Наурыз тойы, шаттық тойы оқу мен тәрбие үдерісін ұлттық бағытта жүргізіп отырған Қазбілім Қарағанды ұлттық лицейінде дүбірлетіп өтті. Бұл той еліміздің 8 қаласындағы Қазбілім ұлттық лицейлерінің барлығында бір күні, бір мезетте басталды.
Ораза айының аяқталуын, әрі мектеп түлектерінің наурыз айында тапсырылатын ҰБТ күндерінің тәмамдалуын күтіп, осы күнге арнайы жоспарланған екен.
Қарағандының оңтүстік шығысында орналасқан ұлттық білім ордасының ауласында ақшаңқан екі киізүй бой көтерді. Наурыз тойын тойлауға оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Мереке басы Қазбілім Қарағанды ұлттық лицейінің директоры Болат Хабдоллаұлының кіріспе сөзімен және танымал әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ профессоры Жандос Қожахметұлының батасымен бастау алды. Жандос Қожахметұлы лицей ұжымы мен оқушыларына жүрекжарды құттықтауын арнап, білім ошағының кітапханасына құнды-құнды үш кітапты сыйға тартты.
Бұл наурыз тойын ұйымдастырушы 11 сынып оқушылары және мектеп ұстаздары киізүйлерді безендіріп, ішін асқа толтырса, киізүйлерден тыс, аулаға да әр сынып ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, жеке-жеке ауыл болып думандатты. Ән шырқалып, би биленіп, күмбірлеген күй әуені құлақ құрышын қандырды.
Концерттік бағдарламадан соң кезек қазақтың ұлттық ойындарына келді: асық ату, арқан тартыс, қол күресі, садақ атуға жиналған қауым белсене қатысты. Сондай-ақ, әр сынып оқушыларымен беташар, селт еткізер, ұйқыашар, бастаңғы жасау, бесікке салу, тұсаукесер, бидай түю, көрімдік пен байғазы сұрау, жүн түтіп, жіп иіру, бата беру сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері де паш етілді.
Ашылғанына екінші-ақ оқу жылы болған бұл лицейде күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі мұндай көлемде алғаш рет тойланып тұр.
Мереке соңында кеш ұйымдастырушылары – 11 сынып оқушылары келесі жылы наурыз тойын тойлаудың ұйытқысы болу эстафетасын 10 сынып оқушыларына салтанатты түрде табыс етті. Оқушылар мен ата-аналар ұжымын табыстырған керемет той Қазбілім Қарағандыда дәстүрлі түрде жалғасын табады деп сенеміз.
Бағлан КӘУКЕРБЕКОВА