Аймағымызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Шахтинскіде табиғатқа жанашыр тұрғындардың күшімен «жасыл белдеу» құрылды. Ағаш егуге ересектер мен балалар шықты. Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі аллеяға 300 қарағаш пен қарағай көшеттері отырғызылды.
Экологиялық сенбіліктің жас қатысушысы Толғанайдың ұсынысымен кейбір ағашқа атау берілді. Ол өзінің алғашқы ағашын – жас терек егіп, оған «Үміт» деген ат қойды. Оның бұл әрекеті өзгелерге де үлгі болып, көптеген қатысушы өз көшеттеріне атау берді.
Шахтинск қаласында ағаш егуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Аймақ басшысы тұрғындарға өз қаласын жасылдандырып, көркейтуге деген ұмтылысы үшін алғысын білдірді:
– Бүгін жалпыреспубликалық сенбілік өтіп жатыр. Шахтинскіде де тұрғындар тазалау жұмыстарына шықты. Сондай-ақ ағаш егу жүріп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы – жақсы идея. Адамдар қолдайды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Көгалдандыру үшін өңірдің климатына барынша бейімделген ағаштардың түрлері таңдалған. Көшеттер Қарағанды тәлімбағынан әкелінді. Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Арман Саттыбаевтың айтуынша, қарағай мен кәдімгі қарағаштың көшеттері жақсы жерсінеді. Өткен жылы аллеяда тротуар төселсе, биыл ағаштар отырғызылуда.
Осы күні Шахтинскіде басқа да экологиялық шаралар өтті. Еріктілер ескерткіштер маңын тазалап, жалғызбасты қарттардың аулаларын ретке келтіруге көмектесті. Көктемгі екі айлық басталғалы Шахтинск өңірінде 1 700-ден астам ағаш отырғызылып, 300 гектар аумақ тазаланып, 400 тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық сенбіліктер облыс бойынша өтті. Облыс орталығында Абай көшесіндегі саябақ көгалдандырылады. Бір күнде мұнда 500-ден астам ағаш пен бұта егілді: қарағаш, қарағай, шегіршін, мамыргүл және қараған.
Экобелсенділердің бастамасымен жаңа емхана маңындағы Көгілдір тоғандар саябағы көгалдандырылды.
Ағаш егуден басқа, ресурс үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, өсімдіктерді күту бойынша шеберлік сабағы өтті.
– Егілген әрбір ағаш – балаларымыздың болашағына қосқан үлесі. Мұндай акциялар табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастырады. Тек бірге ғана біз экологиялық жағдайды жақсарта аламыз, – деп атап өтті «ЭкоОбраз» қоғамдық бірлестігінің директоры Светлана Былинская.
Теміртауда «Таза Қазақстан» акциясын Қарағанды индустриалды университетінің қызметкерлері мен оқытушылары қолдады. Ал ЖОО аумағында қайың ағаштары егілді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының іске қосылғанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде Қарағанды облысында тазалық пен көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңір тұрғындары экологиялық бастамаларды белсенді қолдап, қалалар мен ауылдардың көркі мен жайлылығын арттыруға өз үлестерін қосып келеді.
Сондай-ақ, өткен аптада Қарағанды қаласында «Алаш» саябағында жүзден астам ағаш егілді. Экологиялық акцияға еріктілер, жастар, мәслихат депутаттары, бизнес-қоғамдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері мен коммуналдық қызмет қызметкерлері қатысты. Қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Әубәкіров осындай шаралар қаланың маңызды қоғамдық кеңістіктерінің көгалдануына және экологияны жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, Саран қаласында үш мыңнан астам оқушы білім беру аллеялары мен мектеп аумақтарын көгалдандыруға қатысты. Олар мектеп жылыжайларында өздері өсірген гүл көшеттерін отырғызып, 600-ге жуық қайың ағашын екті. Оқушылар экологиялық білім мен тәжірибемен бөлісіп, гидропоника әдісі туралы айтып берді. Мұндай бастамалар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады.
Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында бес мың алма ағашының көшеттері егілуде. Бұл қаладағы жасыл желектерді көбейтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Экологиялық бастамалар тек көгалдандырумен шектелмейді. Бұқар жырау ауданында 200-ден астам тұрғын Нұра өзені мен Чкалов су қоймасының жағалауларын қоқыстан тазартты. Шараға мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері мен жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. Жиналған қоқыс ішінде тұрмыстық қалдықтар, пластик, шыны және қураған ағаштар болды.
Теміртаудағы Самарқанд су қоймасында «Таза жағалау» акциясы басталды. Ол 30 мамырға дейін жалғасады және Ботақара көлі, Көгілдір тоғандар, Федоров, Ынтымақ және Саран су қоймаларын да қамтиды. Акцияға табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлері, мемлекеттік инспекторлар, балық шаруашылығы мамандары, еріктілер мен оқушылар қатысты. Олар су қоймаларын қоқыс пен иесіз қалған балық аулау торларынан тазартты.
Қарағанды индустриалды университетінің студенттері, жергілікті мектеп оқушылары мен қоғам белсенділері экологияны қорғауға деген жауапкершілікті сезіне отырып, акцияларға белсенді атсалысты. Бастаманың мақсаты – су ресурстарын сақтау, табиғи ортаны қорғау және өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамыту.
Осылайша, Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында табиғатты қорғау, көгалдандыру және су айдындарын тазарту жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. Мұндай шаралар экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, әр тұрғынның туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырады.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ