Қарағанды облысында «Жұмысшы мамандықтары» жылына байланысты шаралар жүзеге асуда. Бұл іске өңірдегі қала, аудан, ауыл әкімдері де жұмылдырылып отыр. Айта кету керек, алдымен бұл іске Еңбек ұтқырлығы орталығы мен Мансап орталығы білек сыбана кірісіп кетті. Сонымен қатар, облыстың білім басқармасы аясында жұмысшы маманның беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын іске асыруда жұмыс тобы құрылып, жоспары да бекітілді.
– Бүгінде адал еңбекті және еңбек адамын насихаттайтын материалдарды орталық алаңдар мен негізгі көлік бағыттарына орналастырдық. Түрлі саладағы инновациялар, жетістіктерді, сондай-ақ мансаптық өсудің табысты мысалдарын көрсететін жұмысшы мамандықтары жетістіктерінің облыстық көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары жалғасуда. Бұл жастардың жұмысшы мамандығын таңдауына қосымша ынталандыру болмақ. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың соңғы технологияларды қарқынды енгізуін ескере отырып, бірінші кезекте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау арқылы кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша нақты шараларды қабылдаймыз. Бүгінде облыста 33 мыңнан астам студент оқитын 52 колледж жұмыс істейді. Кадрларды даярлау 126 мамандық, 178 біліктілік бойынша жүргізіледі. Биыл біз колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемін 1 100 орынға көбейтіп, 9 244 адамды қабылдадық, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында дуальды оқытуды дамыту көзделген. Бұл ретте кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа форматын енгізіп, колледждерді ірі бизнестің қамқорлығына беру маңызды.
Бүгінде колледждерді кластерлеу 8 жетекші бағыт бойынша жүргізілуде. Бұл тізімде білім беру, құрылыс, көлік, энергетика, IT және байланыс, тау-кен өндіру, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылығы саласы бар.
– Әр сала бойынша тірек (құзыреттілік орталығы) және магниттік колледждер, кәсіпорындар және облыстағы мектептермен бағыттар айқындалды. Бұл жұмысқа жоғарғы оқу орындары да тартылады. Осы мақсатта өңірдің жаңа мамандықтар атласы әзірленді. Ол мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында ескерілетін болады. Осыған орай, биыл «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану», «Гидротехникалық құрылыс» және «Гидротехникалық мелиорация» мамандықтарын ашатын боламыз, – деп атап өтті облыстың білім басқармасының басшысы.
Алдағы уақытта кәсіптік бағдар беру жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылмақ. Бұл жұмысқа мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер де тартылмақ. Өңірлік WorldSkills чемпионаты аясында «Жас Skills», сондай-ақ, алғашқы рет «Бөбек Skills» кәсіби шеберлік конкурсы өткізіледі. Оқушылар үшін жергілікті кәсіпорындарға экскурсиялар, «мансаптық апталар» ұйымдастырылады. Мектептерде профильді сыныптар құру жұмыстары жалғасын табады. Қазіргі уақытта мектептерде қызмет көрсету, авто, агро, құрылыс, ІТ және басқа да бағыттар бойынша 50 профильді сынып құрылуда. Жазда колледждер базасында профильді лагерьлер ұйымдастырылады. Биыл сондай-ақ, түрлі себеппен мамандығын өзгертуге шешім қабылдаған ересек адамдарға көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Мансап орталығы «Жұмыс тап» жобасын жалғасып, түрлі жастағы азаматтарға арналған бағдарламалар колледждер базасында жүзеге асырылатын болады. Жұмыспен қамту, мансаптық өсу және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері ақпараттық науқан аясында «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар», «Бірінші жұмыс орны», «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» сияқты негізгі мемлекеттік бағдарламаларды, сондай-ақ «Күміс жас» және «Алтын жас» сияқты әртүрлі жас топтарын қолдауға бағытталған жобаларды қамтуға ерекше назар аударылатын болады.
Биыл сонымен қатар, өңірдің жетекші компанияларында түрлі кәсіби сайыста жүлделі орын алған 50 үздік түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Облыс колледждерінде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 2 заманауи құзіреттілік орталығы және 10 шеберхана құрылатын болады.
Осы бағытта «Qarmet» АҚ, «KazakhmysSmelting», «QazTehna», «Kama-TyresKZ», «Silk Road Electronics» ЖШС және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындарымен белсенді жұмыс жүргізілуде. «Моноқалаларда және ауылдық жерлерде орналасқан колледждердің қызметіне ерекше назар аударып, Балқаш және Теміртау қалаларында орналасқан шағын колледждерді ірі колледждерге қосу арқылы ірілендіру жұмысын жүргіздік. Бұл ірі колледждердің ресурстары арқылы шағын колледждердің потенциалын көтеруге мүмкіндік береді. Биыл аталған ғимараттарда өңірлік сұранысқа сай су шаруашылығы, туризм бойынша заманауи шеберханалар мен зертханалар ашылатын болады», – деп атап өтті Гүлбақыт Серікжанқызы.
Биыл аймақтағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 429 түлегі «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша жұмысқа жолдама алды. Жоба аясында бюджет қаражаты есебінен 872 адамды қамту жоспарланған. Аталған жобаға Еңбек ұтқырлығы орталығында немесе Мансап орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыздар жұмысқа орналастырылады. Бұл жобаға қатысушылардың бірі – 23 жастағы Хансұлтан Мақсатұлы. Ол Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін 2023 жылы бітірген.
– Мамандығым тау-кен және пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты. Жоғары оқу орнын бітірген соң өкінішке қарай, мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Ата-анама масыл болмау үшін азықтүлік дүкеніне орналасып, бір жылға жуық жұмыс істедім. Алайда, үнемі мамандығыммен жұмыс істеуді армандап жүрдім. Сонша жыл бекер оқыдым ба? «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы өз мүмкіндігімді жіберіп алмауға бел будым, – дейді ол. Хансұлтанның айтуынша, ол былтыр қыркүйек айынан бастап, «QazaqGaz Aimaq» АҚ ҚӨФ өндірістік-техникалық бөлімінде жұмыс істеп келеді.
2024 жылы «Күміс жас» жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жобасы бойынша зейнеткерлік жасқа дейінгі 19 199 қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Қарағанды облысында осы жоба бойынша 1 471 адам жұмыс тапты.
Ал 2024 жылы мүгедектігі бар адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлер есту қабілеті бұзылған және нашар көретін адамдарды жұмысқа алды. Мемлекет жұмыс орындарын жайластыруға және жалақыға субсидия берді. Облыста мүгедектігі бар адамдар мен олардың қамқоршыларын IT-мамандықтарға оқыту бойынша арнайы жоба жұмыс істейді. Тегін курстардан 110 адам өтуде. Нәтижесінде 2024 жылы 1 318 мүгедек жан жұмысқа орналастырылды. Өз бизнесін ашуға ниет білдіргендерге де көмек көрсетілді: 63 грант берілді, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына. Биыл барлық мемлекеттік қолдау шарасы мен өңірлік бағдарламаларды пайдалана отырып, алға жылжу көзделіп отыр.
Жақында облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев жұмыспен қамту бойынша өткен жиналыста: «Кәсіпорындар үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын ұлғайту, жаңа арнайы жұмыс орындарын ашу, сұранысқа ие мамандықтарға оқытуды жалғастыру керек», – деген міндет қойды.
Жұмыспен қамту негізінде биыл облыста зейнеткерлерді жұмысқа орналастыру үшін «Алтын жас» жобасы іске қосылды. Оны мүгедектігі бар адамдар да пайдалана алады.
Ten Qogam орталықтары ашылды, оның бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру.
Сонымен қатар, бос орындар жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады, онда ниет білдіргендерге лайықты жұмыс ұсынылады. Өткен аптада Қарағанды облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Онда түрлі кәсіп бойынша 700-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Негізінен, облыста темір ұстасы, электр газымен дәнекерлеуші, жол монтаждаушысы, жүргізуші, аспаз, токарь және тағы да басқа жүмысшы мамандықтарына деген сұраныс артқан.
Бір ғана «Enbek.kz» бос жұмыс орындары сайтында Қарағанды облысы бойынша 4 104 мамандыққа шақырту қойылған. Қазіргі уақытта «Екі қолға – бір күрек» табамын деген адамға жұмыс та жеткілікті. Тек ынта болса болғаны.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ