Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген болатын. Себебі, жақсы кітап – өмірлік азық. Ұлттық кітап күні аясында Қарағанды қаласына арнайы сапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі айтыскер Ринат Зайытов Бөкетов зерттеу университетінің заманауи кітапханасында студенттермен кездесті.
Соңғы кезде кітап оқу әдемі бір үрдіске айналды. Жастардың көңілі пайдалы әдебиеттерге ауып, рухани байыды. Кездесу барысында осы секілді ойлар айтылып, студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.
– Ұлттық кітап күні және «Кітап-Amanat» жобасы аясында Қарағанды облысының бірнеше кітапханасына жолымыз түсті. Алдымен осы университетке бет бұрдық. Әлеуметтік желіде барлығы жеңілдеп, минимализммен өмір сүріп жатқанда, кітап оқу дәстүрі үзіліп қалмауы үшін әрбір адам өзі оқыған көркем дүниелерімен бөлісіп, қоғам арасында талқылануы тиіс деп ойлаймын. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – басты мақсат, – деді Ринат Зайытов.
Мәжіліс депутаты студенттерге Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын оқуға ұсынуының себебін түсіндірді.
– Ең алдымен, романдағы оқиға желісі Қарағанды өлкесінде орын алған. Екіншіден, ол жердегі кейіпкерлер де сіздер сияқты бір дәуірден бір дәуірге ауысқан ұрпақ. Көркем шығармада көрсетілген мәселелердің барлығы әлі де өзгермеген, әлі де баршылық, – деді Ринат Зайытов.
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков кітап оқудың маңыздылығына тоқталып, елдің болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін айтты.
Кездесу соңында Қарағандыдағы Бөкетов университетінің дәстүрлі жобасы «Kitap – Qazyna» жеңімпаздары марапатталды.
Жүлделерді қадірлі қонақтар салтанатты түрде табыстады. Бас жүлде – «Бес арысқа» (филология факультеті) бұйырса, І орынды «Aqiqat» (шетел тілдер факультеті) иеленді. ІІ орын «Қыр қызғалдақтары» (филология факультеті), ІІІ орын – «Уақыт сақшыларының» (тарих факультеті) еншісінде.
Университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Нұржан Жетпісбаев кітап сыйлау дәстүрімен қонақтарға Ебіней Бөкетовтің 100 жылдығына орай ғалым жайлы кітап тарту етті.
Ринат Зайытов Бөкетов зерттеу университетінің заманауи кітапханасында студенттермен кездескеннен кейін Абай ауданына қарасты Құрма ауылындағы мектепке барды.
Делегацияны Абай ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марина Стрельникова, Құрма ауылында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің директоры Құралай Амралина қарсы алып, мектеп өмірімен таныстырды.
Айт кету керек, бұл мектепте 142 оқушы қазақша дәріс алса, 80 бала орыс тілінде оқиды.
Заманауи мектепте 28 жалпы білім беру кабинеті, 1 STEAM кабинеті, 5 зертхана, 2 шеберхана, 1 робототехника кабинеті, 1 Intellectum кабинеті бар.
«Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков оқушыларды кітап оқуға шақырды. Және де Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
– Мен электронды кітапқа үйренбегенмін. Ол көзге ыңғайсыз, яғни жанарды құртады. Ал қағазға басылған кітап – бір әлем. Рақаттанып оқисыз. Балалармен кездесудегі негізгі мақсат – осы жастан бастап қандай кітап оқу керек, соны нұсқап, бағыт-бағдар беру болатын. Әр кітаптың өз философиясы бар. Оқырманға айтар ойы бар. Біз тек Оралхан Бөкейдің «Атау кересін», яғни бұл шығармада оқырманға не айтқысы келгенін талқыладық. Балалар өте жақсы түсінген. Ол құптарлық жағдай.
Сонымен қатар, балалардың дүниетанымын қалыптастыру мақсатында бірнеше кітапты сыйға алып келдік, – деді.
Арнайы келген қонақтар Астрид Линдгреннің «Біз бәріміз бір ауылданбыз», Ілияс Жансүгіровтің «Сағанақ», Бейімбет Майлиннің «Қанды тұман», Мұхтар Шахановтың «Танакөз», Несіпбек Айтұлының «Дариға-дәурен» және де басқа кітаптарды «жас оқырман қолында тозсын» деген ниетпен мектеп кітапханашысы Алтын Жұмабекке табыстады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ