Қазыналы Қарағанды өңірі жерасты қазбасымен ғана емес, тарихы сонау тас дәуірінен басталатын мұрасымен де бай. Жақында мұнда 2020-2024 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған құнды артефактілер Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына салтанатты түрде табысталды.
Аталған артефактілер Қазақстанның бай тарихын тереңірек тануға үлес қосып, ғылыми жарияланымдар мен халықаралық конференцияларда өз бағасын алды. Музей экспозициясы жаңа жәдігерлермен толықтырылып, тарихи-мәдени мұраны насихаттауға тың серпін берді.
– Сарыарқа – еліміздің көне дәуір ескерткіштеріне бай өңір. Мұны дәуір тарихының дамуы қалай жүргенін ғалымдар тапқан археологиялық қазбалар мен сол орайда жасаған тұжырымдары дәлелдеп бере алады. Бір ғана ең алғаш жылқы қолға үйретілген Ботай тұрағы мен Беғазы-Дәндібай мәдениетінің алып кесенелерін айтсақ та, талай құндылығымыз айқындала түсетіні даусыз, – дейді облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы басшысының орынбасары Жанболат Мәжитов.
Жәдігерлердің ішінде қызығушылық тудырған Талды тарихи-археологиялық саябағындағы қазба кезінде салмағы 25 келі тартатын мыс қазан болды.
– Бұл музейге өткізгеніміз 2020-2024 жылдары табылған құнды дүниелер. Заттардың бәрі лабораториялық зерттеулерден өтті. Негізінде, мұндай қазан Қарағанды облысында бірінші рет табылды. Жетісу жақта қазандар бар жер астынан қазылып алынған. Қазанды бөліп айтып отырғанымыз, оны тұтастай, яғни бүтін қалпында қолымызға алдық. Дәл қазір ет асуға да болады, – дейді Жанболат Манарбекұлы.
Бұл сөзді осы қазанды қалпына келтірген ғылыми-реставрациялық зертхананың жетекшісі Қырым Алтынбеков те жәдігер табылғанда айтқан болатын.
– Бұл жәдігер біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 ғасырға жетелейді. Қазан жетісулыққа ұқсайды. Бірақ жәдігердің неге осы жерден табылғаны белгісіз. Археологтар мұны ғұрыптық қорған дейді. Оның бәрін зерттеу барысында анықтаймыз, – деді ол.
Бір қызығы, қазанды тапқан археологтар еліміздегі бірден-бір реставратор Қырым Алтынбековті Алматыдан келгенше күткен. Тазалаған кезде ыдыстың ішінен ежелгі темір дәуіріне тиесілі қымбат бұйымдар табылған. Ол қоламен безендірілген ат әбзелдерінің бөлшектері болатын. Жылқының суреттерінен жүгендерді де көруге болады. Жыртқыш аңдардың суреттері де бар. Жолбарыстың ақсиған тістері салт аттыны қорғауда магиялық рөлге ие болған немесе оның қай тайпаға жататынын білдірген. Сонымен қатар қазба жұмыстары барысында қорымнан жерлеудің бірнеше ерекшелігін байқаған. Бұл, ең алдымен, жылқыны қоса жер қойнауына берумен айрықшаланады.
Қабір аумағын қоршай тұрғызылған тастар да өте шебер қашалған. Ондай қабірлердің үсті де тас тақталармен жабылатын болған. Ер адам қабіріне қару-жарақ тиесілі болса, әйел адам тұсына бағалы әшекейлер, қыш бұйымдар қойылатын болған. Археологтар қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың және тұрмыстық заттардың қалдықтарын ғана емес, сондай-ақ екі дөңгелекті күйме арбаға жегілген атымен қоса жерленген жауынгердің сүйектерін анықтаған.
Бүгінде облыста туристердің сұранысына ие болған бірнеше тарихи орын бар. Солардың ішінде қола дәуіріне жататын Ақтоғай ауданында орналасқан Бегазы-Дәндібай ескерткіштері, Шет ауданында орналасқан Бұғылы, Ақсу-Аюлы II ескерткіштері, 2011 жылы Қарқаралы ауданы, Талды 2 қорымынан қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуіріне жататын Алтын адам бар. Одан кейінгі кезеңде ерте темір дәуірі атанған сақ дәуірінің баға жетпес жауһарлары да Сарыарқа жерінің айбарын асқақтата түсіп қана қоймай, бабалар жолы бойымызға рух дарытқандай әсер қалдырады. Өйткені мұнда басқа аймақтармен салыстырғанда, сақ заманында бой көтерген айрықша құрылыстар көптеп кездеседі. Осындай құрылыстары бар мәдениет археология тарихында Тасмола мәдениеті деп аталған екен.
Былтыр Шет ауданы Өспен ауылдық округінде археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Ғалымдар қола дәуірінің Ақбәйбіше қорымына тиесілі бес жерлеу орындарын тапты. Археологтар тапқан жәдігерлердің бәрі қола дәуіріне жататынын радиокөміртекті талдау растады. Табылған бес қорымның үшеуі ауыл арасындағы жолда, ал екеуі ен далада болды. Барлық жерлеу орны тоналған, бірақ ғалымдар әлі де қызықты артефактілерді таба алды. Олардың ішінде сол кезеңдегі өте сапалы керамика бөлшектері бар.
– Біз барлық олжаны Өспен ауылының мұражай қорына табыстадық. Сол жерде оларды көруге мүмкіндік болады, – дейді Жанболат Манарбекұлы. Қазір табылған жерлеу орындары қоршалған. Бұл келешекте қазба жұмысын жалғастыру әрі мұраны сақтау үшін қажет.
Ғалымдар сонымен қатар Сарысу өзенінің бассейні аймағында археологиялық барлау жүргізді. Нәтижесінде, олар қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға және қазіргі заманға жататын жаңа нысандарды тапты. Биыл да ғалымдар бұл нысандарды зерттеуін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ