«Жақсының жақсылығын айту» – біздің ұлттық мінезіміз. Оның астарында елі сыйлап, құрмет тұтқан адамның еңбек жолын, кісілік келбетін жас ұрпаққа өнеге етіп жеткізу.
Әр елдің құрметтейтін қадірлісі, арқа сүйер ардақтысы болады. «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей» болған сондай жандардың ақыл кеңесі қазіргі қоғамға керек-ақ. Ал ондай дәрежеге екінің бірі жете қоймайтыны белгілі.
Тілшілік тірлікте небір жақсы жайсаңдармен әңгімелесудің сәті түсіп жүреді. Соның ішінде өмірдің ащы—тұщысын көрген, еңбек етудің қай саласында болмасын үлгі—өнеге көрсете білгендермен сұқбаттасу адамға ерекше рухани күш беретініне көзім жетті. Себебі жаратылысынан адамгершілікті, жауапкершілікті, адалдықты, төзімділікті ту етіп туылған адамның бойында көрегенділіктің, ізгіліктің нәрі есіп тұрады. Міне, осындай жүрегі жұмсақ, кең пейіл, ақ адал жанмен сырласудың орайы тағы келді.
Бүгінгі менің кейіпкерім ауылшаруашылық пен теміржол салаларының ардагері, кентіміздің ардақты ақсақалдарының бірі – Дөненбай Құсайынұлы Құсайынов.
Дөненбай Құсайынұлы 1953 жылдың мамыр айында Қарағанды облысы, Шет ауданы, К.Маркс атындағы (қазіргі уақытта Жарылғап батыр атындағы ауыл) колхозда дүниеге келген.
Әкесі Құсайын Жақсылықұлы 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, ІІ Дүниежүзілік соғысына да, милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа да қатысып, майдан шебінде көрсеткен ерліктері ескеріліп «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» тағы басқа мемлекеттік медальдармен наградталған.
Соғыстан 1946 жылы туған еліне қайтып келеді. «Ақшатау» кеңшарының (совхозының) алғашқы механизаторлардың бірі болып, малға жем-шөп дайындайтын ШРК тракторына отырады. Бұл тракторда құстың қанатындай екі жағында және алдыңғы жағында шөп шабатын шалғылары, тіркемесінде тырнауышы болған екен. Еңбек жолының соңғы жылдарында ауыл тұрғындарына кешкілікте жарық беретін дизельде жұмыс атқарған.
Әкесінің қолы босағанда жақсы бір үйреншікті ермегімен айналысқан. Ағасы Наркен екеуі бірігіп ұстахана жұмысын жүргізген. Олар аттың тағасын, тағаны бекітетін шегелерін дайындаған. Елдің жылқыларына таға қағып беретін арнайы арандары да болған. Қос ағайынды сонымен бірге ағаштан қысқы шаналар жасап, сырғанайтын табанын темірмен қаптаған. Мұндай шаналарды ертеде «кәшауа» дейтін. Мал терілерін де илеген, олардан тарамыс жасап қамшы өрген, бишік, ертоқым әбзелдерін, жүгендерді жасап шығарған. Шеберлердің қолынан бірде-бір шеге жұмсалмай сәбилерге арналған бесіктер де шығып отырған. Әсіресе, олардың қолынан шыққан ұстаралар халықтың көңілінен шығып жүрген. Мұндай ұстаралармен олар сақал-мұрттарын алған.
Бір сөзбен айтқанда, «Ел іші – өнер кеніші» дегендей заманында сол ауылда ағайынды Наркен мен Құсайын Жақсылықовтардан басқа Шет өңіріне аттары мәлім болған белгілі ұсталар Күзенбайұлы Орал, Мұқашұлы Сағат деген адамдар қатар өмір сүріп, шеберліктерін ортаға салған.
Дөненбай ағамыздың анасы Зейнеп Жасұланқызы да өнерден кемшін болмаған. Үй шаруасындағы әйел болса да, тігіншілігімен елдің көзіне түсе білген. Базар, дүкендерден мата сатып алып балаларына дәлдеп киім-кешек: көйлек, жейде, шалбар, шапанды өзі пішіп, өзі тіккен. Жүннен тоқыма дайындап, олардан жылы қолғап, шұлғылар тоқыған.
Бала Дөненбай ауылдың К.Маркс атындағы мектебіне барады. Ол кезде мектеп директоры ұстаздығымен облыс көлеміне танымал Медхат Тоқтарбеков екен. Оқушы кезінен ауылшаруашылық маманы, оның ішінде агроном болсам деп армандайды. Онжылдықты бітірген жылы сол жетелеген арманымен Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Ауылшаруашылық институтына оқуға түсуге барады. Алайда, сол жылы жолы болмай қалады.
Ауылға қайта оралып, еңбекке араласады. Алғашқы еңбек жолын «Ақшатау» кеңшарының машина-трактор шеберханасында слесарьлықтан бастайды. Бір жыл өткен соң тағы да тағдырын сынауға Алматы қаласына барады. Осы жолы арманына қол жеткізіп, ауылшаруашылық институтының білдей бір студенті атанады. Институт қабырғасында алғырлығымен, зеректігімен, оқуға деген ынтасымен көзге түседі. Жоғарғы оқу орнының қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысып жүреді.
Ғылыми-агроном мамандығын алған жас маман мемлекеттің жолдамасымен туған ауылына жіберіледі. Сол уақыттағы кеңшар директоры Оспанов Байәділ өзінің бұйрығымен оны шаруашылықтың «Қарғалы» бөлімшесіне агроном етіп тағайындайды.
Мамандығы бойынша қызметін бастаған Дөненбай Құсайынұлы сол кездегі еңбек жылдарын былайша еске түсіреді:
Институт қабырғасынан ауылыма оралған бетте кеңшар орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Қарғалы» бөлімшесіне агроном болып тағайындалдым. Ауылда 60-қа тарта үй болды. Бөлімше еңбеккерлері жылқы, қой өсірумен айналысты. Жері малға жайлы, шөбі құнарлы, жан-жағы жасыл желекке оранған. Ол жерлерде кілең ақ қайың мен арша қатар өскен. Тау тастарында арқары, тау-ағаштары арасында қасқыр, түлкі, қоян, суыр, құстан шіл, құр, үйрегі көп болатын.
Агрономия саласының маманы болған соң алған білімімді, өзімді көрсете алуым қажет. Екпе шөп егуіміз керек деп айтайын десем, шөбі онсыз да құнарлы, малға тойымды. Шаруашылық директорының ауылға бір келгенінде: «Байәділ Оспанұлы, бұл жерге екпе шөпті егудің қажеті жоқ. Шалғынымыз мол, мал тойып жейді. Менің ойым, бұл ауылда арпа мен қара бидайды егіп, өсірсек жақсы болар еді. Қысқы мезгілде қой малына қосымша қорек болар еді. Жалғыз Қарғалы емес, кеңшардың бүкіл бөлімшелеріне де үлестіріп берсек. Қалай қарайсыз?» – деп қолқа салдым. Директорым меселімді қайтармай, ұсынысымды жақтады.
– Сонымен не керек, арпа мен қара бидайдың тұқымын алып, қолдағы бар техникамен 500 га. жерге егін ектік. Орташа есеппен бір гектарға 8-10 центнерден айналып отырды. Бір жылы алған өніміміз тіпті ауылдағы қырманға да, қоймаларымызға да симай кетті. Бұл тығырықтан да шықтық. Алған арпа, бидайымызды Жарық кентіндегі астық қабылдау бекетіне (ХПП) сақтауға өткізуге тура келді. Сол жылдары ХПП директоры, республикамызға танымал бард-әнші Қорабай Есеновпен танысқан едім, – деп сөзін аяқтады.
Үш жыл өткеннен кейін Ақадыр аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Жұрынбаев Сатылған өзіне шақырып алып, Дөненбай Құсайынұлын «Ақшағыл» кеңшарының бас агрономы қызметіне жібереді. Ашылғанына көп болмаған шаруашылық қуаң, шөлейт жерде орналасқан. Ол кезде жарық деген мүлдем жоқ, электр энергиясы баяғы дизельмен кеш батқаннан бастап түн ортасы ауғанға дейін ғана беріледі. Мектептің өзі жетіжылдық қана.
Бұл жақта екпе шөп, егін егумен айналысу туралы айта алмайсың да. Шаруаның бәрі қысқы мезгілде К-700, ДТ-75 тракторларымен қар тоқтату шараларымен шектеледі. Өйткені, жазғы уақытта аз да болса шөп шабуға, жайылымның қалыңдау болуына кішкене болса да көмегін беретіні сөзсіз. Ал жаз айларында кем дегенде 2 бригада Ақдала учаскесінде шөп шауып, оны ауылға тасымалдаумен айналысады. Әрбір бригаданың құрамында 30 адам, 20-ға тарта трактор, онымен қоса ауылшаруашылық тіркемелері болған. Шабылған шөпті Ақадыр автокәсіпорыны мекемесінің КАМАЗ көліктері тасыды. Осы шаралардың басы-қасында ұйымдастырушылық қабілетімен көріне білген кеңшардың бас маманы Құсайынов Дөненбай жүрді.
1980 жылы Дөненбай Құсайынұлын Ақадыр аудандық атқару комитетінің төрағасы Медиев Қасымбек Медиұлы қабылдауына шақырып, өзі тұрып жатқан ауылдың селолық кеңесі төрағалығы қызметіне баруға ұсыныс жасайды. Келісімін берген Дәкең бір мезетте Ақбұлақ селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып шыға келеді. Бұрын кеңшардың шаруаларымен, өндіріспен айналысқан маман ендігі кезекте халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартумен айналыса бастайды. Шалғайдағы қыстақтарға, жайлаудағы шопандарға, қостағы жылқышыларға азық-түлікпен баратын автолавканың, медициналық көмек пен мәдени қызметтер көрсететін автоклубтың жұмысын жандандыра бастайды. Осы қызметте 11 жыл бойы жұмыс атқарғанда ауылға жоғары қуатты тоқ желісі келеді, жаңадан клуб, азық-түлік дүкені салынады. Мектепке қосымша бөлмелер салынып, онжылдық мектепке айналады. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша осы қызметке келгеннен бастап оған ауыл ақсақалдары Иген Жүнісбеков (көп жылдары бойы сол ауылдық кеңесті басқарған), Қоқымбек Бағымұлы, Рәзиұлы Мәлғаждар өздерінің ақыл-кеңесін беріп, ұсыныс-пікір айтып жұмысының алға басуына пәрменді көмектерін берген екен.
1991 жылы кеңшар директоры Манарбек Сағымбеков Дөненбай Құсайынұлын бас экономист қызметіне шақырады. Бір жыл өткен соң директордың орынбасары қызметіне келеді. Алайда, 1993 жылы Үкіметтің заңымен кеңшарлар мемлекет иелігінен алынып, жекешеленуге жататын болды. Біреулері шаруа қожалықтарын құрып жатса, біреулері үлес (пайлары) болса да жұмыссыз қалып жатты. Осы кез Дәкеңе қатты батады. Балалары студент, олардың оқуына, киімдеріне, жүріп-тұруына қаражат керек. Сол кезде өздеріңіз білетіндей, елдің қолында бар малы өтпейтін жағдайға тірелген. Мың ойланып, мың толғанып көрші елдімекен – Мойынты станциясына баруға ниет қылады. Ол жерде талай жылдардан бері қызметте жүргенде теміржол мекемелерімен қоян-қолтық араласқан, бір-біріне қол ұшын созып көмек берген азаматтар барын алға тартады. Теміржол станциясының бастығы өткізіп жатқан жедел жұмыс жиналысының (планеркасының) үстінен бірақ шығады:
– Нұреке, біздің жағдайды естіп жатқан шығарсыздар? Кеңшарымыз тарап жатыр, жұмыссыз қалдық. Балаларымыз студент, оларға көмек беру қиындап кетті. Маған бір жұмыс тауып беріңіздер. Жол дистанциясында жолшы болып, рельс пен шпалдарды түгендейтін қара жұмыс болса да бас тартпаймын, көнемін, – деп станция бастығы Шоқпаров Нұрқанатқа қиылады.
Жанында кенттік партия ұйымының хатшысы болған Сламбеков Қасқырбай, кенттік атқару кеңесінің төрағасы Бостанов Төлеуғали отырады. Нұрекең ойланбастан:
– Дәке, о не дегеніңіз! Өмір бойы басшы болып қызмет істеген сізге қалай жолшы жұмысын іздейміз. Қазір мен көршіміз Сарышаған станциясындағы жігіттермен сөйлесіп көрейін, мүмкін солар көмектесіп қалар, – деп жауап қатады.
Абырой болғанда барған шаруасы оң шешімін тауып, Сарышаған станциясы Алматы теміржол бөлімшесіне қараса да, сол жерден жұмыс табыла кетеді. Дәлірек айтқанда, электр жабдықтау дистанциясының ЭЧК байланыс желілері мекемесіне монтерлік қызметіне алынады. Шамалы уақыт өткен соң аға электромеханик лауазымына көтеріледі. Дәкең сол қиын-қыстау кезеңде риясыз көмегін берген жігіттерге әлі күнге дейін дән ризашылығын білдіріп, бұл күндері үшеуі де өмірде жоқ болса да, әредік есіне алып отырады екен.
Дөненбай Құсайынұлы 1995 жылы отбасымен Ақадыр кентіне қоныс аударады. Басында белгі беру және байланыс дистанциясында (ШЧ-21), кейін «ЫРЫС-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұрынғы локомотив депосы) жұмыс істейді. Осы жерден 2016 жылғы мамыр айында зейнеткерлікке шығады.
Өзінің еңбек жолында талай марапаттарға ие болады. Қазақстан Республикасының «Ауылшаруашылық саласының Құрметті ардагері» төсбелгісімен, Жезқазған облыстық атқару комитетінің, Ақадыр аудандық партия, атқару комитеттерінің Құрмет грамота, Алғыс хаттарымен, бағалы және ақшалай сыйлықтарымен марапатталған. Оның үстіне теміржол мекемелерінде қызмет атқарғанда алған мадақтамаларын қосып қойыңыз.
Бірнеше рет Жезқазған облыстық, Ақадыр аудандық, Ақбұлақ ауылдық кеңестерінің депутаты болып сайланып, сайлаушыларының аманатын абыроймен орындап жүрді. Облыстық, аудандық партия конференцияларына делегат болып сайланды.
Өмірлік жары Бағдат Қабиқызы Қарағанды қаласының кулинарлық техникумын, бухгалтерлік курсын бітірген. «Ақшағыл» кеңшарында есепші болып істеген. Ақадырға көшіп келгенде ШЧ-21 мекемесінің радиоцехында еңбек етеді. 90-шы жылдары халық жаппай сауда-саттықпен айналысқанда бұл кісі де елмен бірге саудаға кірісіп кетеді. Балаларының айтуы бойынша кәсіпкерліктің сара жолын аналары салып берген.
Жұбайы Дөненбай Құсайынұлы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.
Тұңғыштары Алманұр Балқаш медколледжін бітірген, кентіміздің белгілі кәсіпкерлерінің бірі. Жолдасы Берік Әбдірахманұлы айналмалы депосында (ТД-11) электровоз машинисінің көмекшісі. Асылбек, Бидос есімді балалары бар.
Ұлдардың үлкені Алпысбай Балқаш қаласындағы колледжді тәмамдап, теміржол саласының мамандығына ие болған. Ол да елді мекеніміздің белгілі кәсіпкері. Зайыбы Анар Сәкенқызының мамандығы балабақша тәрбиешісі. Екеуі Айдын, Еділ, Талғат есімді ұлдарын тәрбиелеп өсіріп отыр.
Ортаншы ұлдары Саят Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «құқықтану» факультетін бітірген. Полиция майоры, Пришахтинск қаласында аға учаскелік полиция инспекторы. Зайыбы Гүлсім Аманбекқызы да Қарағанды қаласындағы Казпотребсоюз университетін бітірген. Ерлі-зайыптылар Шалқар, Айару, Зейнеп, Айерке есімді балаларының ата-аналары.
Кіші ұлдары Алмат Қарағанды қаласының политехникалық университетін бітіріп, жоғары білім алса да, Ақадыр кентінде көп жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысады. «Алмат» атты жекеменшік дүкені бар. Өз ісінің қыр-сырын толық меңгеріп, тұтынушыларының сұраныстарын абыроймен орындап, олардың көңілінен шығып жүр.
Осы мақаламызда ауылшаруашылық және теміржол салаларында жемісті еңбек еткен, өнегелі ісімен басқаларға үлгі бола білген, адамгершілігімен, мейірімділігімен, адами қасиеттерімен көпшіліктің құрметіне бөленген Құсайынов Дөненбай Құсайынұлының өмір жолын баяндап бердім. Кейіпкерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, оның отбасына, әулетіне тек жақсылық, қуаныш пен шаттық, бақ пен береке тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті