Талдықорғанда шахматтан 9—11 сынып оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі аяқталды. Қарағандылық команда жарыстан күміс медальмен оралды.
Шахмат жарысына еліміздің барлық облысынан барлығы 60-қа жуық оқушы қатысты.
Қарағандының намысын әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының төрт жоғары сынып оқушысы Рауан Тұспаев, Қамшат Ерғали, Нұрасыл Дәулетбеков және Азамат Ғалымқадыр қорғады.
Олардың барлығы сабақтан тыс уақытта бала кезінен бастап шахматпен айналысады, ал мектепте оларды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дәулет Кеңесбай жаттықтырады.
– Бұл жарыстарда барлық қатысушы мықты болды. Біздің жоғары сынып оқушылары жақсы нәтиже көрсетті. Әрине, толқу болды. Эмоционалдық кедергі салдарынан біздің шахматшылар көп ұпай жинай алмағаны әбден мүмкін, – деп есептейді Дәулет Кеңесбай.
Барлық жүлдегер медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ