Қазақ киносы десе, әлі күнге талғампаз көрерменнің тауы шағылып келе жатқаны өтірік емес. Күрделенген бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарын аудартып, ІV Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің қатарынан табылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа» деген еді.
Шынымен де қазір қазақ киносы десек, қабақ шытып, көңіл күмілжитін тұстар мол. Әсіресе, ол коммерциялық кинолардың көркемдігі мен тіл мәселесіне қатысты тым-тым жиі айтылып, қаузалып та жүр. Кино мамандарының үнемі талдауына арқау болып, айтылып келе жатқанына да біраз болған. Ал енді осы мәселенің Ұлттық құрылтайда көтеріліп, Президент назарына ілігуі қазақ киносы төңірегіндегі түйткілді тіпті өткірлендіре түскендей. Олай деуімізге себеп – соңғы уақытта коммерциялық бағытта шығып жатқан фильмдерде былапыт сөз, шұбарланған тіл басым, тәрбие және ең бастысы – ұлттық рух жоқтың қасы. Сенбесеңіз, кинотеатрға барып кез келген отандық фильмнің көрсетіліміне билет алыңызшы. Жалпыхалықтың деңгейде прокатқа шыққан фильмдердің титрындағы өріп жүрген грамматикалық қателерді есепке алмағанда, кейіпкерлер диалогінде дүбаралық пен құлақ тұндырар бейәдеп сөзден-ақ шаршап шығасыз. Ондайда ойға белгілі британдық һәм америкалық кинорежиссер, сценарист, продюсер Альфред Хичкоктың «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген әйгілі сөзі орала берді. Бұл ойды кино сыншы Дана Әмірбекова да қуаттады: «Қазақ киносына жанрлық түрлену жетіспейді. Драма, мелодрамадан асып кете алмаймыз. Жанрды драматургтер, сценаристер жасайды. Бүгінде қазақ киносында драматург тапшылығы байқалады. Ал жақсы драматургия мен мықты сценарий болмаған жерде жанр да, кино да дамымайды» десе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинотанушы Нәзира Рахманқызы: «Қазір кітап оқудан гөрі, экранмен тәрбиеленіп жатқан тұтас бір ұрпақ өсіп келеді. Міне, осы тұста кино түсіремін дейтін әрбір адам тек бүгінгі күн үшін емес, болашақ үшін де жауапты екенін сезінуі керек деп ойлаймын. Өйткені кинодағы тіл мәселесі ұлттық идеологиямызбен де тығыз байланысты. Тілі жоғалған ұлттың болашағы қандай болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Қазір біздің көрермен көбіне экранға жиі шығып жүрген коммерциялық фильмдермен етене таныс. Өкінішке қарай, бүгінгі қазақ киносын сол фильмдер арқылы қабылдайды. Оның үстіне соңғы жылдары интернет кеңістігінде екі сөзінің бірі боқтықтан тұратын қазақстандық веб-сериалдары көбейіп кетті. Және қорқыныштысы – бұл үрдіс қалыпты жағдайға айналып барады. Бұған дәл қазір мән бермесек, болашақта шешілуі қиын үлкен мәселеге айналып кетуі әбден мүмкін. Ал енді мемлекет қаражатына түсірілетін фильмдер бұл жағынан мүмкіндігінше қадағаланады. Жобаларды іріктейтін арнайы сараптау алқасы бар, сол комиссия жаңағыдай былапыт сөздердің экранға шықпауына аса назар аударады. Әрине, солай болуға тиіс те», дейді киносыншы.
Иә, мемлекет есебінен жарыққа шығып жатқан туындыларда ғана ұлттық болмыс пен бояу қанық. Бірақ олар үлкен экрандағы бәсекеде бәсең. Жарнамасы жер жарып, миллиондаған, миллиардтаған табыс жинап жатқан киноның дені – комедия. Сәні артса да, мәні кем. Тіпті қазақ аудиториясының мүддесіне сай келе бермейтін туындылардың кинотеатр экранын жаулап алуы – қауіпті құбылыс.
Ал бұл туралы бүгінгі киногерлеріміз не дейді? Кейіпкерлерінің дүбәра тілі мен боғауыз сөзсіз күлдіре де, ойын да жеткізе алмайтын деңгейін «өмірге жақындатқымыз, шынайы фильм түсіргіміз келді, қоғамда бар жағдайлар ғой» деп түсіндіруге тырысады. Біздіңше, шын мәніндегі талантты адам ешқандай боқтық сөзсіз-ақ көрерменін баурап алатын фильм немесе сериал түсіре алса керек. Өкініштісі сол, киногерлер өзінің шығармашылық әлсіздігі мен қиял жұпынылығын жұлмалап әкеліп қоғамға, заманға жамай беретіндігі.
Десе де соңғы уақытта «Қазақ кинематографиясының аяқ алысы жаман емес. Бір жылдың ішінде бәленбай фильм түсіріліп, көрерменіне жол тартып үлгеріпті. Осының өзі-ақ ұлттық киноөнеріміздің көсегесі көгергенінің айқын айғағы емес пе?!» деген сарындағы пікірлерді де жиі естіп жүрміз. Бірақ жүргізіліп жатқан сол сансыз есеп сапаға да дәл сол деңгейде жауап бере ала ма? Міне, мәселе осында!
Соңғы жүргізілген статистикаға көз жүгіртсек, жыл сайын Ұлттық киноны қолдау орталығынан бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың қаржысына 20 шақты, коммерциялық киноны қосқанда жалпы саны 70-80 фильм түсіріледі екен. Бірақ соның ішінде табыс әкеліп, көпшіліктің таңдауына іліккені коммерциялық фильмдер де, ал тапсырыспен мемлекет қаржысына түсірілген туындылардың көпшілігін шетелдік фестиваль көрермендері мен арнайы кино мамандары болмаса жалпы бұқара халық біле бермейді. Сондықтан болса керек, ел аузында да сол жекелей компаниялардың таспалаған фильмдері жиі айтылып, қаржылай табысты да сол бағыттағы картиналар көп әкеледі. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жарыққа шыққан актриса Дариға Бадықованың жеке қаржысына түсірілген «Таптым-ау сені» романтикалық комедиясының кассасы рекорд жаңартып, кинотеатрлардан көрсетіле бастаған небәрі 10 күн ішінде миллиард теңгеден астам табыс тапқан. Ресми деректерге көз жүгірсек, фильмнің кассалық түсімі 1 100 000 000 теңге болған. «Kinopark-Kinoplexx Theatres» ірі кинотеатры өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш отандық прокат үшін бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақстандық фильм осындай қысқа күн ішінде ауқымды кассаға ие болған. Тіпті аталған фильмнің кассалық түсімі голливудтық «Аватар: Су жолы» картинасын басып озған. «Ticketon» билет сату жүйесінің ақпаратына сүйенсек, фильмнің жалпы табысы 1,54 млрд теңге болса, голливудтық фильмнің табысы 1,17 млрд теңгеге жеткен. Сөйтіп, «Таптым-ау сені…» осыған дейін отандық комедиялық фильмдер ішінде 1,3 млрд теңге табыспен көштің алдын бермей келген Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнесін» шаңқаптырды.
Өкініштісі сол, прокатқа шыққаннан-ақ көрерменін кинотеатрға ағылтқан фильмнің көркемдік деңгейін де дәл солай айта алмайтынымыз. Өйткені кейіпкерлерінің аузынан толассыз төгіліп жатқан бейәдеп сөздері құлақ тұндыратын фильмді соңынан дейін тамашалап отырудың өзі мұң. Бірақ соған қарамастан кассада билет қалдырмай, кинотеатрды лық толтырған көрерменнің қарасы қалың. Бейәдеп сөзді де, «КВН»-нің деңгейіндегі қарабайыр қалжыңды да, бейберекет сюжетті де еш талғам, қиындықсыз қылғытып отырған сол баяғы қарапайым көрермен.
«Жарнама – үлкен қару. Фильмнің көрерменге жетуіне мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдің бірі. Көп жағдайда фильмнің танымал болуы сапасына емес, жарнамасының жақсы болуына байланысты болып тұр. Ұлттық киноны қолдау орталығынан сценарийінен бастап көркемдік тәсілдеріне дейін сапалы, техникалық жағынан да озық шыққан фильмдер көрерменге жетпей отыр. Өйткені прокат мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Дистрибуциямен ешкім айналыспайды. Прокатқа мемлекет тарапынан қаражат та бөлінбейді. Министрлік осыны қолына алған кезде қазақ киносы да түзеледі деп есептеймін. Мысал ретінде Голливудты алайық. Олар фильм түсіргенде, сол фильмнің жарнамасына да қыруар қаражат бөледі. Мәселен бір фильмді жүз миллионға түсірсе, оның жарнамасына да дәл сол мөлшерде қаржы бөледі. Ал бүгінгі таңда неге блогерлердің фильмдері өтімдірек болып тұр? Өйткені олардың аудиториясы дайын. Мысалы, Баян Алагөзова, Дариға Бадықова, Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбаев сияқты адамдардың фильмдері көпшілікке тез жетіп, жақсы көрініс табады. Олардың аудиториясы алдын ала дайын тұрғандықтан, фильмдері халық арасында жақсы өтеді. Сондықтан да олар түсірген туындылар миллиардтап касса жинайды. Бір өкініштісі – оны түсіріп жатқан кәсіби киногерлер емес, шоу-бизнес өкілдері. Сондықтан да аншлагтың бәрі кино сапасының көрсеткіші емес» деп бүгінгі қазақ киносының жай-күйіне алаңдаған кинотанушы Дана Әмірбекова өз ойын бүкпесіз ортаға салды.
Сонымен қатар Президент өз сөзінде зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдерді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн екенін де баса айтты. Бұл үрдіс, әсіресе, қазіргі көптеп түсіріліп жатқан веб-сериалдарға да қатысты айтылған сын деп түйдік. Бүгінде ғаламтор туындыларының танымалдылығы артқанымен, аталған жанрдың да көлеңкелі тұстары жетерлік. Мәселен, бұл бағыттағы сериалдарда да бейәдеп сөздер, зорлық-зомбылық элементтері, сондай-ақ ашық көріністерді еркін қолданады. Контенттің жасөспірімдер мен жастарға қолжетімді екенін ескерсек, олардың психикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Осындай келеңсіздіктерден қорытынды түйе келе айтарымыз, Ұлттық құрылтайда көтерілген қазақ киносына қатысты түйткілдер жаңа заман талабы мен заманауи жастар талғамы расурсында өзектілігін тіпті өткірлендіре түскендей.
Ерзат Ермағамбет