Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті «QazTehna» ЖШС корпоративтік университетінің базасында университет филиалын ашу туралы келісімге қол қойды.
Бұл келісім Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жұмысшы мамандықтарын тану және танымал ету: білім беру Қарағанды облысының тұрақты дамуының драйвері ретінде» форумында жасалды.
Шара барысында білікті мамандарды даярлау тетіктері, еңбек нарығындағы сұраныс, білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл жолдары, сондай-ақ аймақтағы білім беру саласында қызмет көрсететін ұйымдардың білім беру бағдарламаларын түзету мәселелері талқыланды.
Университеттің диалог алаңында Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті профессорлық-оқытушылық құрамы мен сарапшылар қауымдастығы жиналды. Сонымен қатар форум аясында университет пен Қарағанды тұрмыстық техника зауыты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
– Біз білім, ғылым, өндіріс және әлеуметтік инфрақұрылымды басты орынға қоямыз. Тек осындай жағдайда ғана біз сапалы білім бере аламыз, – деді университет ректоры Ерқара Аймағамбетов.