Адамзат пен Отанды сүю – әр адамның азаматтық парызы. Мұның астарында дүниеден өткен ата-бабаларымыздың қастерлі де қасиетті істері менмұндалап тұрады. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп насихаттау парыздың ең үлкені болмақ. Насихаттап қана қоймай, жеті атаңа жететіндей жазып кету – ең асыл іс. Біз сол жолды таңдадық.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға аттанып, жанқиярлықпен отанын қорғаған, орасан зор ерлік көрсеткен майдангерлердің арамызда жоғы белгілі. Себепті жағдайлармен соғысқа бармай, тылда еңбек жасаған ата-әкелеріміз, аналарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз ер-азаматтарының жоқтығын білдірмей, жеңісті жақындатуға үлес қосқаны даусыз. Адамзат баласы асыға күткен жеңістің 80 жылдығына иек астында тұр.
Айтбай-Айтқұл ұрпақтарының атамекені – қасиетті Қарасу жері. Суы мол, шөбі шүйгін, тұрғындары тоған салып, суын пайдаланып, ақ бидай, қожа бидай, тарыдан мол өнім алып, осы маңайдың халқы қиындыққа, ашаршылыққа ұрынбаған екен. Соның арқасында Керней руының ішіндегі Айтбай-Айтқұл ұрпақтарының саны басқа руларға қарағанда өскен ұрпақ. №10-шы ауыл орталығының осы Қарасуда болуы да тегіннен тегін емес. Түйте ішінде имандылық жолын ұстағандар: Айтбай, Айтқұл аталарымыз екен. Алғашқы мешіт үйі осы Қарасуда болған. «Әйекең мешіті» атанған. Әліпбиге елдің тілін сындырған алғашқы мектеп те осы Айтбайдың №10-шы ауылдың орталығы Қарасуында болған. Әймембет әкеміз: «Мал айдаса жаудікі, үрсе желдікі, менің екі тоғаным – менің ұрпағымның ырыс-несібесі» – дейді екен. Бертінде ел ішінде сол уақытта қолмен тоған қазып, еңбек жасаған әкелеріміздің арасынан ерекше еңбек жасап, көз жанарынан айырылған Тонтай әкеміздің еңбегін жыр қылып айтып отыратын.
Біздің арғы атамыз Жолқұтты-Айтбай батыр болған және көп жасаған адам екен. Өзінің кіндігінен тараған ұрпақтарын үнемі күреске баулып, белдестіріп отырған. Содан да болар, Айтбайдан апайтөс палуандар көптеп шыққан. Олардың арасында Шал мен Матыбайдың есімдері ерекше айтылған. Бір асқа барарда Түйте палуандарына көңілі толмай, содан Айтбай балаларында палуандар бар деген соң шақыртса, Шал мен Матыбай мінген өгіздерін көтеріп келіп тұр дейді. Осыдан кейін олар «өгіз палуан» атанып, дүбірлі астарда Түйте атасының атынан күресіп жүріпті.
Айтбай бабамыз өте ақылды, қайырымды, батыр, адал кісі болған екен. Бұл кісіні ақ жауып, арулап, жерлеп, басына бейіт қалағанда, бейіті аппақ болып шығыпты. Содан кейін бұл жерді «Айтбайдың ақ бейіті» атап кеткен. 1941-1945 жылдар аралығында осы ауылдан аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін 35 азамат майдан даласына аттанған екен. Қ.Жақсылықұлы, Б.Кәріпұлы, С.Ілиасұлы, Қ.Әбілдаұлы, Х.Әймембетұлы, Ә.Омарбайұлы, А.Садықұлы, Ә.Садықұлы, Т.Әбеуұлы, Е.Әлібекұлы, З.Әркенұлы, Ш.Тәтиұлы, Д.Сқатайұлы, З.Ысқақұлы, С.Қашағанұлы, А.Бекішұлы, С.Әбдірахманұлы, Т.Сағымбекұлы, Р.Сағымбекұлы, Қ.Исаұлы сынды азаматтар қайтып оралса, Ж.Жахметұлы, Р.Жахметұлы, Х.Мырзахметұлы, Қ.Мырзахметұлы, Қ.Әймембетұлы, Ә.Мұстапаұлы, І.Мәжібайұлы, Х.Әбеуұлы, Н.Күшікбайұлы, Б.Ыбырайұлы, О.Мұқанұлы, Қ.Жақсылықұлы, А.Махаұлы, Ә.Елеуұлы, Ә.Елеуұлы, Қ.Исаұлы майданнан қайтпады, кейбіреулері хабарсыз кетті.
Енді міне, біздің тарапымыздан тағы бір сауапты іс басталды. Кешегі жаһан соғысына қатысып, бүгінгі күндері ұмыт бола бастаған майдангер аталарымыздың даңқты істерін көпшілікке паш етпекпіз. Тылда еңбек еткен қаншама аталарымыздың еңбегі ескерусіз жатыр. Ауылшаруашылығында ерлермен қатар тұрып еңбек еткен аналарымыз, әжелеріміз атаусыз кетіп барады. 1937 жылдың қанды қақпанына түскен боздақтарымыздың есімі ұмытылып бара жатқаны тағы шындық. Осындай ақтаңдақтарымызды ойына алып, көңіліне түйіп жүрген азаматымыздың сауапты ісін бірауыздан қолдадық, барынша ұйымшылдық көрсетіп, елді ұйыстырып жатырмыз. Оның үстіне осы бір сауапты ісіміз Алла Тағаланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылып, сауаптар еселене жазылатын шарапаты мен шапағаты мол қасиетті рамазан айына дөп келуі біздер үшін тағы бір қуаныш. Айтбай-Айтқұл ұрпақтарының дараланып, ерекшеленетіні де осындайдан болса керек. Бұл да біздің басты артықшылықтарымыздың бірі, туыстарымыздың бірлігін, ұйымшылдығын, замана көшіне ілесе алғандығын көрсетеді. Осындай сара жолымыздан таймайық, ата-бабаларымыздың жақсы қасиеттерін ұрпақтарымыздың бойынан көретін болайық.
Майдан төрінде мұздай қаруланған жау әскерімен бетпе-бет келіп соғысу оңайға түскен жоқ. Қаншама аталарымыз жау шебін бұзып өткенімен, елге қайтпай қалғандары да баршылық. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында олардың аты-жөнін айтып кету парызымыз.
Елдік рухтың жасампаздығы
Фашистік Германия әскеріне қарсы атылған әр он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан жасалатындығын сол кездегі майдан газеттері жарыса жазып жатты. Қарағанды шақтылары үздіксіз жұмыс істеп, көмір өндіру жөнінен одақ бойынша үшінші орынды иеленді. Соғыс жылдары іске қосылған Ақшатау молибден-вольфрам комбинатының қарышты жұмыс ырғағына қосылуы үлкен жетістіктердің бірі болатын. Ақшатау кеніші КСРО Қорғаныс комитетінің Қызыл Туымен екі мәрте марапатталды. Ақшатау кеніші маңызы зор стратегиялық кәсіпорындар қатарынан орын алды.
Соғыстан оралған солдаттар өздерінің естеліктерінде: «Біздер дала асханаларында тамақтандық. Көбіне мал етінен жасалған тағамдар жасалатын. Ет бауырлас Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан республикаларынан жеткізілетін». Бұл шындық еді. Статистика мәліметтері бойынша 1941 жылы Қазақстан колхоздарындағы ірі қара мал саны мен қой, ешкі саны өсті. Бұл бір жағы шалғай аудандарда малды далада ұстап бағу әдісіне көшірілгендіктен болар. Тура шөп шабу науқаны басталарда соғыс өрті бұрқ ете түсті. Мал азығы жылдағыдан аз жиналды. Соған қарамастан ауылдағы тыл еңбеккерлері мал басын аман сақтап қалу жолында қолдан келген әрекеттің бәрін жасады.
Соғыс кезінде егіннің де мол жиналғанын айта кету керек. Соғыс уақытындағы егіннің мол жиналуы «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен жасалған жұмыстың арқасы емес, сондай-ақ ғылыми жұмыстың түбегейлі нәтиже үшін жүргізілгендігінің арқасы деп бағалау керек. Себебі соғыс уақытында Қазақстанға Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен білімді ғалымдар жиналды. Қазақстанның ауылшаруашылығы елге 30 миллион пұттан астам нан, миллиондаған пұт картоп пен көкөніс, ет, сүт, жүн берді. «Өзің жемесең де, солдатты тойдыр» деген сөз сол кезде шыққан.
Осындай жетістіктерде біздің ауылдың шаруаларының да үлесі болғандығы бұлтартпас ақиқат. Ауылдың ер-азаматтары майданға аттанғаннан кейін, бар ауыртпалық пен жауапкершілік елде қалған әйелдер, жас балалар мен қариялардың иығына түсті. Өздері орта құрсақ жүрсе де, өндірген өнімдерінің басты бөлігін неғұрлым майданға жібергенді көңілдері қалап тұрды. Тіпті 1941-1943 жылдар аралығында колхозшылар 1 сом да еңбекақы да алған жоқ. Сол кездегі еңбекке жарамды адам 31,1 пайыз ғана екен. Сонда жұмыс істейтін бір адамның мойнында екі адам тағы отыр деген сөз. Соған қарамастан, ауыл шаруаларының қажырлы еңбегін атамасқа болмайды, олардың басына түскен ауыртпалықты ештеңемен салыстыруға да болмайды. Нағыз еңбек – тылда жұмыс жасаған ауыл еңбеккерлерінікі. Өмірлерін өзгеге арнаған қайран ата-әжелеріміздің сол кездегі жанқиярлық еңбегі дер кезінде бағаланбады. Бірен-сараны болмаса, көпшілігі тыл ардагері деген атаққа ілікпеді, тіпті сұрамады да. Олар үшін сұрапыл соғыстың аяқталғаны зор жеңіс еді. Тыл ардагерлері тұрмақ, майдангерлерді де қатты елеп-ескерген жан болмады.
Алайда, сол кездегі аналарымыздың ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олар күндіз-түні шаршамай, еңбек етіп, өздеріне қиындық тудырған барлық ауыртпалықты көтеріп, балаларын, отбасының тіршілігін қолдап, елге көмектесті. Әсіресе әйелдер мен аналардың ұрыс алаңындағы ерлерден еш кем емес қайсарлығы, қажыр-қайраты халықтың жеңіске деген сенімін арттырды. Ана болу ғана емес, сол қиын-қыстау заманда бүкіл ауылды, елді тіршілікпен қамтамасыз ету міндеті тағы да аналардың мойнында болды. Сол ардақты аналардың әрбір қимылы мен еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Республика колхозшылары «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасауға қаржы жинады. Бұл шаруадан біздің ауылдың да еңбеккерлері шет қалмады, өз үлестерін қосты. Өзінің өзегі талып жүріп, өзгені жарылқаған бір заман болды.
Соғыс кезіндегі ел еңбегі жайында Ақсу-Аюлы тұрғыны Шәукей ақсақал: «Тылдағы ауыр жұмысты қарттар, әйелдер, қыз-келіншектер, балалар атқарды. Олар ыңыршағы айналған аттар мен өгіздер жеккен соқа айдап, тұқым сеуіп, жер жыртып егін салды. Масақ терді. Шөп шауып, мал бақты. Қолдарынан айыр мен күрек түспеді. Соғыстағы жауынгерлерге жылы шұлық, қолғап, бөкебай тоқып, киім-кешек тігіп беріп тұрды», – деп еске алған екен. Бұл бір ғана Шет ауданы емес, барлық ауылға тән жұмыс болатын. Мұндай жұмыстар біздің ауылда да істеліп жатты. Сан миллиондық кеңес әскерін киіндіру оңай шаруа емес-тін.
Әсіресе Тыныбекұлы Тонтай ақсақалдың егіс атызындағы орасан зор қажырлы еңбегін сан естігеніміз бар. Атап айтқанда, соғыс жылдарындағы елдік рухтың құдіреттілігі арқасында жеңіске жеткендігімізді мойындайтын уақыт жетті. Енді оны кімге айтарсың?! Соғыстың аяқталғанының өзіне 80 жыл толып отыр. Тыл еңбеккерлері де қалмай бара жатыр. Тек үлкендердің еңбегін көрген, жас та болса қолқабысын тигізген аз ғана адам шоғыры қалды. Біздің міндет – сол кездегі еңбек адамдарының жасампаздығын насихаттау, жасап кеткен еңбектерін барынша, білгенімізше көрсету.
Олардың ерлікке пара-пар еңбекке толы өмірі ұрпақ үшін қымбат қазынаға айналуы тиіс. Біз, бүгінгі ұрпақ, осы ауыр жолды өткен еңбеккерлердің ерлігін ұмытпай, олардың есімдерін ұлықтап, еңбектерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Ердің жүгін көтерген аналар
Ұлы Отан соғысын жаһан соғысы деп айту өріс алып келеді. Қалай айтса да, сонау отты жылдарда қазақ әйелдерінің, оның ішінде біздің әжелеріміз, аналарымыз болып есептелетін колхоз еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегін елеусіз қалдыру қылмыспен тең. Олардың соғыс жылдарындағы рөлі ең маңызды оқиғалардың бірі болып аталып өтуі керек. Аға ұрпақ өкілдері ерекше батырлығымен жау ордасын талқандап жатса, ауыл еңбеккелері жеңісті жақындатуға орасан үлесін қосты. Көптеген әйел адамдар қолына қару алып, майданның алғы шебінде жүрсе, ауылда қалғандары «Бәрі де отан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен күн, түн демей еңбек етті.
Соғыс басталысымен, жарамды ер адамдардың бәрі майданға аттанды. Әйел атаулы орны босаған ер адамдардың орнын басып, шаруашылықтардың бар саласына ие болып қалды. Мал да бақты, шөп те шапты, егін салып, оны шашпай-төкпей жинап алу да ауылдағылардың мойнында болды. Онымен қоса майданға азық-түлік, киім-кешек жіберіп отыру да әйелдердің мойнына жүктелді. Көпшілігінің жасы сол кездері 20 мен 40-тың арасында еді. Жаспыз деп мойымады, бар жұмысты ынталарымен істеді. Өйткені тылдағы жұмыстардың дұрыс атқарылуы жеңісті жақындататыны айтпаса да белгілі еді. Шынын айту керек, бүгінгі күні егемендікке жетіп, балаларымыз бен немерелеріміздің шетел асып оқып, ал өзіміздің бейбіт аспан астында шалқып өмір сүріп жатқанымыз, сол кездегі аталарымыз бен аналарымыздың ерен еңбегінің арқасы, солардың қайтпас қайсарлығы мен төзімділігінің арқасы екендігін әсте естен шығармағанымыз жөн.
Ұлы жеңіске орасан зор үлесін қосқан тылдағы әйелдер Отан үшін, жеңіс үшін отбасы және өзі үшін аянбай еңбек етуге мәжбүр болды. Олар ел алдындағы борыштарына үлкен жауапкершілікпен қарап, ерлерше еңбек етуге мәжбүр болды. Тылдағы әйелдерінің жанқиярлық еңбегінсіз, олардың материалдық және моральдық көмегінсіз біздің әскерлеріміздің жаудан асып түсуі қиын еді.
Адамның басына бермейтін сұрапыл жылдары әжелеріміз уақытпен санаспай, заман жүгін, ел басына түскен ауыртпалықты қажымас қайсарлықпен көтере білді. Осы күнге дейін айтылмай жүрген тағы бір олқылығымыз, соғыс кезіндегі балалар еңбегі, оны бүгінгі ұрпақ білуі керек, ұмытпағаны жөн. Оны еске алып, түсіндіретін біз боламыз. Бері айтқанда, он жастағы бала қозы бақты, бұзау қайырды, масақ терді, даладан темір-терсек, сүйек жинады, старательдерге ілесіп, таудан тас тасыды, диірмен тартқан анасына көмектесті, өзінен кіші бауырын қарады, тіпті атқа мініп мал бақты десек артық болмас. Үйде отырғандары да еңбектеніп жатты, шұлық, бөкебай қолғап тоқыды, Қолдарынан келгенше киім тікті, мал өнімдерін іске жаратты. Айналып келгенде үкімет ешкімді бос отырғызбады. Мұның бәрі көңілі жарымжан балаға оңай жұмыс емес, қатарынан ерте есейген балаларды мәпелеп отыруға анасының мүмкіншілігі болмады, кейбірінің әкелерінің артынан «қара қағаз» келіп жатты. Баласын, ерін жоқтаған аналардың жағдайына қарап жатқан тағы ешкім болмады, Көңілінде мұң-шер, көзінде жас тұнған қазақ әйелдерінің төзімі таусылмады, жеңіс үшін бәріне де көне білді, бар ауыртпалықты қайсарлықпен қарсы алып, алдағы күндердің жақсылығы болатынына шүбәсіз сенді. Із-түзсіз хабарсыз кеткендердің уайымы тіптен күшті еді, қасіреті «қара қағаз» келгендерден де ауыр болды. Шыны керек, кейбір шолақ ойлы ауыл белсенділерінің оларға деген көзқарасы басқаша қалыптасты. Хабар-ошарсыз кеткендерді жау жағына шығып кеткен деп есептеп, ауылдағы туыстарына сенімсіздік білдірді. Содан бері де талай уақыт өтті, сол балалардың ең жасы бүгіндері тоқсанда, арамызда қалмады десе де болады.
Қазақ халқының басында болған нәубет жылдар қияндағы Қарасу ауылын да айналып өтпеді. Ұлы Отан соғысы жылдары, ел басына күн туған шақтар, тылдағы ауыр еңбек, аш қарын бала, бауырындағы баласынан айырылған ана, қарындас бауырын іздеген аға, қайсысы болса да тарихта ұмыт қалмауы тиіс. Әйелдер, аналар, өсіп елінің көркі болуы тиіс арулар өмірін, олардың сол жылдардағы көрген бейнеті мен еткен еңбегін келер ұрпақ жадында ұстауы керек.
Біздің елде өмір сүрген Кенбай апа атанып кеткен шешеміздің жалғыз ұлын соғысқа алып кетеді. Баласынан қара қағаз алса да, «әлі де тірі» деп жүрегі сенбей, өмірінің соңына дейін жалғыз қарашығын күтумен жүрді. Әр сырттан келген адамның тықырына, қолынан түскен кесенің сылдырына «әне, Амандық келді» деп алаңдап өткен кейуананың үміті мен зары көңіліңнен өшпейді екен.
«Хабарсыз кеткендер қаншама. Оның салған салмағы да оңай болмады. Менің анам Әуесханқызы Мақпузаның хабарсыз кеткен әкесін өмірінің соңына дейін үзілмейтін үмітпен қалай күткені осы күнге дейін есімнен кетпейді. Жеңіс күні 9 мамыр қарсаңына орай радиодан хабарсыз кеткендердің анықталған тізімін жариялап тұратын. Анам жыл сайын радиоға құлағын түріп, зор үмітпен тыңдайтын және соңында көзінің жасын бір сығып алатын. Сонда да үмітін үзбейтін. Соғыстан кейін дүниеге келгендер соғыстың салған өшпес қасіретін осындай көріністер арқылы сезіндік…», – дейді ардагер ұстаз Гүлсері Ермекбаева.
Сол бір жылдары апталдай азаматтың шаңырағының берекесі болып отырған әйелдер азаматынан, ұлынан, бауырынан, қыз балалар әкесінен, аға-бауырынан айрылды, көбінен қара қағаздар да келді. Бірақ қолдарына қара қағаз тигенмен, көңіл шіркін алаңдап, екі көздері төртеу болып, «кебін киген емес, кебенек киген келеді» деп бір үміттің жетегінде өмір сүрсе, бір жағынан белі қатаймаған, буыны қатпаған жастардан бастап ел анасы болып отыратын шағында әжелеріміз де өмір тауқыметін кеше отырып, әрі соғысқа кеткен жақындарын жоқтай жүріп, аптап ыстықта, қақаған аязда ер азаматтар көтеретін жүкті көтерді. Сөйте жүріп біріне бірі сүйеу, құлағанға демеу бола білді, «бөліссең азаяды» деп, ел қайғысын бірге көрді. Осындай салмақта жүріп атқарылған еңбектің бағасы өтеусіз. Осы себептен өткен аналарымыз бен әпке-қарындастырымыз ұмыт қалмасын деген мақсатпен осы еңбекке сол жылдардағы азаматшалардың жүріп өткен жолынан мәліметтер, еңбек еткен жылдары, сіңірген еңбектері, алған медальдары, марапаттары, фотолары енгізілді.
Ағаш жапырағымен көрікті болса, адам ұрпағымен көрікті. Ұрпақтар байланысы үзілмесін, бабаның балалары өткендердің алдында бір парызын өтей жүрсін, тарихта қалған аналарымызды, қыздарымызды білсін, оларды арқа тұтсын деген ниетпен осы кітап жазылды. Белі қатпаған бала мен жер таянған қарттың тізімнен қалып қоймауын да қатты қадағаладық. Алла ісімізді оңынан қылғай!
«Қара кемпір» әр ауылда болған
Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Мұқағали Мақатаев
Жаһан соғысының қиыншылықтары көптеген отбасыға оңай тиген жоқ, оның зардаптары жылдар бойы ұмытылмады. Талай әже үмітін үзбей батысқа қарап жалғызын күтті, майданнан оралмаған жарын тосты. Ухілеп жүріп күнін өткізді, сол күндермен қоса өмірі таусылды, сөйтіп барып тыншыды. Талай миллиондаған адамдарды әкесі мен жарынан, ұлынан айырған сұм соғыстың біткеніне биыл 80 жыл.
Жалғызын күтіп, сағыныштан сарғайған ананың бірі – Есенбала әжеміз. Тағдырдың жазуы шығар, 20 жасқа енді толған баласы Әмірқұл 1939 жылы өзінің қатарластарымен әскерге аттанды. Артында бір жасар ұлы Қайырқұл, жары Нәбия қалды. Омарханов Әмірқұлмен әскерге бірге аттанғандар: Малгаждаров Шұғай, Қасымов Рахмедия, Әлібеков Есен, Хамзин Рысбек, Сағымбеков Шармұханбет, Қалиев Аужан, Қаракөзов Қайырқұл, Жұмабай, Ақшолақов Қойшыбай, Мұқатаев Қараша, Махин Амандық т.б. азаматтар.
Соғыс басталғаннан ел тұрмысы ауырлады, ер-азаматтардың орнын әйелдері басқанымен, көңілі жарым жандардың жұмысында толық береке болмады. Кейбір жұмысқа бота тірсек қыздар, буыны қатпаған жасөспірім балалар, ақ жаулықты аналар жегілді. Бәрінің ойында бір түйір дән болса да майдан даласынан табылса деген қамқор тілек. Өздері ортақұрсақ бола тұра, жеңісті жақындатсақ деген ниетпен еңбек етті. Сол ақжаулықты әжелердің ортасында Есенбала әже де жүрді. Майдан даласынан келіп жатқан әрбір хат ауыл үшін қуаныш еді, әрі әрбір үйде оқылатын. Хат оқылған сайын біздің үйдің адамының аты аталар ма екен деген тәтті ой барлығының миында жаңғырып тұратын. Сағымдай болған ол күндер де өтті.
Қарғыс атқыр соғыс та аяқталды, бірақ жалғыз ұлдан хабар болмады, ең болмаса «қара қағаз», қаралы хабар келмеді. Сол себепті ұлы бұл өмірде жоқ дегенге ана шіркіннің жүрегі сенбеді, бар алданышы Қиыр Шығыста ауылдастарымен бірге түскен суреті. Жалғызының суретін көрген сайын жүрегі езіледі, бір жағы жастай қалған келіні Нәбияны да аяйды. Аяғаннан не пайда, қолдан келер қайраны тағы жоқ.
Күні бойы таяғына сүйеніп, көзін күннен көлегейлеп батыс жаққа телміре қарағанымен, үміті ақталмады, көңілдегі сартап сағыныш басылмады, күннен күнге үдей түсті. Жасынан қажырлы еді, екі рулы елге бас бола білді, қадірін білетіндер төрге оздырды. Алайда ұлын күткен үміті қайратын да жасытты. Жасымағанда қайтсін, Әмірқұлмен бірге кеткендер отбасын құрып, тойын тойлап, шат-шадыман өмір сүріп жатса. Оларды қызғанбады, тағдырына налыды, арасында ертеректе бір атасының берген кері батасының әсері ме деген күдіктің де ұялайтыны рас.
Батысқа қарай-қарай көзі талды. Жалғызының бұл өмірде жоқтығына сенбеді. Бүгін келмесе ертең келеді деген тәтті сезімде өмір сүрді. Сүрді деген аты. Жүрек шіркін қашанғы шыдас берсін, шыдамады. Күннен күнге денсаулығы нашарлағанмен үміті үзілмеді. Әрбір дыбыс жалғызының келе жатқан хабарын алып келе жатқандай елегізіді. Соңғы кездері түсіне кіруді де қойды. Тәтті қиялдарға беріліп, тілдескендей болып жүруші еді. Алла Тағала оны да көп көрді. Түсіпханға айтып қойғаны бар: «Бір жылқыны қысы-жазы бабында ұста, Әмірқұлым келе қалса, адам айтқысыз той жасаймын» деп.
Бүкіл Қазақстанды шарлап кеткен «Қара кемпірдің» зары бүкіл аналарға тән ортақ зар еді. Әндегі айтылатын қаракемпірдің әр ауылда бірнешеуі болған, соның бірі тағы осы Есенбала әжеміз. Бауыр еті баласын соғыс жалмаған аналар өмір бойы баласының есімін айтып өтті, сөзінің басы да содан басталатын. Үйдің есігі ашылса жақсы хабар әкелетіндей елегізіп отыратын еді қайран әжелер. Адам баласының басына бермейтін осы қасіреттің біздің ауылдардан орын алғаны үлкен өкініш. Жауыңа тілемейтін қасірет енді қайталанбаса екен дейміз.
Мақсат орындалды
Сол бір өмір үшін кескілескен айтуға ауыр шайқастардың тарихы көмескіленіп, жадымыздан шығып алыстағанымен, Отан үшін от кешкен әкелеріміз бен аталарымыздың қаһармандық істері арада 80 жыл уақыт өтсе де, мынадай бейбіт күнді қолдарымен алып берген майдангерлердің ерлігі ескірмейді, оларды еске алып, ардақтау ісі жалғаса береді. Әкелеріміз бен аталарымыздың көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен қаһармандық істері жадымызда жақсы сақталған. Осы орайда, ұлы мереке қарсаңында қан майданға қатысып, тылда еңбек еткен аталарымыз, әкелеріміз, ана-әжелеріміз, яғни Айтбай-Айтқұл ұрпақтарының атын тарихта қалдыру мақсатында Серік Рымбек ұлы бауырымыздан ұсыныс түсті. Майдан, тыл ардагерлердің тізімін жасап, майдандағы, тылдағы ерліктері жайлы деректер жинап, кітап шығару ісіне шұғыл кірісіп кеттік. Бұл мәселе менің де көкейімде жүрген болатын. айттық. Жоспар құрып, нақты іске кірістік. Кітап болмаса да, кішігірім кітапша шығарсақ болар деп ойладық.
Алғашқы қадамымызды Серік Рымбекұлы, Ермек Сембек үшеуміз баба басына барып, әруақтарға дұға бағыштап, аталарымыздың разылығын алудаң бастадық. Сол жерден бауырларымызға бейне үндеу жолдадық. Алдымызға қойған мақсатымызды жарияладық. Біздің бастамамыз ағайын арасында қызу қолдау тапты. Үлкендеріміз – Әділ Қадырұлы ағамыз, Хакім Әбдіғұлұлы, Жансері Омарұлы, Мекен Хамитқызы апайымыз өздерінің ақжарма тілектерін білдірді. Дереу уақыт өткізбей бауырларымыз ардагерлеріміз жайында дерек-мәліметтерді жинауға кірісіп кетті.
Сонау соғыс кезінен қалған, сақталған құжаттар орыс тілінде, қағаздары сарғайған фото-суреттері тозған анық көрінбейді. Осындай айғақ-теректерді қалпына келтіру, орыс тілінен қазақ тіліне аударып өңдеп кітапқа кіргізу біраз қиыншылық туғызды.
Алдымызға мақсат қойғаннан кейін ардагер ата-әже, әке-апаларымыздың рухы үшін туындаған мәселелердің бәрін орнымен шеше білдік. Кейбір мүмкіндігі келмеген бауырларымызға естеліктерін жазуға, фотосуреттерін өңдеуге нақты көмегімізді көрсеттік. Кейбір байланысқа шыға алмаған, аздап самарқаулық танытқан бауырларымызды қозғауда Серік Рымбекұлы көп қимыл жасады. Жиналған мәліметтер, деректерді құрастырып, баспаға дайындау жұмысын бастап кеттік…
Бауырларымыз кітапты бастыруға және кітаптың тусаукесерін өткізіп ардагерлеріміздің рухына арнап ас беруге керекті қаражат жинау ісінде үлкен белсенділік көрсетті. Баба ұрпақтары Ә.Қадырұлы, Х.Әбдіғұлұлы, Р.Манарбекұлы, Б.Кенбайұлы, А.Тонтайтегі, Г.Оңалысқызы, Ж.Оразайқызы, Қ.Әбілдина, Р.Жақанқызы, Н.Өлмесұлы, Қ.Тайтөлеуұлы, Г.Тоқтамысова, Ж.Мұқанов, К.Әпендина, Г.Омарқызы, Р.Қауғабаев, Т.Ермағанбетұлы, Ө.Әбілмашұлы, Д.Шәкірбекқызы, А.Мұратұлы, Р.Көкжалов, Б,Хабиқызы. С.Шаймерденова т.б. кітап материалын жинауда белсенділік көрсетіп, қолдарынан келген көмектерін аямады.
Жарық көрген газет пен кітап материалдары авторларының суреттерін қоса беруді дұрыс деп таптық. Өйткені олардың көбі қаламгерлер, суреттері осы материалдармен бірге жарияланған болатын. Кітабымыз бес тараудан тұрады. Төрт тарауға алғысөз жазған авторлардың суреті материалмен бірге басылды.
Қолымыздан келгенше, жазбалардың бәрін өңдеп, кітаби қалыпқа келтірдік. Адамның намысына тиетін сөйлемдерді алып тастадық. Соған қарамастан, кітабымызда кемшіліктер кездесуі мүмкін. 150-ге тарта адам қамтылды, оның бәрін дұрыстап реттеу де оңай жұмыс емес. Қалай болғанда да, ұмытылып бара жатқан аталарымызды бір түгендеп алдық, шашыранды тарихымыз бір орталыққа топтасты, басқа жұрттарға үлгі боларлық маңызды жұмыс жасалды. Мұның бәрі сіздердің қолдауларыңыз бен ұйымшылдықтарыңыздың нәтижесінде болып жатқан өркенді жұмыстар.
Айтбай-Айтқұл Бабаларымыздың ұрпақтарының асқан көрегенділігі мен ауызбірлігінің арқасында қолға алған ісімізді ойдығыдай іске асырдық, 299 беттен тұратын «Парыз» атты кітабымызды баспаға тапсырдық. Алдағы 9 мамыр күні Ақшатау кентінің мешіт үйінде тұсаукесер рәсімін жасамақпыз.
Осы сауабы мол, қасиетті шарамызды іске асыруда атсалысқан бауырларымызға алғыс білдіремін. Ардагерлеріміздің аруағы шат болсын!
Темірбек ТӘКІБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Айтбай-Айтқұл» қорының басқарушысы