаһандануға жұтылмай, адал еңбек жасап, мықты кәсіпті меңгеріп, адал азамат болу өте маңызды. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра түседі.

– Ұлт сапасы дедіңіз, сіз де шетелде оқып келдіңіз. Сол жақта қалу мүмкіндігі бола тұра атажұртқа келіп, еңбек жолыңызды, кәсібіңізді бастадыңыз. Осыған тоқталсаңыз. Өйткені, қазір жастар «басқа елде оқып, білім алсам, сол мемлекетте қалсам», дегенді көп айтып жүр емес пе?

– Иә, «кәсібін жетік меңгерген маман  ұлт сапасын арттырады», дедім.  Мұнымен не айтқым келеді?

Шетелде білім алғаныммен, мен өз еліме келіп еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқым келді.

Негізінде, елімізде еңбектенемін, нан табамын, кәсіп қыламын деген әр азаматқа лайықты қолдау  бар. Негізі жұмысым өндіріспен байланысты болғандықтан, жастар арасында елімізге осы саланың мамандары қажет екенін, ел экономикасы үшін бұл маңызды екенін айтып жүремін.

Қазір дамыған елдердің жаңашыл жобаларын меңгеріп, жұмыс істеп келемін.

– Сұқбат басында емес, ортасында өзіңізді таныстыра кетсеңіз деген әбестік болмас. Негізгі сөз жастар туралы болғаннан кейін, әңгімемізді сол тақырыпта бастап кеттік қой…

– Аты-жөнім Асқар Бегалыұлы Қарағанды облыстық мәслихатының депутатымын, кәсіпкерлігім тағы бар. Сонымен қатар, мені «AMANAT»  партиясы Қарағанды облысы филиалының Жастар кеңесінің төрағасы ретінде біледі. Туған жерім Мәскеу қаласы.

Астана қаласындағы лингвистикалық лицейді тәмамдағаннан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының арнайы грантына ие болып, аспан асты еліндегі East China Technology University бакалаврын, кейін магистратурасын аяқтадым.

2010 жылы Қытай, ал 2012 жылы Оңтүстік Корея елдерінің ЭКСПО көрмелерінде Қазақстан павильонында жұмыс істеп, шетелдік кәсіпкерлермен танысып, еліміздің инвестициялық климатын насихаттадым. Сөйтіп, оқып, алған тәжірибемді көздеген кәсібіме бағыттап, Қарағанды  қаласында 2017 жылдың 22 маусымында «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd» ЖШС (Форевер Флорайшинг (Орта Азия) Пети Лтд)  металлургиялық зауытын құрдым. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегерімін. Отбасылы, үш баланың әкесімін.

– Асқар Бегалыұлы, сізді «жастар жанашыры» дегенді естідік. Сонымен қатар, жастар слетінде бірнеше жасқа қамқорлық танытып, ақшалай сертификат тарту қылдыңыз, көз көрді. Осы туралы айта кетсеңіз.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде аймақтың үздік оқушылары  мен жастарына арнайы грант тағайындап жүрмін. Сонымен қатар, жас спортшылар мен жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге, көпбалалы отбасыларға, Қарттар үйіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға  тұрақты түрде қолдау көрсетуді парызым деп санаймын.

Бірде маған бір топ жас жігіт келді. Сөйтсем баскетбол командасы екен. Жаңа құрылып жатқандықтан арнайы киімдері де әлі жоқ. Содан, қамқорлығыма алдым. Үстілеріне форма, спорттық аяқ киіммен жабдықтадым. Команда жігіттері алғыс ретінде атауларын  «AMANAT» деп қойды. Бүгінде олар осы атпен жарыстарда атой салып жүр.

Әрине, қолдан келген көмекті аямауға тырысамын.

– Депутатсыз ғой…

– Иә. «Депутат болып не бітірдіңіз?» деген сұрақ қойғыңыз  келіп тұр ғой?!

Депутат – бұқара халық пен билік арасындағы дәнекер, алтын көпір дейтін болсақ, олардың өтінішіне дер кезінде құлақ асу басты алғышарт. Еститін Мемлекетті, Әділ Мемлекетті қалыптастыру осыдан басталса керек. Халықтың сеніміне селкеу түсірмеу, олардың өтінішімен санасу – Қоғамдық қабылдау арқылы жүзеге асады және бұл – партияның сайлауалды бағдарламасындағы бағыттар мен міндеттердің орындалып жатқанының дәлелі. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады әрі олардың нәтижелі болуы жолында қызмет қылу – бізге парыз.

Қарағанды облыстық мәслихаттың жұмыс комиссиясының өкілі ретінде аймақтағы  аудан мен қалалардағы құрылыстың сапасы,  қауіпсіздік, жасөспірімдер арасындағы зиян әрекеттердің алдын алу тағы да басқа өзекті мәселелерді көтеріп жүрмін.

БАҚ-та спикер, әлеуметтік желілерде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өзекті мәселер мен атқарушы ұйымдар арасындағы жүзеге асқан жұмысты белсенді түрде таратуды да қолға алғанмын.

Партияның сайлауалды бағдарламасы мен «Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол», «Таза Қазақстан», «Жастарға жұмыс»  жобаларын насихаттаушымын. Партия филиалының Қоғамдық қабылдауына азаматтар түрлі сұрақтармен, мәселелермен келеді. Олардың шешілуі үшін мемлекеттік ұйымдармен депутат ретінде бар күшін саламын.

  • Жастарға не айтар едіңіз?

–   Алаш Арысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өнегелі сөзі бүгінгі күні аса маңызды болып тұр. Осы қағида әрбір азаматқа бұлжымас қағида болғанда біз армандаған ұйысқан ұлт, өркениет көшіндегі  құндылықтары берік, тәуелсіздігі баянды мемлекет боларымыз хақ. Бұл жалаң сөз, жалынды ұран емес, іс-әрекетке айналғанда өзімізден кейінгі жас ұрпақ әділ, адал, еңбекқор, білімпаз, отаншыл, жаңашыл әрі жанашыр болады.

Менің өмірлік ұстанымым бар, ол: «Адал еңбек, бақытты ұрпақ өсіру және  ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру».

– Рақмет!

Әңгімелескен: Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *