Нұрасыл АМАНЖОЛ: «ӘБДІРЕНІҢ ЕСІГІ АШЫЛҒАНДА…»

Нұрасыл Ерболұлы АМАНЖОЛ – 2006 жылы 3 желтоқсан Қарқаралы ауданы Ақтерек ауылында дүниеге келген. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері. Қарағанды Бөкетов зерттеу университетінің, филология факультетінің 1 курс студенті.

 

ТАҢ

Есін жиып, есінеді күн шығып,

Көлбеуленіп көрінеді көлеңке.

Қала жатыр қара буға тұншығып,

Қарағанды – бұл өлке!

 

Қырауланып терезесі қалыпты,

Қар алыпты шатырымен жер үйді.

Түні бойы жерге моншақ ағыпты,

Енді қазір ериді.

 

Түн қоштасып, келеріне күн санап,

Бәрі ұйқыны сағынады теп-тегіс.

Таң атысы, кеш батысы сын сағат,

Қала толы кептеліс.

 

Күн көрінді көк жиектен жартылай,

Қаласын де қаламызды адасып.

Автобуста толған апа, қартым-ай,

Таңмен жүрген таласып.

 

Есінеді толығымен күн шығып,

Түнгі ойлардан шығып жатыр күн ерте.

Таң атпастан таласады тіршілік,

Қарағанды – бұл өлке!

 

ИТ

Өзегіне жармасқандай өңге келіп,

Қыңсылайды, айтпақшы қай наланы?!

Қара жердей күнді айналған дөңгеленіп,

Құйырығын тістеймін деп айналады.

 

Қарғыбау мойынында қыса ілген,

Күзетер айбатымен бір үйді кеп.

Арасында айнымай мүсәпірден,

Түн ішінде, тыпыршып ұлиды кеп.

 

Есігінің алдына адым жерден,

Бір кісілік орынды шақтайды кеп.

Иесі секілденіп бәрін көрген,

Айтады: «Қаппайды!» деп.

«Жат!» десем, сақтайды кек.

 

Үргенде көше беті жаңғырып дүр,

Тазылар талай түнді таң қылып жүр.

Біздің иттер бір-бірін талайды кеп,

Біреуі қаңғырып жүр.

 

Қарсыласып, көрсетіп қарқын үнді,

Қыңсылайды, айтпақшы жалпы мұңды.

Қасқырдай қып өсірген бөлтірігің,

Қандай қиын қанатса балтырыңды.

 

Тармасып таласуға жоқ құмары,

Шекараны байғұстар шөп қылады.

Сыртта бір ит ұлыса, іште бір ит,

Шығуға талпынғандай боп тұрады.

 

СЕССИЯ

Аудитория алдындамын,

Сессияның уақыты.

Қобалжытқан жанның бәрін,

Универдің бақыты.

 

Бір қыз шықты күлімсіреп,

Он саусағын нұсқайды.

Тапсырып жүр бірінші рет,

Жүз алғанға ұқсайды.

 

Бір қыз шықты көзін сүртіп,

Жасы шайды жігерді.

«Шпаргалка» апты түртіп,

Шығарып оны жіберді.

 

Аққым келіп мен де соның,

Көзіндегі түйірмен.

Күткендей-ақ ел де соңын,

Үсті-үстіне үйілген.

 

– Өмір әлі бітпеді ғой,

Жыламашы қарағым.

– Жоғары балл күткені ғой,

Үміттенген ананың.

 

– Алаңдама, анаң білер,

Өмір әлі жалғасар.

– Босқа үзбес адам күдер,

Сызат келер жанға сәл.

 

Жылаған қыз көзін сүртіп,

Ойланумен жайғасты.

Жүрген еді төзім құртып,

Ойы енді айды асты.

 

Жылап жүрген айнала адам,

Мен отырмын қобалжып.

Бар ойымды пайдаланам,

Төмен алсам обал жоқ.

 

Ұлдар шықты, көздерінде от,

Пайда беріп қоғамға аз.

Жоғары жоқ, сөздерінде оқ,

Елу апты, соған мәз.

 

Орын босар, мен де кірем,

Монитордың алдына.

Бестік емес мен де кілең,

Өзімде-тін бар кінә.

 

Бір қыз жылап тұрып алды,

Маған бестік берді сап.

Құнды дермін құны барды,

Жағына алман ел ұқсап.

 

Сессиядан сүрінбестен,

Төтеп болып дауылға.

Емтихан қып күнін кешкен,

Енді кетем ауылға.

 

Емтиханның шоқимын кеп,

Естен кетпес дерегін.

Өз-өзіме оқимын деп,

Уәде беріп келемін.

Жолыққанша!

 

ОТ

Өздігінен оталатын  ешкім жоқ!

Көркіне де көп сеніппіз көштің көп.

Ұшқысы кеп, ұшқын тілеп біреулер,

Тұтана алмай тұр ғой, әне өштім деп.

 

От болмасаң шоқ бол тағы деседі,

От болмай ма шоққа тисе көсеуі?!

От боп жану күлге айналу емес ол,

От қылдыру жүректерді еселі.

 

Өртке тиген дауылы қап Қасымның,

Өрлетсін ой жалындарын ғасырдың.

Лаулағанға су сеуіп жүр біреулер,

Ішім өрт боп, ашындым.

 

Берді от, бір бойыма ер деп жігер,

Арықтаса қаламым «өр» деп жүдер,

Мен от болсам болайын сен дауыл бол!

Әйтпесе үндістерше өртеп жібер.

 

ҒАШЫҚ БОЛҒЫМ КЕЛІП ЖҮР…

Ұйқыға кетпей оны ойға алмай,

Сол үшін соқса жүрегім.

Жемтікке әбден тойған аңдай,

Қаперсіз жүрмін білемін.

 

Бір сезім қалап көңілім кейде,

Махаббат ойды бұзбай жүр.

Ішімдегі от сөніңкірей ме?

Бастырып қойсам мұздай жыр.

 

Жұлдыздан іздеп қара аспандағы,

Ғарышқа кеткім келеді,

Космоста да адасқан бәрі,

Сезімдері жоқ себебі.

 

Күннен де қарап іздегенімді,

Кері айналдым күйіп қап.

Оңай емес қой қыз дегеніңді,

Бақытты қылу, сүйіп қап.

 

Есімнен тағы танып қалғанша,

Ескенше естен елік жыр,

Бар ойым оған  бағытталғанша,

Шын ғашық болғым келіп жүр.

 

ЕЙ, МЕНІҢ ЖЕРЛЕСТЕРІМ!

Қарағандылық,

Шығарыпсың кейін жыл жаңадан қылық,

Түтініне булыққан бүтін халыққа,

Көгіңде күн қараған күліп.

 

Ей, менің Бұқар жырау,

Ұзын даңғылым,

Байқадың ба көпшілік бұзылғандығын.

Кенішке кіріп қайта шыға алар ма екем?

Бұйрық келсе құзырдан бүгін!

 

Ей, менің көшелерім,

Орыс тілдегі,

Қоңыр су басып жатыр қоныста іргелі.

Түс көргендей болатын тұман елестер,

Болашақпен көрістір мені.

 

Ей, менің тұрғындарым,

Қаламыздағы,

Тазалыққа тән үйретпей қаламыз ба әлі.

Түтініңнің иісі жұпар бірақ мен үшін,

Бұл – махаббат!

Арамыздағы.

 

Ей, менің жерлестерім!

Қарағындылық,

Дәстүріңе сұрамаймын жаңадан ғұрып.

Сен өшпе,

өлеңдердің қағбасы, қара!

Біз жай ғана қаланы аңдыдық…

 

МЕНІ ӨЗІҢЕ…

Мені өзіңе сүйікті қыл,

Ішімдегі тазартшы күйікті бір.

Кең болып төгілетін нұр ішінде,

Мен болып көрінейін биік тұғыр.

 

Мені өзіңе ғашық қылдыр,

Махабатты дәл мендей ашық білдір.

Бері жағын айтам ғой, сүйемін деп,

Мені жаным өзіңе асықтыр бір.

 

Мені өзіңе ынтық ет дүр,

Жүрегім сезіміңді тінтімек құр.

Бағым керім биікке ұшпаса да,

Жаным менің сезімім күн тіреп тұр.

 

Мені өзіңе құштар ет, көр!

Өміріңді қолымнан ұстап өткер.

Сағат күтсем,

Махаббат көретін жұрт,

«Қанат бітсе сен жаққа ұшпақ ед(і)» дер.

 

Мені өзіңе сүйікті қыл,

Ішімдегі өшірші күйікті бір.

Көздеген жүрегімді жаулап алшы,

Сөз деген не қылайын сұйықты құр?!

 

ӘБДІРЕ

Әбдіре, қоңыр есік, қара құлып,

Балалықпен бірге сөніп барады үміт.

Апам оны қаптайтын ішінен көп,

Алмасын деп тышқандар пана қылып.

 

Іші толған тұз құрт пен мұз кәмпиттер,

Оны көріп маңдайдан сыздады ит тер.

Кілті әжемнің қолында, күзетші өзі,

Әбдірені аңдитын біз бандиттер.

 

Санайтынбыз сандықты біз мәре деп,

Үмітті ізденуден үзбеу – әдет.

Әжем тыққан кілттерін іздеп әлек,

Тапқанша қоса іздесіп біздер әлек.

 

Жандануға себепші жай-күйіңнің,

Жасырынған жері не жәй бұйымның?!

Әжем «тапсаң кәмпитке тойдырам» деп,

Ішін іздеп сандаламын қайта үйімнің,

Қалтасына салды екен қай киімнің?

 

Бірігіп іздейтінбіз жиендермен,

Манағыдай көңіл мен күй емделген.

Сол кілтті әжеміздің өзі емес тек,

Сүйікті немересі иемденген.

 

«Таптым!» деді қуанып бір немере,

Өтіп жүріп көрмегем күнде неге?

Сөйтсем оған Атамыз сыбырлапты:

– Кілт жастықтың астында, үндеме! – деп.

 

Ауызынан алмады жырып тағы,

Орындалып енді шәйдің ғұрыптары,

Атам көзін қысады, бір жымиып,

Әбдірені әжем қайта құлыптады.

 

Осылай балалық та құлыпталды,

Әбдіренің құлпы да ұмыт қалды.

Естен кетпес ей, менің естелігім!

Есімнің сандығында тұрып қалды.

 

Баяғы күн екпіні басылған ба?

Армандар асуынан асырған ба?

Мүмкін иісі балалықтың қайта оралар,

Әбдіренің есігі ашылғанда…

 

***

Шаһар жұрты сағынғандай шырайды,

Жылы жақтан көктем ұшып келеді.

Аспан тағы жасын төгіп жылайды,

Жасы бірақ қар боп түсіп келеді.

 

Жер ерітіп жібереді қаршықты,

Шылқыған жұрт шалбарының етегі.

Жол шетінде иректелген шалшықты,

Көлігімен шашыратып өтеді.

 

Көз ілуге таулар әне шақ қалып,

Түн мен тағдыр табиғатпен тілдескен,

Бір кешкенін, бірге естегін ақтарып,

Күн не істерін ойланып тұр білместен.

 

Қаланың да, даланың да хәлі бір,

Оларға да ерте көктем керегі.

Ізде көктен табу қиын бәрібір,

Бізге көктем кеш келеді себебі!

 

***

Ұлың боп ұлы тауым есім берем,

Ойнап өскен құлынмын төсіңде мен.

Іргесін биігінің бес айналып,

Жүргесін ақ бұлттардың көшінде өлең.

 

Көк тау деме енді оны Көк бөрі де,

Бөлтіріктер жинаған бөктеріне.

Қараймайды қасында бұлттар оның,

Қарайлайды қарт бөрі өткеніне.

 

Қыран ұшқан қасында майда қанат,

Ол бауырын кетпейді жай жағалап.

Құрығысы келеді тастап бәрін,

Ұлығысы келеді айға қарап.

 

Құлшынысы құлқына көнбей қалып,

Кетеді күн бетін де төнбей қарып.

Жалғанға-ай жабырқамай жатқан жанның,

Жанғандай тағы үміті сөнбей қалып.

 

Ажыратып райының ара-жігін,

Қарғыбау қып таққызбай ала жібін.

Үңірейтіп ауызын, азу қайрап,

Күдірейтіп алады қара жүнін.

 

Еңсесін көтермейтін елге айналып,

Құлашын сермемейді кеңге барып.

Тозбасы таулардың да кімге мәлім.

Көз жасы Көкбөрінің көлге айналып!

 

Жауған жауын аламан оттегісі,

Кеңейген оның-дағы көкте өрісі.

Білсін жұртың ендігі бар екенін,

Ақтеректің төрінде Көкбөрісі!

 

ОЙ

Күліп жүріп, көп нәрсені біліп жүріп келеміз,

Бұғып жүріп бұқтырамыз іштегі ойды неге біз?!

Қызып алып, бұзып алып адамдықтың шарттарын,

Күнде тойда, түнде ойда басталады ерегіс.

 

Сағым қуып қарсы бетпен ағым қуып барамыз,

Селт ете қап жатарыңда жадымызға жаңа арыз.

Сөзіміз ше?

ірі біздің, тірі емес ал тірлік,

Өзімізше, өзімізге ойшыл болып қаламыз.

 

Ой дегенің бұзады екен сөйлегенің емес тек,

Көз алдыңа қай-қайдағы ғажайыптар елестеп.

Бала күнде жасағандай жаңа күнде бір өнер,

Айтқым кеп жүр садақпенен өз қолыммен жебе істеп.

 

Сағындырып өткен ойлар бағындырып тағы да,

Мазалайды түніменен тыным бермей жаныма.

Алаңдамай бағамдамай, ойы да пәк кіршіксіз,

Бақытты арман толы адамның сонда бала шағы ма?

 

ДОМБЫРАМЕН СЫРЛАСУ

Құлағынан қу құлқымның бұрадым,

Беріктігін сынадым.

Тиегінің кертігінде екі үнмен,

Толқып жатыр бір ағым.

 

Екі ішек шығарады бір әуен,

Екеумізде бір әлем.

Келтірмеген күйін дұрыс аспаптың,

Менің өзім кінәлі ем.

 

Өзегімді өлең деген өртеді үн,

Күмбірінде келте мұң.

Күйге келмей ноталарым, жота асып,

Мелодия шертемін.

 

Шалқымалы шабытымды шырқасын,

Ақпан жыры бұрқасын.

Домбыраның дауылында өз-өзін,

Таныстырып тұр Қасым.

 

19-ақ ой тастайтын пернесі,

Майлықожа термесі.

Екі ішекпен еңкілдеткен талайды,

Жоқ шын оның теңдесі.

 

Күңірентіп күмбірімен түн елін,

Талды менің білегім.

Талай күй де, талай ән де, талай сыр,

Шертіледі білемін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *