Ұста болу – ұлт болмысына қызмет қылу

Көшелі елдің кемел өнеріұстаның қолынан, ұлттың жүрегінен шыққан. Қазақ халқының мыңжылдықтармен сабақтас қолөнер дәстүрін бойына сіңіріп, сан ұрпаққа жалғап келе жатқан Қылышбек Құрмантегі бүгінде 60 жасқа толып отыр. Ұлттың ұмыт бола бастаған ұстанымын тірілтіп, темір мен ағашқа жан бітірген шебер бұл күнде елімізге танымал қолөнер иесі атанды.

Қылышбек шебердің бойындағы ұста өнерінің тамыры тереңде жатыр. Ол – ата-баба кәсібін жалғап келе жатқан жан. Арғы бабасы, Арқаға аты мәшһүр Құлмағанбет Байбақыұлы (1827-1893) – кезінде қазақ даласының ең мықты ұста, ағаш пен темірдің сырын білетін зергерлерінің бірі болған. Құлмағанбет ұстаның 1883 жылы Омбыда өткен халықаралық көрмеге қатысып, шеберлігімен талай елді таңдай қақтырғаны тарихта қалған. Тіпті сол көрмеде француз фотографы Буланже оны суретке түсіріп, мәңгілік бейнелеп кеткен. Сол суреттің көшірмесі Қылышбек ұстаның шеберханасының төрінде ілулі тұр. Қасында – көненің көзі, бабадан жеткен қымыз ожауы. Бұл – ұстаның өмірлік бойтұмары десек те болады. Қылышбек Құрмантегі алғаш еңбек жолын етік тігуден бастаған. Алайда өнері мен өресі оны бір орында тоқтатып қойған жоқ. Уақыт өте келе ағашпен жұмыс істеуді, кейіннен темір мен зергерлік бұйым жасауды меңгеріп, нағыз әмбебап ұстаға айналды. 2022 жылы Қарағанды қаласынан ашылған «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығы Қылышбек шебердің шығармашылығына тың серпін берді. Бүгінде ол осы орталықта шәкірт тәрбиелеп, ұлттық мұраны ұрпаққа аманаттап отыр.

– Бұл жай шеберхана емес. Бұл – ұлттық сана мен рухтың ошағы. Әр шәкіртіме тек бұйым жасауды ғана емес, сол бұйым арқылы тарих пен тектілікті ұғындыруға тырысамын, – дейді Қылышбек Құрмантегі.

Оның шәкірттері тек Қарағанды қаласынан ғана емес, Қарағанды облыстарынан да келіп, ат әбзелдері мен ағаш бұйымдарын – ожау, домбыра, сандық, кебеже жасауды үйреніп жүр. Кейбірі зергерлік өнерге ден қойып, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғуды меңгере бастады. Ұста Қылышбек тек жаңа дүние жасаумен шектелмейді. Ескі домбыраны, көнерген бұйымдарды қалпына келтіріп, оларға қайта жан бітіретін сирек шеберлердің бірі. Оның қолынан шыққан әр бұйым – тарих пен өнердің тоғысы, рух пен шеберліктің жарасымы.

– Мен үшін ұста болу – тек кәсіп емес, бұл – ұлт болмысына, ата-баба аманатына қызмет ету. Әр бұйымда біздің тарихымыз, дүниетанымымыз, салтымыз бен сеніміміз жатыр. Сол құндылықтар ұмыт қалмасын десек, қолөнерді қолдаудан, жастарды үйретуден еш жалықпауымыз керек, – дейді Қылышбек Құрмантегі.

Мерейлі жас – мерейлі белес. 60 жас – шығармашылық шебер үшін шыңға шыққан тұсы. Қылышбек Құрмантегі бүгінде бір ғана ұста емес, ұлттың мұрасын жаңғыртушы, шынайы ұстаз, руханияттың жүгін көтеріп келе жатқан азамат. Ұлттық құндылыққа деген құрметін ісімен дәлелдеп жүрген Қылышбек ұстаның еңбегі – елге үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге.

Айдын ТОНТАЙТЕГІ,

журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *