Ел ықыласына бөленген

Еңбек адамы дегеніміз – ең алдымен таза, адал жұмыс істейтін, өз еңбегін маңдай терімен табатын кісі. Ол өз ісіне жанашырлықпен қарайды және оны бар ынта-жігерімен орындайды.

Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде еңбек адамы ұғымы кеңінен қолданылып, ол кезде бұл атақ үлкен мәртебеге ие болатын. Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де бұл ұғым өз маңызын жоғалтқан жоқ және бүгінгі күнде де кез келген салада адал еңбек ететін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамдарды еңбек адамы деп құрметтеуге болады. Адал еңбегімен көзге түсіп жүрген ондай адамдар өңіріміздің теміржол саласында да көптеп саналады. Солардың бірі – Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясы (ЭЧ-12) бастығының орынбасары Көксубаев Жұмай.

Жұмай Көксубайұлы 1962 жылы Қытай Халық Республикасының Текес қаласында дүниеге келген. Ата-бабалары ғасырлар бойы шопан таяғын ұстап, тікелей мал шаруашылығымен айналысқан. Әкесі Көксубай Рысмендеұлының есімі тұрып жатқан өңірінде аңшылығымен аты шығып жүрген екен. Аңшы болғанда сүр мергендігімен емес, қақпан қойып аң аулаудың шебері болған. Құрған торына қасқыр да, түлкі де, күзен де, қоян да, тіпті арқар да түсіп жүрген. Бір күні құрған қақпанына жабайы қабан түсіпті. Әлбетте, қазақ қабан етін жемейді. Сол себептен кездейсоқ түскен аңды босатып жіберемін деп әрекет жасап жатқанында жаңағы қабан өзіне қарсы секіріп, өкпе тұсынан тұяғымен бүріп алады. Содан аңшы әкесі етпетінен құлайды. Біршама уақыт жатып қалып, қансырай бастағанда өзі сияқты аңшылар тауып алып, дереу емшіге жеткізген. Енді кішкене кешіккенде қан көп кетіп, жағдайы қиынға соғатын еді. Халық емшісі жарақат алған жерін киізбен күйдіріп, шөптен жасалған дәрі-дәрмекпен біраз күндер бойы емдеп, денсаулығын түзетіп шығарады.

Көксубай әкесі жарық дүниеден өткенше барынша діндар адам болған.  Бес мезгіл намазын оқып, ораза тұтқан. Балаларына, немерелеріне Алланың, Құранның жолымен жүруді үйретіп отырған.

Анасы Жамалхан Нұрасылқызы бес баласының тәлім-тәрбиесімен айналысады. Үй шаруасын реттеуде алдына жан салмайтын шебер болған. Тазалықты, ұқыптылық пен тәртіпті жақсы көрген. Анасының баптаған қымызынан дәм татуға жан-жақтан кісілер келіп жүрген. Сол қымызды дайындаудың керемет құпиясы да болмаған. Тек нәрлі сусынды дайындағанда күбіні күнде тобылғымен ыстайды екен. Сосын міндетті түрде сусынға сүр еттен қосып отырған. Осы әдісі бал қымызының дәмін күшейтіп, ішкен адамның таңдайын жібітіп, тамсанып ішуіне апарған.

Апаның құрт-майы, сүттен жасаған басқа да тағамдары ерекше дәмді болған. Өзі көпшіл адам болған соң, үйінен кісі де арылмаған. Қатарлас құрбылары да, ауылдың жас қыз-келіншектері де осы үйден табылып, шаруаны жасауды осы кісіден үйренуден жалықпаған.

1963 жылдың көктем айларында біршама қазақтар Қытай елінен тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударады. Қарағанды облысының Жарық станциясынан қандастарымызды шаруашылық өкілдері құшақ жая қарсы алады. 40-қа тарта жанұя мүшелерін Шет ауданының «Шет» кеңшары (совхозы) қабылдайды. Келген бетте оларға бірден мал бере алмағандықтан әрбір қыстаққа бөліп, қой төлдетуге, қой қырқуға, оларға жем азығын дайындау және тасымалдауға көмекке жібереді. Ата кәсіптері шопандық болғандықтан Көксубай Рысмендеұлы балаларымен бірге кеңшардың шаруашылығына етене араласып кетеді. Арада уақыт өте 1965 жылдан бастап кеңшардың аймағында жаңа қыстақтар (мал баздары, қойшылардың үйі) салына бастайды. Шаруашылық иелігінен жер телімі бөлініп, жаңадан «Ақадыр» кеңестік шаруашылығы бой түзейді. Ендігі кезекте «Шет» кеңшары ірі қара малмен қалып, одан бөлініп шыққан «Ақадыр» кеңшары тек қой малын өсіретін шаруашылық болып шыға келеді.

1967 жылы Қытай елінен көшіп келген жанұялардың басым бөлігі бір-бір отардан алып, қыстақтарды иемденеді. Көксубай бала-шағасымен бірге кеңшар орталығынан 7 шақырым жердегі Доңғал қыстағына орналасады. Өзі аға шопан болса, үлкен ұлы Отархан көмекшісі болады.

Бала Жұмай қойшы ауылында өсіп, жеті жасында Ақадыр сегізжылдық мектебіне барады. Сабағына зерек болып, үздік бағамен оқиды. Жастайынан мектепте оқып жүргенінде ауылдағы қабырғалас көршісі болған кеңшардың прорабы Трабаев Баймұрат көрген сайын:

– Балақай, сендер жанұяларыңмен бірге бәрің шопансыңдар. Неге  саған мамандығыңды өзгертіп құрылысшы болмасқа? Құрылысшы болу, оның мамандығын алу көп адамның арманы. Ертең зәулім үйлерді, мектеп, балабақша, Мәдениет үйінің ғимараттарын салатын боласың. Алысқа барып та керегі жоқ, аудан орталығында ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училище бар. Екі-үш жыл оқып шықсаң құрылысшы мамандығын алып шығасың, – деп қолқа салып жүрген.

Бала да шынымен неге мен құрылысшы болмаймын деп ойлана бастайды. Осы ойы бара-бара арманына айналады.

Сегізінші сыныпты бітірген жылы аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы №174 училищесіне оқуға түсіп, «селолық құрылыс шебері» мамандығын алып шығады. Дипломымен ауылға келген бетте әкесі Көксубай:

– Балам, менің жасым келді, зейнеткерлікке шығамын. Денсаулығым да жарамай бара жатыр. Аға шопандықты үлкен ұлым Отарханға бермекшімін. Сен ең құрығанда бір жыл ауылда қалып, ағаңа көмекші бола тұр, – деп қиылып сұраған. Әкесінің айтқанын екі етпеген Жұмай бір жыл бойы ағасының көмекшісі болып жұмыс атқарды.

Әрине, қой өсіру оңай шаруа емес. Бірақ бала кезінен мұндай жұмысқа үйренген жас жігіт қой төлдету, жүн қырқу, тағы басқа науқандарда жақсы еңбегін көрсетеді.

Бір жыл өткен соң аудан орталығы – Ақадыр кентіндегі өрт сөндіру бөліміне жауынгер болып жұмысқа тұрады. Бара-бара қарауыл бастығы қызметіне көтеріледі.

1982 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. Әскери қызметін Ресей Федерациясының Рязань қаласында өтейді. Алты айлық сержанттар мектебінде оқиды. Ішкі істер әскерінде болып, бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары қызметтерін атқарады. Әскери міндетін мінсіз орындағаны үшін «Әскери қызметтің үздігі», «Жауынгер – спортшы» төсбелгілерімен наградталады.

Әскерден келген соң Жұмай Көксубайұлы Ақадыр кентінде орналасқан №1103 жылжымалы-механикаландырылған колонна мекемесіне (ПМК-1103) ІІІ разрядті тас қалаушы (каменщик) болып жұмысқа орналасады. Ол кезде мекеме басшысы болып Құмарбеков Бақытжан Құмарбекұлы істеген. Тас қалаушы ретінде Гремяков Михаил мен Боков Магомедтің бригадаларында жұмыс істеп, құрылыс саласының қыр-сырын үйрене бастайды. Аталған бригадалардың құрамында Өспен орта мектебінің, Ортау ауылындағы Мәдениет үйінің, Көктіңкөлі ауылындағы телемұнараның, Ақадыр кентіндегі «Қарлығаш», «Балдырған» балабақшараларының ғимараттарын салуына қатысады. Ал енді мекеме тарапынан салынған тұрғын үйлердің, оның ішінде ПМК ауылы деп аталатын жеріндегі салынған тұрғын үйлердің кем дегенде 50 пайызында Жұмай құрылысшының қолтаңбасы қалғаны анық.

ПМК мекемесі «Жезғазғанауылқұрылысы» тресіне қарағандықтан облыс көлеміндегі елді мекендердің құрылысының салынуына да қатысуға тура келеді. Оның ішінде Ұлытау ауданы Ұлытау ауылындағы, Ақтоғай ауданына қарасты Қоңырат ауылындағы мектеп ғимараттарын, Сәтбаев қаласының маңындағы Весовая кентіндегі темір-бетон бұйымдарының зауытын (ЖБИ зауыты) құрылысын салуға қатысады. Еңбектен қол үзбей Жезқазған құрылыс техникумын «Азаматтық өндірістік құрылысы, техник-құрылысшы» мамандығы бойынша сырттай оқып бітіреді.

Техникумның дипломын қолға алған бетте ПМК мекемесі басшысының бұйрығы шығып, құрылыс шебері лауазымына бекітіледі. Сол кездері Кеңес одағы бойынша «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы іске асып жатқаны белгілі. Құрылыс шебері ретінде салынған үйлердің құжаттамаларын, айлық беру актілерін жасауда көп еңбегін сіңіреді.

1988 жылы Қызылтау ауылына іссапармен барып, Мәдениет үйінің ғимаратын салуды басқарады. Мұндайда 14-15 адамнан тұратын бригада мүшелерін мекемеден ала барып, қалған қосалқы жұмыстарға жергілікті жұмыссыз жүрген азаматтар қабылданып отырған. Бригада мүшелері кеңшардың асханасынан тамақтанған. Бас аспазшы болып ауыл тұрғыны Қорлан Әбутәліпқызы жұмыс істеген. Соңғы сыныпта оқитын он жеті жастағы Салтанат есімді қызы сабақтан қолы босап қалған кезде анасына қолғабыс көрсетуге келіп жүрген. Сондай сәттерде көрікті, әдемі бойжеткен Жұмекеңнің көзіне оттай басылып, махаббат отын жаққан екен. Сонымен не керек, келесі жылы құрылыс шебері «бір оқпен екі қоянды алып» Мәдениет үйінің ғимаратын да ойдағыдай салып бітіріп, ауылдың сұлуы Салтанатты да Ақадырға бірге алып кетеді. Екеуі жаңа отбасы құрады.

1993 жылы Жұмай Көксубайұлының лауазымы көтеріліп, прораб қызметіне тағайындалады. Сол жылы «Ақшатау» кеңшарына (қазіргі уақытта Жарылғап батыр атындағы ауыл) мектеп ғимаратын салуға жіберіледі. Кейіпкеріміз сол уақыттағы әрекеттері туралы:

– Ауданның шалғай жерінде жатқан ауылда мектеп ғимаратын салғанымызда  біраз тер төгетін жағдайлар болды. Құрылыс материалдарын ауыр жүк көліктерімен аудан орталығынан, қалалардан тасымалдайтынбыз. Ақшатау кентіне дейін жолмен жеткізу аса қиындық туғызбаса, әрі қарай ауылға өту қиынға соғып жүрді. Әсіресе, көктем айларында көліктер сазға батып, оларды шығарып алу біраз әбігерге салатын. Оның үстіне дәл сол уақытта Үкіметтің ұйғарымымен республика бойынша барлық ауылшаруашылық нысаны мемлекет иелігінен кетіп, жекешеленуге жатқан кезең болды. Мектептің ғимараты толығымен салынып бітуге жақын қалғанда құрылыс материалдары талан-таражға түсіп, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Бүгінгі күнде сол ауылдың қақ ортасында тау болып жатқан үйінді бұрынғы салынған мектептің орны. Көргенде кәдімгідей ішің ашиды. Қаншама уақыт, қаншама есіл еңбек, құр кеткен қаражат, төгілген маңдай тер десеңші! – деп күйіне есіне алады.

Жұмай Көксубайұлы құрылыс саласында еңбек атқарып жүргенде «Жезқазғанауылқұрылысы» тресінің, ПМК-1103 мекемесінің басшыларының Құрмет грамотасымен, Алғысхаттарымен марапатталады. Сол кездегі тапшы заттар теледидар мен кілемді бағалы сыйлық ретінде алады.

Заманның ағымымен құрылыс саласының нысандары да жекешеленуге жатады. Өзі қызмет атқарып жүрген мекеменің де берекесі қаша бастайды. Ақыры аяғы ол жердегі қызметтен кетуге мәжбүр болады.

Отбасын асырау қиынға түсе бастаған соң өз алдына жеке бригада құрып, кішігірім құрылыс жұмыстарымен айналысады. Бірақ халықта ол кезде ақша жоқтың қасы, еңбектері мардымсыз болады. Табыстары бірде бар, бірде болмай жүреді.

Бір күні есік алдында бау-бақша суарып жүргенде қабырғалас көршісі Красноярский Василий ауласына кіріп келеді. Жанында ЭЧ-12 мекемесінің бастығы Славгородский Леонид. Көршісі бұрыннан Жұмайдың еңбекқорлығын байқап, онысы ұнап жүрсе керек. Бірден сөзден іске көшіп:

– Көрші, байқаймын жұмысың бұрынғыдай жүріп жатқан жоқ. Жақсы  құрылысшы екеніңді, еңбекқорлығыңды білемін. Бізге жұмысқа ауысып келуге қалай қарайсың? – деген ұсынысын айтады. Жұмекең сұрағына сұрақпен:

– Мен құрылыс маманымын, сіздер энергетика саласындасыздар. Ол қалай болады екен? – дейді.

– Ой, көрші, ештеңе етпейді. Ең бастысы талабыңның болуы қажет. Өзіңдей азаматтар бізге керек. Жұмысқа кірсең тез-ақ үйреніп кетесің. Таңертең кадр бөліміне кел, мына бастығымыз өзіңді жұмысқа қабылдайды, – деп жанындағы бастығына меңзейді.

Көршісі айтқандай ертеңінде Жұмекең Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясы түйісу жүйесінің электр монтері болып шыға келеді.

Жаңа жұмыскер бірден міндеттерін атқаруға кірісіп кетеді. Сол кездегі цехтың бастығы білікті энергетик Серіков Амандық Жұмаханұлы. Ол өте талапшыл басшы болып шықты. Қарамағындағы маман басшысының айтқанын уақытымен орындап, үйреткенін қағып алып отырған. Екі еткізбеген. Осындай жақсы қасиеттерімен басшылардың көзіне түсе бастайды.

Теміржол, оның ішінде энергетика саласы құрылыс саласындай емес, тәуліктің қай мезгілінде болсын дайын отыруың қажет. Өйткені, пойыздардың қозғалысы тәулік бойы тоқтамау керек.

Жұмекең бас кезінде өндірістік бөлімінің инженері болып тағайындалады. Арада бір-екі жыл өткен соң Ақадыр түйісу жүйесі ауданының бастығы болып бекітіледі. 2006 жылы Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясы бастығының орынбасары қызметіне жоғарылайды. Осы қызметті жиырма жылға жуық істеп келеді. Теміржол саласында  қызметте жүргенінде еңбектен қол үзбей алдымен Астана көлік және коммуникациялар колледжін, кейін Жезқазған қаласындағы Ө.Байқоңыров атындағы университетін тәмамдап «Электр энергетикасы» мамандығына ие болады.

Жұмай Көксубайұлының теміржол саласындағы еңбегі жоғары бағаланды. 2012 жылы Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының шешімімен «Құрметті энергетик» атағы берілді. Онымен қоса «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамының «Қазақстан теміржолына 120 жыл», «Қарағанды теміржол бөлімшесіне 75 жыл», «Түркісибке 90 жыл» төсбелгілеріне ие болған.

Ал енді, Қазақстан теміржолы, Қарағанды бөлімшесі, ЭЧ-12 мекемесі басшыларының тарапынан алған Құрмет грамоталары, Алғысхаттары, бағалы және ақшалай сыйлықтары қаншама! Бір сөзбен айтқанда, еңбегі еш қалмады.

Жұмекеңнен еңбек еткен жылдарындағы жұмысы мен есте қалған оқиғалары жайында  сұрағанымда:

– Менің құзіретіме Дария мен Мойынты станциялары арасындағы  9  станция, 6 түйісу жүйе аудандары кіреді. Ол жерлерде 90 адам жұмыс атқарады.

Жұмысымыздағы болған оқиғаларды айта берсем жеткілікті. Соның бірін айтып берейін. Ұмытпасам, 2011 жылдың желтоқсан айында Мойынты-Киік учаскесінде пойыздың 5-6 вагоны рельстен шығып кетіп, 5 электр тірегін қағып өткен. Оның үшеуі жұп жолда болса, екеуі тақ жолда. Апаттың салдарынан адамдар мен жүктерді тасымалдайтын 160-170 пойыз составтары тұрып қалды. Жаныма 40-қа тарта адамымды, керекті техникаларымды алып апатты жерден табылдық. Тура Жаңа жыл мерекесі қарсаңы. Үш күн бойы күн демей, түн демей, ұйқы-күлкі көрмей тіректерді орнына қойып, электр қуатын қалпына келтіру шараларымен айналыстық. Қақаған аяз бен соғып тұрған түтек боранға қарамай 30 желтоқсан күні апатты жағдайды еңсеріп тастадық, – деп мақтанышпен болған оқиғаны айтып шықты.

Жұмай Көксубайұлы бүгінгі таңда бақытты әулеттің иесі. Зайыбы Салтанат Амарбекқызы кенттегі «Нұршуақ» балабақшасында аспаз болып істейді. Жұбайы екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген.

Тұңғыш қыздары Нұршат жоғары білімді заң қызметкері. Абай қаласында тұрады. Көксудың әйелдерді түзеу мекемесінде заңгер қызметінде. Жолдасы Нұрлан Берікбайұлы полиция капитаны, аудандық ішкі істер бөлімшесінің қызметкері. Екеуі Айару, Медина, Хадия есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Әділет есімді ұлдары да жоғары білімді. Қарағанды-Сұрыптау қаласында энергетика диспетчері. Өмірлік жары Арайлым Нұриддинқызы медбике. Екеуінде Жания есімді баласы бар.

Қыздары Нұрдананың да мамандығы медбике. Жұбайы Айбол Жаңбырбайұлы ішкі істер саласының арнайы жасағында қызмет етеді. Аянат, Әрсен есімді ұл-қыздары бар.

Үйдің кенжесі Нұрай Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде студент. Психология – филология факультетінде оқиды. Былтыр «NOVA Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтін Нұрлан Ерланұлымен отау құрды.

Міне, зейнеткерлік жасқа келіп отырған Көксубаев Жұмайдың өмір жолы, еңбек жолы осындай. Ерен еңбегімен, адал қызметімен ел ықыласына бөленген кейіпкерімізге бейнетінің зейнетін көрсін деп тілейік.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *