Мұғалімнің ісі сырттай қарапайым болып көрінгенімен – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Сондықтан өскелең ұрпаққа білім беретін ұстаздарымызды баршамыз әрдайым құрметтеуіміз керек. Өйткені әрбір мектеп табалдырығын аттаған баланың білім алудың іргетасы осы жерде қаланады. Осы мектептен алған білімі, тәрбиесі оған өмір бойы азық болады. Ауыл мектебінен түлеп ұшып, қаладан жоғары білім алып, өз ісінің нағыз маманы болып, атағы шыққан адамдар қаншама!
Бүгін сәті түсіп, кентіміздегі үлкен мектепке ат басын бұрдым. Ойым мекеме басшысы Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызын жақында ұжымы ие болған үлкен марапатымен құттықтап шығу. Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі биылғы жылдың қорытындысы бойынша «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйғаруымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндерінен республикалық олимпиадада көрсеткен үздік нәтижелері үшін «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» атағына ие болған еді. Бұл дегеніңіз әрине, екінің бірінің қолы жете бермейтін ғаламат жеңіс, керемет жетістік.
Құттықтауымды қабыл алған мектеп директоры: «Республикалық атақты жеңіп алардың алдында біздің ұжымымыз ең алдымен облыста алдыңғы шептен көрінді. Білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде мектеп-лицейіміз ауыл мектептері арасындағы үздік команда болып танылды. Содан облыстық білім департаменті жоғары жаққа ұсынып, республика бойынша да жеңімпаз атағына ие болдық. Бұл біздің ұжымымыздың, әрбір мұғаліміміздің талапшылдығы, табандылығы, білім беруде төккен маңдай тері, шәкірттеріміздің дарындығы мен ұқыптылығы. Мұндай марапат мектебіміздің мәртебесін көтеріп, ұстаздарымызды, оқушыларымызды қанаттандырғаны сөзсіз. Бұл ауыл мектептері арасындағы байқау былтырғы жылдан бері, екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр», – деп мақтанышпен жеткен жетістіктерін айтып берді. Иә, мақтануға, мақтауға тұрарлық ерекше нәтиже.
– Осындай жетістіктерге ие болуда үлесін қосқан бір ұстаз жайлы көлемді мақала жазсам қалай қарайсыз? – деген ұсынысыма Гүлдария Әйкенқызы ойланбастан: «Физика пәнінің мұғалімі Жекебай Аманжол жайында жазуыңызға болады» деп жауабын берді.
Сол бетте мектеп ұстазынан сұқбат алуға мүмкіндігім туа қалсын. Жекебай Аманжол 1974 жылы Моңғолия елінің астанасы Улан-Батор қаласында дүниеге келген. Руы Абақ – Керей – Шеруші – Саңырау, Ер Жәнібек, Байтайлақ батыр, үш рет қыдыр қонған Пұшықсарының ұрпағынан тарайды. Негізі арғы аталары 1860-1870 жылдары Қытай елінің Шыңжаңынан Моңғолия жерінің Алтай Хобда бетіне қоныс аударған. Содан сол жерде ұрпақтарын өсіріп, кең жазықта малын жайып, өрісін кеңейтеді.
Әкесі Қарнайұлы Жекебай Улан-Батор қаласының ауылшаруашылық институтын ветеринарлық дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Институттан кейін он жыл бойы Байқоңыр аймағында мал дәрігері, кейіннен Баян Өлгей аймағының әкімшілігінде аудит бөлімінің инспекторы қызметін атқарады. Көзі ашық, тұрған өлкелерінің зиялы азаматтарының бірі болған. 2005 жылы 55 жасында өмірден озады.
Анасы Әдеш Қалима да жұбайы бітірген ауылшаруашылық институтында оқып, зоотехник мамандығын алып шығады. Кейін Мәскеу қаласында Жоғарғы партия мектебін де бітіреді. Байқоңыр аймағында зоотехник мамандығынан бастаған, кейін халық арасында үлкен қызметтерде болып, оны абыроймен атқарады. Алдымен жастар ұйымының екінші хатшысы, 1984 жылдан Баян Өлгей партия комитетінің кадрлар бөлімінің нұсқаушысы, ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметтерінде жүреді. Қай қызметте болсын, өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, ел арасында зор бедел иесі бола алады. Қазіргі уақытта зейнеткер, Моңғолия елінде тұрып жатыр.
Әке, анасы 4 бала – 1 қыз, 3 ер баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі кейіпкеріміз ортаншы балалары.
Кішкентай кезінде әкесі Жекебай досы Қуанбай екеуі ұшақпен Улан-Батордан Өлгейге ұшып келе жатқанда ауа-райының қолайсыздығынан басқа әуежайға қонып, сол жерде түнеп шығады. Қастарында Аманжол нәресте де болады. Әуежайдың іші салқын болып баланың екі бірдей өкпесіне қатты суық тиеді. Дәрігерлердің көмегі дәрменсіз болады. Артқы кезінде тіпті ем жасаудан бас тартады. Осы жерде көмекке әжесі яғни әкесінің анасы Рахимақызы Мәдине келеді. Сырқаттанған баланы бауырына басып, үш жыл бойы күн демей, түн демей, жарғақ құлағы жастыққа тимей төніп келген ажалдан арашалап қалады. Әуелі Аллаһтың, одан кейін әжесінің арқасында сырқатынан құлан-таза айығып кетеді. Кейін сырқатынан жазылған немересіне: «Үш жыл бойы көз ілмей ажалдан аман алып қалған балам» деп еркелетіп, өле-өлгенше бетінен қағып көрмеген екен.
Әжесі Мәдине қарапайым, мейлінше бауырмал, еңбексүйгіш адам болған. Ұлттық қолөнерінің майталман шебері, сырмақ сыру, жиек есу, бояу, сабын бұлғау, тері, елтіріден киім тігу, жүн бояу істеріне қанық, ауылдастарының арасында ісмерлігімен әйгілі адам ретінде танылған. Ал ол кісінің жұбайы, Аманжолдың үлкен атасы Қарнай да қаражаяу емес, белдеуінен сәйгүлік кетпеген атақты бапкер болса керек. Атасы да, әжесі де ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық саласында талмай еңбек еткен.
Үлкен атасы Қарнай дүниеден озғанда, әжесі Мәдине небәрі 37 жаста болған. Содан жалғыз өзі бүкіл бала-шағасын көтерген.
Әжесі аман алып қалған немересін алты жасында әке-анасына қайтарып берген.
Бала Аманжол өскенде шопыр болсам деп армандап жүрген. Бір қызығы, сол техникаға жоламай кеткен, әлі күнге дейін қызықпайды екен. Ал енді, кейіннен есі кіріп, мектепте оқушы болып жүргенде мұғалім болсам, шәкірттеріме білім берсем деген мақсаты болады. Сол алдына қойған мақсатын ақыры аяғы іске асырады.
Мектепті үздік бағамен бітірген талапты жас бірден Хобда аймағының мұғалімдер институтының физика факультетіне оқуға түседі. Бір курсты тәмамдаған соң Қарағанды Мемлекеттік университетіне ауысып келеді. 1997 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломын қорғап шыққаннан кейін, Баян Өлгейдің мектептерінде 10 жылдан астам бойы физика-математика пәндерінен сабақ береді.
2007 жылы жанұясымен бірге көп жылдардан бері армандап жүрген ата қонысы – Қазақстанға келуді ұйғарады. Ақадыр кентіне көшіп келіп, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде физика пәнінен бүгінгі күнге дейін оқушыларына білім беруде.
Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар Жекебай Аманжол ұстаздық жолында талай шәкірттерді дайындады. «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей Моңғолия елінде де, Қазақстан елінде де өзінен білім алған оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Алғаш көршілес елде ұстаздық еткен жылдары 10-нан астам олимпиада жеңімпаздарын дайындаса, қазіргі кездегі жұмыс атқарып жүрген мектебінде 20-дан астам оқушысы биіктен көрініп жүр.
Аманжол ұстаз өзінің оқу тәжірибесі жөнінде былай деп әңгімеледі:
– Мектепте ұстаздық еткен соң ең алдымен оқушыларға өзің үлгілі болуың керек. Олай болмаса, үлкен жетістіктерге жете алмайсың. Мұғалімдер арасында да олимпиадалық додалар болып тұрады. Менде сол сынақтарға барып қатысамын. Моңғолия елінде еңбек жасаған жылдары жылда Тоқай Мұрат атындағы олимпиадаға қатысып, бірінші немесе жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Тарихи отанымызға келген соң Қарағанды облысының физика – математика – информатика мұғалімдерінің арасында өткізілген олимпиадаларда төрт жыл бойы жүлделі орын алдым. Ал енді, 2022 жылы Жәутіков Орынбек атындағы физика мұғалімдері арасында өткізілген халықаралық олимпиадаға қатысып, белсенділік танытқаным үшін Алғысхатпен марапатталдым, – деп сөзін аяқтады.
Шәкірттерінің жетістіктеріне тоқталсақ, кентіміздің мектеп-лицейінде сабақ берген жылдары 2010 жылы оқушысы Батыр Жидебек Тараз қаласында өткен халықаралық-практикалық конференциясында жүлделі ІІІ орынды жеңіп алған. 2012 жылы Ақмағанбет Ернар Қарағанды облысы бойынша өткен олимпиадада ІІІ орынды місе тұтады. 2014 жылы Қожанәсіп Асылхан Санкт-Петербург университетінің атындағы халықаралық онлайн-олимпиадасында алдына жан салмайды. Сол жылы Қарағанды облысы бойынша да жеңімпаз атанады.
2023 жылы шәкірттері Жаңабай Ариза, Ермұқан Дариға ғылыми-практикалық облыстық кезеңінде ІІ орыннан көрінсе, биылғы 2024 жылы оқушысы Игілік Ерасыл ауыл мектептері арасында ұйымдастырылған олимпиадасында ІІ орынды иеленді.
Әңгімемнің кейіпкерінен университет, институт қабырғасында оқып жүргенде, еңбек жолында бастан өткерген қандай қызық оқиғалар болды деген сұрағыма: «Хобда педагогикалық институтында оқып жүргенімде физика кафедрасының меңгерушісі болған, Демберел есімді оқытушы профессорымыз болды. Физика ғылымының кандидаты, ғылыми атағын Мәскеу қаласында қорғаған. Ол кісі лекция оқығанда аузымызды ашып, көзімізді жұмып отыратынбыз. Физика ғылымын түсіндіргенде әбден риза болатынбыз. Әрбір тақырыпты аузымен шайнап бергендей шәкірттеріне жеткізіп беретін. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін осы пәнге қызығушылық оятып, физикаға «ғашық болуыма» бірден-бір себепкер сол кісі болды.
Дәл осындай мықты ұстаз Қарағанды Мемлекеттік университетіне ауысып келгенімде де кездесті. Деканның орынбасары Мусенов Кемелбай жоғарғы оқу орнындағы мықты ұстаздардың бірі. Бір жылдары физикадан басқа салаға кетемін бе деп адасыңқырап жүргенімде «сенің ерекше талантың бар, терең ынтаң бар, өмірлік ұстанымың физика болуы керек» деп ойымды кері қайтарғаны бар. Содан бері физиканы таңдағаныма, қиындық көріп жүргенімде сол ұстазымның арқасында қайта оралғаныма ешқашан өкініп көрген емеспін.
Ал ұстаздық жолымда болған бір оқиға әлі күнге дейін есімнен кетер емес. 2001 жылы Моңғолия елінде ұйымдастырылған олимпиаданың аймақтық кезеңіңде жюри құрамында болдым. Маған 7 сынып оқушыларының жұмысын тексеру тапсырылған. Сынға қатысқан оқушылардың тапсырмаларын тексерейін деп арнайы берілетін кілтті ашсам, ешқандай жауабы жазылмаған, таза бетінде келген. Мен ешбір саспай отыра қалдым да, жалма-жан берілетін жауаптардың есебін өзім шығарып, әп сәтте жауабын жазып тастадым. Сосын солар арқылы балалардың жұмысын тексеріп тиісті бағамды бердім. Қасымдағы жюри мүшелері аң-таң болды. Сол жолы ширақ әрі сенімді қимылдарыммен олимпиаданың ұйымдастырушыларын да, жюри құрамының адамдарын да таң қалдырғаным бар, – деп күлімсірей жауабын берді.
Жекебай Аманжолдың еңбегі еш қалмай, әрдайым еленіп келеді. Моңғолия елінде еңбек жасаған жылдары Білім Министрлігінің «Аға оқытушы» төсбелгісімен наградталған. Ол жақта бұл жоғары наградалардың бірі болып саналады.
Қазақстан Республикасының Білім Министрінің, Қарағанды облыстық департаментінің, Шет ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Басқа да мадақтамалары, мақтаулары жетерлік.
Зайыбы Хабидолда Алтынгүл де мектеп ұстазы. Көкшетау қаласының педагогикалық колледжін бітірген. Бас кезінде кенттегі Ә.Ермеков атындағы ресурстық тіректі мектеп-интернатында, кейін өзімен бірге Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі жұмысын абыроймен атқарып келеді. Білікті ұстаз, «Педагог-сарапшы» дәрежесінің иегері.
Ерлі-зайыптылар бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Үлкендері Назерке Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейін үздік бағамен бітіргені үшін «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанған. Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы халықаралық университетті математика пәні бойынша оқып, қазіргі уақытта сол жоғарғы оқу орнының магистратурасында оқуын жалғастыруда және жұмыс істеуде.
Ұлдары Серіктес те мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен аяқтаған. Апасы тәрізді Сүлеймен Демирел атындағы университетте IT (ай-ти) мамандығы бойынша IV курсында оқиды.
«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі». Оқушысының білім көкжиегінен көрінуі жолында бойындағы бар күш-жігерін сарпыған ұстаз еңбегі өлшеусіз.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің мерейі мен баланың болашағы мұғалімнің қолында екендігі даусыз. Осындай жауапты істі арқалап, алтын уақытын ағарту ісіне арнап, екі елде өзіндік ізі бар, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген Жекебай Аманжолға алдағы уақытта да білікті ұрпақты тәрбиелеу жолында жемісті еңбек, білім мен ғылымды игеруде үлкен ізденіс, толағай табыс тілейік.
Шәкірттеріңіз биіктен көрініп, оза берсін демекпіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Қазақстан Республикасы Журналистер
Одағының мүшесі
Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кенті