Америка сапары

Чикаго – АҚШ-тың ең үлкен қалаларының бірі. Қала Иллинойс штатында орналасқан. Осы қалада наурыздың 2-5 күндері аралығында өткізілген ISA – 25 (ISA – International Studies Association) – зерттеулердің халықаралық ассоциациясының жұмысына қатыстық. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Орталық Азияны зерттеулер орталығы ғалымдары сапарды осылай АҚШ-тың Чикаго және Нью-Йорк қалаларында өткен халықаралық шарадан бастады. ISA – 25-ке біздің зерттеу топ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған «Семей ядролық полигоны сынақ зардаптары «ядролық отарлау» саясатының нәтижесі ретінде» атты жобасының кейбір мәселелерін халықаралық деңгейге шығарды.

Халықаралық ассоциацияның «Посткоммунистік жүйелерді пәнаралық зерттеулер» деген панелінде «Қазақстан, кеңестік дәуір, ядролық отарлау және оның салдары» атты үлкен тақырыпқа арналған баяндамалар жасалды. Біздің тарапымыздан 5 баяндама ұсынылды: 1. Какенова З. – Ядролық отарлау: периферияны эксплуатациялауға арналған империялық құрал; 2. Смагулова Г., Стамбулов С. – Шығыс және Батыс Қазақстандағы әскери ядролық полигондар: салыстырмалы талдау; 3. Шотбакова Л., Оразбекова Г. – Семей ядролық полигонындағысынақтар: жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірі қалай өзгерді; 4. Төлеуова Б., Өскембаева А., Төлеуова Қ. – ХХ ғасырдағы ядролық сынақ полигондарының дамуы: ғылымнан тәжірибеге дейін; 5. Зипатолла Ш., Кежеғали Ж. – Семей ядролық полигоны құрбандарының сауалнамасы. Жұмыстың соңында талқылау жасалып, шетелдік қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді, олардың ұсыныстары тыңдалды.

Жоба тақырыбы бойынша жұмысымыз әрі қарай Нью-Йорк қаласында жалғасты. Мұнда біздің зерттеу тобымыз Колумбийск университеті базасында «Қазақстандағы ядролық отарлау: ішкі және аймақтық салдары» атты дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Дөңгелек үстелді ұйымдастырған Уэзерхеда атындағы Шығыс Азия институты мен Гарриман Институты. Екеуі де пәнаралық байланыстарды дамыту мен халықаралық зерттеулермен айналысатын АҚШ-ғы танымал ғылыми орталық.

Дөңгелек үстел жұмысында біздің жоба атынан үш спикер қатысты: Шыңғыс Зипатолла, Бақытгүл Төлеуова және Зарина Какенова.

Дөңгелек үстел жұмысын модератор Элизабет Уишник Уэзерхеда атындағы Шығыс Азия институтының аға ғылыми қызметкері жүргізіп отырды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикерлерден басқа жоба жетекшісі Гүлнара Смағұлова мен жобаның жетекші ғалымы Ләззат Шотбақова жауап беріп отырды. Дөңгелек үстелде ядролық сынақтардың жергілікті халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына әсері, әлемдегі ядролық сынақ полигондарымен салыстырмалы талдау, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың ядролық сынақтардың салдарын түсінуге және жұмсартуға қосқан үлесі тәрізді мәселелер талқыланды. Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға, әсіресе 2024 жылғы референдумнан кейін халықаралық қызығушылыққа ерекше назар аударылды. Жоба зерттеушілері БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартына қатысушы-елдердің үшінші Конференциясының жабылу рәсіміне қатысты. Бұл шарт 2017 жылы қабылданып, 2021 жылы күшіне енді.

Оны әлемнің 50 мемлекеті ратификациялаған. Биыл үшінші конференцияға Қазақстан Республикасы төрағалық жасады. Қазақстан тарапынан оның аясында бірнеше шара  ұйымдастырылды.

Шараға Қарағанды облысынан арнайы барған делегация атсалысты. Делегация құрамында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.К.Жұмакенов, басқарманың мәдениет және өнер бөлімінің жетекшісі Д.М.Жұмақаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі Е.Н.Нұрмағанбетов, облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының жетекшісі Т.С.Төлеуов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Н.Б.Алдабаев, музейдің аға ғылыми қызметкері Н.Е.Ілден, танымал суретші, «Атом» жобасының құрметті елшісі К.Т.Күйіков және оның әпкесі С.Т.Арғынбаева болды.

БҰҰ штаб-пәтерінде ядролық қаруға қарсы күрескер жерлесіміз, әлемге әйгілі суретші Кәріпбек Күйіковтың көрмесі, сонымен бірге Қарағанды облысының тарихи-өлкетану музейінің қорларынан алынған «Полигон жаңғырығы» фотокөрмесі ұйымдастырылып, 2-7 наурыз күндері аралығында дүниежүзінің бейбітшілікті жақтайтын елдеріне Қазақстанның тарихынан, мәдениетінен және көрмеге қойылған туындылар арқылы өмірге деген сүйіспеншілікті таратты. Шараның барлығы ядролық соғысты болдырмауға, атом бомбасының зардаптарына арналғандықтан, Семей ядролық полигонындағы атом бомбасы сынақтарының зардаптарын басынан өткерген Кәріпбек Күйіков белсенді болды. Ол «Атомнан аман қалғандар» форумында, «Семей ядролық полигоны: ядролық қарудың бағасы – әлемге ескерту» атты кездесуде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарымен бірге спикер болды. Біздің зерттеу топ жобамыздың серіктесі, жерлесіміз Кәріпбек Күйіковтың көрмесімен танысып, оның жабылу рәсімінде болдық. Кәріпбектің өз өнерінің арқасында әлемдегі бейбітшілік пен ядролық қаруға қарсы күрестің символы екендігіне куә болдық. Ол өзінің суреттері арқылы өмірге деген құлшынысты, жарқын болашаққа деген үмітті, бейбіт өмірге деген ұмтылысты көрсетіп қана қоймай, болашақтың алдында әлі талай жарқын күндердің бар екенін паш етті. Кәріпбекке қарап оның бойындағы мықтылықты, жігерілікті, ұлтжандылықты көріп қайран қаласың. Ол нағыз күрескер тұлға. Оның жанын атом бомбасының зардабы салған жарақат та жаралай алмады. Иә, Кәріпбектің бойында атом зардабының ізі қалды. Соған қарамастан ол атом бомбасынан қалған азапты арқалай жүріп, өзінің суреттері арқылы адамдарға өмір сүруді үйретті. Оның шығармалары арқылы қарағандылық делегация Қазақстанның бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтынын, сол үшін күресетінін көрсетті. Біздер АҚШ-ғы әмбебап ұйым – БҰҰ штаб-пәтерінде аз уақыт болса да Кәріпбек Күйіковтың қасында болып, оны қолдағанымызға қуанамыз.

БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұл шаралардың да біздің жоба үшін маңызы зор. Оның нәтижелерін жобаны жалғастыру барысында қолданатын боламыз. Осылайша АҚШ сапары біз ойлағаннан да сәтті өтті.

Гүлнар СМАҒҰЛОВА,

Шыңғыс ЗИПАТОЛЛА

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *