Алаштың мәңгі құндылықтарын бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру – ұлттық бірегейімізді сақтап, болашаққа жол ашудың маңызды қадамы. Бұл міндетті орындау үшін әрбір жеке тұлға өз үлесін қосуы қажет.
Осы жуырда мектебімізде «ZIATKERLIK MODERNIZASIA – 23» жобасы аясында жоспарлы Q talks шарасы өтті. Озық тәжірибелерімен бөлісу мақсатында құрылған жобаға спикер ретінде қала мектептерінің жас мамандары қатысты. Білім ордасында үш жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан пікір алаңында спикерлер өз тәжірибесімен, басынан өткен оқиғасымен бөлісті.
Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау. Ұлы тұлғалар қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту – бүгінгі тәуелсіздігіміздің берік ұстанымы. Бұл құндылық – бүгінгі күні Жаңа Қазақстанның мемлекет ретінде нығаюының негізгі бөлігі. Алаш зиялылары білім мен ғылымды дамытуды ұлттың өркендеуінің басты шарты деп білді.
Бүгінде мектеп оқушыларын сапалы білімге баулу – еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Осы жолғы Q talks жобасына түрткі болған негізгі тақырып – «Алаштың мәңгі құндылықтары».
Спикерлер тақырып аясында ой қозғады. Шараға қатысқан Сұлтанова Ж.Ж, Дюсенбекова А.Б, Ибрахимов А.Е, Төкен Р.Е, Боранқұлова Г.М, Алиасқарова Г.М, Тілеубергенова А.М, Ахметбек Д.Н, Куатпекова С.Т, Кулжанбеков Д.М, Тәңірберген Р.Б, Шәкен Ж.С жас мамандардың әрқайсысы Алаш зиялылырының идеялары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Ұлт тәуелсіздігі, білім, мәдениет, әділетті қоғам құру сияқты ұстанымдары мен мұраларын оқушы бойына тәжірибеде оқытудың тәсілдері мен жаңаша платформалары арқылы жүзеге асыруға болатынын сөз барысында тиек етті.
Мектеп өнерпаз оқушыларының «Қазақстан – егемен елім» атты хоры мен жас домбырашылар оркестрініңорындаған «Ер тұран» күйі көпшілікті тәнті етті. Q talks шарасына қатысқан қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Байжигитова Төлеубике Рымхановна қатысқан жас мұғалімдерге сәттілік тіледі.
Әдіскер Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» сөзін негізге ала отырып, адам баласы өз бойындағы адамгершілік қасиетімен өз еліне адал қызмет ете алатынын білдірді. Шараға қатысқан барлық спикеріміз қалалық білім бөлімі басшысының алғысхаттарымен марапатталды.
Ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарымыз арқылы білім саласында жол көрсетер болсақ, бүгінгі білім алушыларымыз егеменді еліміздің өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп сеніммен айта аламыз. Алаш қайраткерлерінің асыл мұрасы, олардың ерен ісі кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге болмақ.
Құндылықтарға негізделген шара өз мәнінде мазмұнды, тартымды әрі жүйелі өтті. Q talks шарасы қатысушыларға шабыт беріп, жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға мүмкіндік берді. Құндылықтарды дәріптейтін тағылымы мол бұл шара ерекше идея мен тәжірибеге толы болды.
Жайран РАКИШЕВА,
Қарағанды қаласы №36 мектептің директоры,
тарих пәні мұғалімі