Қарағанды облысында көрші елдерден қоныс аударғандарға көмек көрсету қызметі ретімен жолға қойылған. Бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдар да бір кісідей атсалысып отыр. Биыл аймаққа 17 отбасы көшіп келді. Оларды ортаға, қоғамға бейімдеу мақсатында түрлі жоба іске қосылған.
Былтыр көмірлі өлкеге қазығын қаққан 232 отбасы немесе 530 адам қандас мәртебесін алды. Бұлар негізінен осындағы туыстарына жақындау үшін көшіп келгендер. Бәрі бір жерге емес, облыстағы бірнеше аудан мен қалаға қоныс тепті.
Қоныс аударушылардың құжаттарды рәсімдеу үшін «Құтты мекен» мобильдік қосымшасы жұмыс істеп тұр. Қосымша арқылы өтініш беріледі. Сондай-ақ облыстың еңбек ұтқырлығы орталығының мамандары әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, медициналық қызмет және жер телімін алу мәселелері бойынша қолдау көрсетті. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдарға, жалпы білім беру мекемелеріне тіркелуге көмектеседі. Бүгінде оларға арналған 25 қызмет түрі қолжетімді болып тұр. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтардың айтуынша, олардың басым бөлігі көрші елдерден келіп отыр.
– Қарағанды облысы қандастарды қабылдау картасының өңірлік квотасына кірмесе де этникалық қазақтар өз бетімен көшіп келеді. Олар негізінен Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Ресейден қоныс аударады. Былтыр және биыл келгендердің 292-сі – экономикалық белсенді халық. 16 пайызы – жоғары білімге, 45,2 пайызы арнаулы орта білімге ие. Сонымен қатар 204 кәмелетке толмаған және 45 зейнеткер бар. Кейбiр қандас медицина, педагогика, мәдениет, спорт салаларында еңбек етуде. Көбінесе мал шаруашылығымен айналысқанды жөн көреді. Бұдан бөлек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, жоба қорғап, грант алғаннан кейін өз ісін бастап жатқандары да баршылық, – дейді басқарма басшысы.
Қандастар өздеріне ұнайтын кәсібін таңдауы үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жобаларға қатысып, «Бірінші жұмыс орны», «Күміс жас», «Жастар практикасы» сынды бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасып жатыр. Тіпті сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарды оқып жатқандар да бар.
Сонымен қатар Қарағандыда заңгерлік және консультациялық сипаттағы қызметтер көрсететін Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы жұмыс істейді. Орталықта жарты жылға дейін тегін тұруға болады. Орталық 10 төсек-орынға есептелген. Қазір онда төрт отбасы тұрып жатыр.
Қандастарды жұмыспен қамтамасыз етуде қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытуда. Ұйым мамандарының көмегімен олардың біліміне, білігіне сай жұмыс іздеу механизмі қарастырылған. Олар әрдайым қандастармен тұрақты байланыс орнатып, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық, заңгерлік қолдау жасап отырады. Жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен жұмысының арқасында қандастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр.
Манас АҚСАРЫ