Табиғат жанашыры. Сәкен ағамыз осындай жан. Жыл – он екі ай құстарды ойлап, егілген талды күтіп, баптап жүргені. Тынымсыз адам. «Әдебиет, сол жерге келе қал», деп шақырып жатқаны. Кей күні алып-ұшып жетіп барамыз. Бірде қол тимей жатады. «Зейнетке шықты ғой, жатпай ма?» дерсіз. Бірақ, ағамыз шырылдап жүргені.
Жақында Сәкен ағамыздың жұмысын бағалап Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Алғысхатпен марапаттады.
– Қоршаған орта жанашыры, табиғат тамыршысы Сәкен Келдібаев ағамыздың қайырымды hәм сауапты ісі Қарағанды қаласында жан жақты қолдау тауып, мектеп оқушылары, табиғат ресурстарын қорғау басқармасы қолдауымен, мешіттер имамдары, «Ауыл» партиясы жастар қанаты, «Ақжол» партиясы депутаттары, белсенді қала тұрғындары кеңінен қолдап жатыр. Сәкен ағамыздың инициативасы республика көлемінде қолдау табуда, республикалық телеарналарда насихаттауда. Ағамыздың Президенттің «Таза Қазақстан» акциясына қосып жүрген үлкен үлесі және жеке еңбегі деп бағалауға тұрарлық, – дейді қоғам қайраткері Ниқанбай Омарханов
Марапат иесі болса Тәуелсіздік күніне орай тағы да сыйлық жасады.
– Қарағанды қаласына 3 құс астауын орнатып сыйлық жасадым. Құстар – табиғаттың көркі! Біздің аспан әлеміндегі қорғаушымыз. 2 құс астауын Карбышев көшесіндегі №133 дәріхананың алдына ілдім. Өйткені тұрғындар құстарға жерге азық шашып қоректендіреді, сондықтан әр-түрлі құстар көп жиналады. Біреуін өзіміз тұратын үйдің артына ілдім, күнделікті азық салып отыру үшін. Сонымен қатар, қаламыздағы Әнет-баба мешітінің ауласына областық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, басшысы Бахтияр Санбаев, құс астауларын орнаттық. Бүгін жем салайын деп барсам, барлық астауларда торғайлар салған азықтармен қоректеніп отыр. Қандай ғажап! Бахтияр Санбаев мырзаға мың алғыс! Қаншама сауап алдыңдар. Рахмет! «Құстарға қамқорлық» науқаны басталғалы қаламызда жетпістен артық құс астауын орнаттық, – деп қуанышын жеткізді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ