Әкім энергетиктерді сынады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің энергия компанияларына желілер мен қосалқы станцияларды жаңғыртумен белсенді айналысуды тапсырды. Аймақ басшысы осы мәселе бойынша жұмыс кеңесін Қарқаралыдағы апаттар жиілеп кеткен жағдайдан бастады. Ол электрмен жабдықтауды тұрақтандыру үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті.

Бір апта ішінде Қарқаралыда жарықтың өшуі үш рет тіркелген. Апат салдары 4 және 7 сәуірде жойылды.

ҚАЭК директоры Кирилл Сұлтановтың айтуынша, үш фидер өшіп қалған, ықтимал себептердің бірі – сымдардың зақымдалуы. Компанияның Қарқаралыда мамандандырылған зертханасы жоқ, сондықтан Қарағандыдан мамандардың келуін күтуге тура келеді.

– Неліктен осындай жағдайға жеткізгенсіздер? Неге жедел ұйымдастырмайсыздар? – деп ашуланды Ермағанбет Бөлекпаев. –  Жасаңыздар! Адамдар күте алмайды. Электр желілерін қалпына келтіріп, Қарқаралы қаласы бойынша түбегейлі шаралар қабылдаңыздар!

Кеңесте облыс әкімі барлық энергия беруші компанияның басшыларын тыңдады. Сондай-ақ, энергия қадағалау және табиғи монополияларды реттеу департаменттерінің басшылары баяндады.

ҚАЭК-те желілер мен жабдықтардың тозуы жоғары болып қалатыны атап өтілді. Биыл тарифтік смета бойынша 57,6 км электр беру желісін күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, Осакаров ауданындағы «Заря» және Нұра ауданындағы «Черниговка» қосалқы станцияларында жұмыстар жүргізіледі. Бұдан басқа, аудандарда 60 трансформаторлық қосалқы станцияны күрделі жөндеу көзделген.

«Қарағанды Жарық» компаниясы электрмен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық бағдарлама бойынша биыл «Қарағанды» қосалқы станциясын реконструкциялауды және «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясының құрылысын аяқтауы тиіс.

Үш энергетикалық торапты – Теміртау, Қарағанды және Саран тораптарын байланыстыратын «Саран» қосалқы станциясын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қосалқы станциялар мен желілерді жөндеу көзделген.

Облыс әкімі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды бақылау тұрақты, оның ішінде қаражатты мақсатты жұмсау да бар екенін ескертті.

Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ иесіз қалған желілермен толық айналысуды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *